Озық технология – қауіпсіз ота кепілі

Облыстық аурухананың базасында алғаш рет эндохирургия мектебі ашылды.  Мақсат – қауіпсіз ота жасаудың тың әдістерін енгізу. Эндоскопиялық хирургияның тиімділігі – адамға ота пышақсыз жасалады. Бүгінде эндохирургиялық оталар Рудный, Лисаков, Жітіқара, Әулиекөл мен Меңдіқарадағы емдеу мекемелерінде жасалып жүр. Дегенмен, жергілікті мамандарға әлі де біліктілікті арттырып, тәжірибе алмасқан артықтық етпейді. Маңызды шараға медицина ғылымдарының докторы, Астана медициналық университетінің профессоры, Қазақстандық эндоскопиялық хирургтер қауымдастығының президенті Владимир Котлобовский, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, қазақстандық хирургтер қауымдастығының құрметті мүшесі Серік Тоқпанов, жоғары санатты хирург, репродуктивті медицина институтының бас дәрігері, қоғамдық гинекологтар-эндоскопшылар бірлестігінің вице президенті Данияр Жақыпов шақырылды.
хирургия3Еліміздің жетекші мамандарының қатысуымен үш күн бойы облыстық көпсалалы және облыстық балалар ауруханаларының базасында 13 ота жасалып, хирургтар тәжірибе алмасатын болады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы В.Дудниктің айтуынша, эндохирургия мектебі аз инвазивті және қауіпсіз технологиялардың дамуына көп үлес қосып, облыстың денсаулық сақтау саласының дамуына да қуатты серпін бермек. Сондай-ақ, жоғары мамандандырылған ғана емес, қауіпсіз медициналық көмек көрсетудің де даму маңыздылығын еске отырып, мектеп аясында жергілікті хирургтар, гинекологтар, балалар хирургы және де операциялық мейірбикелер үшін де шеберлік сыныптары өткізілетін болады.
хирургия2
-Эндоскопиялық хирургиялық қызметті дамытуға арналған үш күндік шара барысында Астана мен Ақтөбеден келген білікті хирург мамандар онлайн режимде сынып сабақтарын өткізеді. Кейін Ресейдің жетекші профессорларын шақыру жоспарымызда бар. Бүгінде біздің облыста кардиохирургиялық оталар сәтті жасалып келеді. Жақында Рудный қаласында жүрекке күрделі ота жасалады. Ал, хирургия мектебі біздің мамандардың біліктілігін одан сайын арттырады деген сенімдемін, – дейді В.Дудник.
Облыстық аурухананың бас дәрігері Юрий Моисеев те эндохирургиялық мектептің ашылуы бұл облыс өміріндегі маңызды шара екендігін айтады.
-Эндохирургия мектебі мамандарға көп пайдалы ақпарат береді, бұл операция барысын онлайн-режимде көруге, кең тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Шақырылған жетпіске жуық оқушының арасында тек хирургтар мен гинекологтар ғана емес, терапевтер мен операциялық медбикелер де бар. Себебі, терапевтер қандай жағдайда конвервативті ем емес, хирургиялық араласу қажет екенін білуі тиіс. Медбикелер де эндоскопиялық құрылғыларды дұрыс пайдалануды, эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қабілетті болуы керек, – дейді бас дәрігер Ю.Моисеев.
хирургия1
Қазақстандық эндоскопиялық хирургтер қауымдастығының президенті Владимир Котлобовскийдің сөзінше, біздің елімізде эндоскопиялық хирургия тәсілі отыз жылға жуық қолданылып келеді. Бұл сала осы уақыт ішінде түрлі даму кезеңдерінен өтті. Урология, гинекология, балалар хирургиясында күрделі диагностикалар мен оталар жасалды. Бұл саланы жетілдіру үшін хирургтар үнемі ізденісте болып, әлемде болып жатқан соңғы жаңалықтар мен технологияларды енгізуге ұмтылыс жасауы тиіс. Сондықтан астаналық мейман үш күнге созылған шараның қостанайлық мамандарға өз нәтижесін беретініне сенімді.
Ал, еліміздегі эндоскопиялық хирургияның негізін қалаушы Серік Тоқпанов эндовидеохирургияның дамуымен қазақстандық медицина тарихындағы жаңа кезеңнің басталғандығын айтады. Бүгінде елімізде жоғары сапалы медициналық қызметтер алу және жоғары білікті мамандарды даярлау үшін қажетті жағдайлар жасалуда.
хирургия5
-Эндоскопиялық хирургияның маңызы өте зор. Мәселен, бұрын зоб ауруы, яғни тамақтағы безді алып тастау үшін мойынды кесіп ота жасаушы едік. Ауруларға операцияның осылай жасалатынын айтудың өзі қорқынышты еді. Әсіресе, әйел адамдар үшін қиынға соғатын. Ал, қазіргі жаңа тәсілмен, яғни өңешке қолтықтың астымен кіреміз. Тағы бір күрделі ота, ол өңештің жарығы. Оның өзінің диагностикасы да, операциясы да оңай емес. Осындай күрделі оталарды біз үш күн бойы қостанайлық хирургтармен бірігіп жасайтын боламыз, – дейді С.Тоқпанов.
хирургия4
Айта кетер жәйт, өңірде эндохирургияны дамытуға жергілікті билік те қолдау көрсетпек. Осы орайда, биыл облыстық ауруханаға эндоскопиялық жабдықтар сатып алынбақшы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓