Қайырымдылық – қастерлі іс
ҚР Тұңғыш Президентінің қоры мен іскер әйелдер қауымдастығы, «Хабар» агентігі ұйымдастырған «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауы одан әрі жалғасады. Байқауға әлеуметтік, қоғамдық проблемаларды шешуге және өздерінің жомарттығымен басқаларды мейірімділікке ынталандыруға үлес қосып жүрген жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.
Осыған байланысты Қостанайдағы іскер әйелдер қауымдастығы филиаланың өкілдері журналистермен баспасөз алаңында кездесіп, байқаудың мән-маңызы туралы жан-жақты айтып берді.
-Қайырымдылық қазақтың қанында бар, қастерлі іс. Ол адамды ынтымаққа, мейірімділікке тәрбиелейтін тамаша құрал. Бұдан әйелдер қауымдастығы қалай сырт қалуы тиіс? Байқауға берген материалдарды «Асар», «Туған жер», «Батыл жүрек», «Мейірім жолында», «Қайырымдылық тарихы» атты бес аталым бойынша бағалайды. Онда ең бастысы, біздің еліміздегі адамдар қолымен, жүрегімен жасалатын тамаша істер көрініс табады,- дейді облыстық іскер әйелдер қауымдастығының атқарушы директоры Балбөпе Ертаева.
Жалпы, өңірде іскер әйелдер қауымдастығының жұмыс істегеніне жиырма жылдан асып кетті. Осы аралықта ұйым қоғамдағы белсенділігімен ерекшеленді.Қыз-келіншектерді бизнеске баулуда, әйелдердің саяси белсенділігін арттыруда көптеген жұмыс атқарды. Бүгінгі таңда облыста кәсіпорындар мен шаруашылықтарды басқаратын әйел-азаматшалар аз емес.
Іскер әйелдер қауымдастығының басты ұстанымы – қайырымдылық жасау. Ұйым әлеуметтік жобаларға белсене қатысады. Олар облыс өңірінде көптеген қайырымдылық шараcын өткізеді. Мәселен, ұйым 2016 жылы ауру баланың емделуі үшін 850 мың теңге берген. 2017-2018 жылдары «Жанұя» облыстық балалар үйіне көмектесті. Іскер әйелдер қауымдастығы ата-ана қарауынсыз қалған және әлеуметтік аз қорғалған отбасылар балаларына көмек акцияларын жиі ұйымдастырады. Республикалық Іскер әйелдер қауымдастығы биыл елімізде бірінші рет өтіп отырған «Қайырымдылық керуені» байқау-акциясы құрылтайшыларының бірі ретінде белсенді ұйымдастырушы-жүргізуші болып отыр. Журналистер үшін өткізген брифингте Іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері байқау-акцияның шарттары мен уақыты туралы айтып, сұрақтарға жауап берді.
Әлібек ЫБЫРАЙ