Шектен шыққан шенеунік
ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті қалалық инспекциясының басшысы Арман Жанзақов пен оған бағынышты қызметкерлерге қатысты іс Қостанайдың әдеп кеңесінде қаралды. Бұл туралы ҚазАқпарат Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. Әдеп жөніндегі кеңестің хатшылығы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің материалдары бойынша мемлекеттік қызметке нұқсан келтіретін фактіні талқылады.
Атап айтқанда, Қостанай қалалық ветеринарлық комитеттің басшысы А.Жанзақов «Аян-Озат» ЖШС өкілі Н.Гандзий, жеке кәсіпкерлер В.Варданян және Е. Дерийден ақша алғаны, сондай-ақ, жұмыс орнында әріптестерімен ішімдік ішкені үшін қызмет әдебін бұзған.
Бұған қоса, ол қызметтік көлікті жеке мақсаттарына пайдаланып, өзіне бағынышты қызметкерлерге өзінің жаңа дипломын көрсетіп, сол үшін ақша талап еткен. Бейнематериалдарда белгілі болғандай, А.Жанзақов ұлының үйленгенін тойлау үшін жұмыс орнында отырыс жасаған. Шенеунік пен оның әріптестері бұл фактіні жоққа шығармады, алайда А.Жанзақов кәсіпкерлерден ақша алғанын мойындаған жоқ.
Этикалық кеңестің мүшелері Арман Жанзақовты қызметтен босатуды ұсынды. Қалған қызметкерлерге қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылады.