40 мыңды місе қып…
Халық арасында сауалнама жүргізген Ұлттық банк қазақстандық отбасылардың тек 10 пайызының ғана табысының 300 мың теңгеден асатынын анықтады. Есесіне, отандық отбасылардың 5 %-ы 40 мың теңгені місе тұтып отырған көрінеді. Қалған жұптар 70 мыңнан 300 мыңға дейін кіріс кіргізіп отыр, – деп хабарлайды ҚР Ұлттық банк баспасөз қызметі.
Ұлттық банктің сұрақтарына жауап бергендердің барлығы да материалдық жағдайларының алдыңғы жылмен салыстырғанда еш өспегенін мәлім еткен. Тұрғындардың басым бөлігінің екінші деңгейлі банктерді былай қойғанда, үйлерінде де басы артық қаржысы жоқ. Тек отбасылардың 20 % ғана қаржылық қорының барын мәлім еткен. Сауалнамаға қатысқандардың 60 % доллар бағамының әлі де өсеріне сенімді. Осыған қарамастан, қазақстандықтардың 4/1 бөлігі биылғы жылы экономикалық жағдайдың тұрақтанатынына сенімді. Сауалнамаға қатысушылар еліміздегі экономикалық жағдайдың толық түзелуіне 5 жыл қажет екенін атап көрсетіпті.
Жалпы, былтырғы жылдың соңғы айында ел ішіндегі инфляция 5 % болады деп күтілген еді. Шын мәнісінде көрсеткіш болжамнан 0,3 % асып түскен. Сауалнамаға қатысқандардың 40 % былтырғы жылы баға тұрақты болды десе, қалғандары азық-түлік құнының шарықтағанын алға тартыпты. 2019 жылдың алғашқы айында бағаның осы қалпында сақталарына осы кісілер күмән келтірген. Ұлттық банктің статистикасын түзуге қатысқандардың тең жартысы бағаның алдағы 12 айда 6-10 % көтерілетінін болжаса, қалғандары 20 % жететініне сенімді.
Ұлттық банктің мұндай сауалнаманы ай сайын, телефон арқылы жүргізетінін айта кеткен жөн. Бұл жолғы сауалнамаға 1500 адам қатысқан көрінеді.
Ж.Кәкімжанов