«ҚМУ CUP-10»: ӨРЕЛІ ОЙ, ТЫҢ ИДЕЯ

Дәстүрлі сайыстың ашылу салтанаты А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің бас ғимаратында өтті. Халықаралық турнир мәртебесін иеленген турнир әнұранмен басталды. Университет проректоры Орынбай Тағаев қатысушыларға сәттілік тіледі.
Концерттік кеште Нұрислам Жұмакенов, Нұрсұлтан Қасым, Гүлдана Әбдібаева, Эльмира Егізбай сынды жастар өнерлерін көрсетті.
Дебатқа еліміздің барлық облыстарындағы жоғары оқу орындары мен Ресей елінің командалары қатысты. Ұйымдастырушылардың мәліметіне сүйенсек, барлығы 160 қатысушы және 80 команда тіркелген. Онынышы рет өткізілген «ҚМУ CUP-10» Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі тақырыбын арқау еткен. Сайыс қазақ және орыс тілінде өтті. Атап кеткен жөн, осы турнирдің бас төрешілері – «Ахмет ұрпақтары» пікірсайыс клубының негізін қалаушы Жанболат Әбілов пен Алтынгүл Қауменова.IMG_1381
«ҚМУ СUP-1» тұсауын кескен 2006 жылдан бері «Ахмет ұрпақтары» дебат клубының жеткен жетістіктері толайым. Халықаралық, республикалық турнирлерде топ жарып, университеттің намысын жоғары деңгейде қорғап жүр. Соның бір дәлелі, «ҚМУ СUP» жарысында үздік төрелік танытқан Жанболат Кенжеғұл – жергілікті топтың белді мүшесі.
          Парықты пікірлер сыналған сайыста қоғамдық-саяси жағдайлар, жаҺандық маңызды мәселелер, мәдениет және ана тілді ортақтастырудың тиімді механизмдері талқыға түсті. Олардың ішінде қазіргі сән үлгілерінің қоғамның рухани дамуындағы орны, жаһандану үрдісінің пайдасы мен зияны, өрт сөндірушілердің қызметі сияқты өзекті тақырыптар бар.
Үш күнге созылған турнирдің қазақ лигасында құрамында Ықылас Жеткер, Әбдіғалиев Жандәулет сынды пікірсайысшылары бар астаналық "Болат" командасы бірінші орынды иеленді. Екінші сатыдан «Мәкең үшін» құрамасы (Ермек Елбергенов, Салтанат Тұрсынханова) көрінді. Үштікті елордалық тағы бір команда – «Боинг-777» қорытындылады. Орыс лигасының бас жүлдесін «Феминист» (Евгений Бедыч, Владимир Язовских), екінші орынды «Искусство войны» (Бауыржан Тілеуғалиев, Меркеш Райымбек), одан кейін  «12 лет дебатов» ( Бекзат Тасмағамбет, Алмас Сатпаев) құрамасы жайғасты.
Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен түрлі жолдамалар табыс етілді.
 
IMG_7039Орынбай Тағаев, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің бірінші проректоры: 
Жастар – ел болашағы. Олар еліміздің әлеуметтік, экономикалық және мәдени өмірінің барлық салаларына тікелей қатысты, болашағы зор қоғамның маңызды бөлшегі. Қазіргі таңда жаңа көзқараспен қарайтын жалынды жастар еліміздің даму үдерістеріне белсене қатысып келеді. Мемлекеттің бүгінгі  жастары  жаңа жағдайда заманауи мемлекеттің жасап жатқан сындарлы саясатының арқасында алысқа қол сермеп, әлемдік деңгейдегі ұстанымды игеріп, келешектің кілтін өз қолдарына алуда. Осы турнирдің мақсаты – бүгінгі жаһандану дәуірінде Қазақстан сияқты жас мемлекеттің ары қарай дамуы үшін өз болмыс-бітімін, ана тілін, ұлттық рухын, намысын сақтап қалуы жолында қоғамның өзекті мәселелерін талқылап, жастардың бойындағы патриоттық сезімін күшейту. Жастар өздерін  ұлтжандымын деп ұғынып, өн бойларындағы ұлттық намысын жоғары қою керек. Олар тәуелсіз елдің  айқын  мақсаттарымен  жігерленіп, тек қана алға ұмтылуы үшін жұмыс жасаймыз.
 
IMG_4705Болат Қалиев, «Жастар бастамалары орталығының» жетекшісі:
Солтүстік аймақтағы жетекші оқу орны А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ халықаралақ пікірсайыс турнирлерін жыл сайын ұйымдастырып келеді. Соның дәстүрлі жалғасы – университет ректорының кубогі үшін өткен «ҚМУ CUP-10» турнирі. Бұл ҚР пікірсайысы бойынша жоғары деңгейдегі жарыс.
Қазір әлемде болып жатқан саяси оқиғалар мен экономикалық дағдарысқа Қазақстан сапалы түрде дайын. Осы дебаттың көздегені де елдің дамуы үшін өз ойын ашық, нақты жеткізе алатын жастарды анықтау еді. Турнирге қатысқан пікірталасшылардың арасында олқысы жоқ. Әр облыстан келген сөзге шешен, ұшқыр ойлы азаматтарға қарап тамсанасың. Мемлекеттің болашағын бүгінгі  жастарына  қарап бағамдау ежелден бар тәмсіл. Еліміздің  ертеңгі  иелері  саналатын жас өрендеріміз отансүйгіш, белсенді, білімді, бәсекеге  қабілетті  болса, келешек те  кемел деген сөз.  2050-жылға қарай әлемнің  ең дамыған 30 елінің қатарына  кіруді  мақсат еткен Елбасы Жолдауында  да жастарға артылар жауапкершілік жүгі мол. Осыны ескерген «Жастар бастамалары орталығы»  жас өрендердің қоғамдағы  белсенділігін арттыру мақсатында көптеген шараларды  қолға  алуда. 
 
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттерді түсірген Бағдат Төлебай
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓