Қылқаламға тіл бітірген
Қостанайлық Мәди Шәкіров танымал жұлдыздардың портреттік бейнесін, киімге түрлі графика салумен айналысады. Сурет өнерінің сан қырын меңгерген дарын жеке шығармашылығы туралы айтып берді.
Мәди бала кезінен қолына қылқалам алған. Содан бері суретшілік өнері арқылы көпшіліктің назарына ілігіп, көрермендерінен лайықты бағасын алып келеді.
«Менің өнерім басқа адамдарға қуаныш сыйласа, өзім де риза боламын. Сурет салу қабілеті, әрине, барлығына бірдей толықтай дарымайды, бірақ оны жетілдіру арқылы бір нәтижеге жетуге болады. Кез келген істі бастау жолында маған ата-анам әрдайым қолдау көрсете білді. Жақындарымның қолдауы арқасында қазір мен жалпы сурет салу және киім үлгілеріне бейне жасау өнері бойынша мастер класс өткізіп жүрмін» ,- дейді Мәди.
Ол портреттік бейне салумен қатар, натюрморт, абстракция, сюрреализм және пейзаждық бағыттарын дамытуда. Суретшілік өнері жас жігітке танымал әртістермен танысуға мүмкіндік туғызды.
«Әрине, кез келген істің өзіндік қиындықтары бар. Мен де бірталай кедергілерге кезігетінмін, бірақ ісімді соңына дейін жеткізе алдым. Менің мақсатым – көпшіліктің қажеттіліктерін қанағаттандыру және жаңа белестерге қол жеткізу. Қазіргі таңда көздегеніме жету үшін өзімнің жеке стилімді қалыптастырып, киім үлгілерінің заманауи тұстағы брендін құрастыру жолындамын», – деп пікір бөлісті Мәди Шәкіров.
Ділназ НҰРЛАНҚЫЗЫ,
Журналистика мамандығының 3-курс студенті