Ағылшын тілін интернет арқылы үйренуге болады
Жылдар зулап, ғасырлар қарыштап өтіп жатса да өз құндылығынан айырылмайтын бір заңдылық бар, ол – еліміздің болашақ иелерінің тәрбиесі мен білімі. Себебі, қазіргідей көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан заманда білімсіз ұрпақтың алар асуы мен шығар шыңын елестету мүмкін емес. Сондықтан да еліміздің іргесі берік, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болу үшін ана тілімен қатар басқа тілдерді де меңгеру керек. Сондай қажетті тілдердің бірі – ағылшын тілі.
Ағылшын тілі – әлем бойынша ең керек, ең қажетті тіл. Себебі алты құрлыққа кең тараған бұл тілде 400 миллионнан астам адам сөйлейді екен. Сондықтан да қатардан қалмай, көшке ілесу үшін де бұл тілді жетік білу керек деп есептеймін. Ал бұл тіліді үйренуде бізге көмекке әлеуметтік желі келетіні анық. Осы желінің дамуымен ағылшын тілін үйрену мүмкіндіктері де өсті. Мысалы, әдістемелік материалдар, онлайн тесттер мен мультимедиялық материалдарды көптеп тауып алуға болады. Тілді жетік меңгерсек, басқа елдердің тұрғындарымен сөйлесіп, ой бөлісеміз, тарихын, мәдениетін білеміз. Желідегі қарым-қатынастың көмегімен адамға жағдайды немесе рөлдік ойынды ойнаудың қажеті жоқ, өйткені ол қазірдің өзінде тірі қарым-қатынаста болады. Ал бір-бірімен сөйлесу тілді меңгерудің ең тиімді жолы деп есептеймін.
Ағылшын тілін білу арқылы біз дамып жатқан технология тілін тез меңгереміз. Сонда ғана біз биік белестерді бағындырып, еліміздің өркендеуіне зор үлес қоса аламыз. Сондықтан да мен өзімнің достарымды, сыныптастарымды, жалпы елімнің жас ұландарын ағылшын тілін үйренуге шақырамын.
Наргиз Еркінқызы,
Амангелді ауданы, Үрпек ауылы,
Жаңа ауыл жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы