Ардагерлердің айтары бар…
Арқалық қалалық ардагерлер кеңесінің кезекті жиыны өтіп, күн тәртібінде кеңес төрағасының жылдық есебі және 2019 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту, ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Қазыналы қариялар» мектебінің жылдық есебі және 2019 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту, ардагерлер кеңесі төралқасының жаңа мүшелерін қабылдау мәселелері қаралды.
Аталған мәселелер бойынша қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәнібек Ғапбасұлы мен мектеп жетекшісі Балтабай Құрманбайұлы есептерін беріп, ардагерлер Төлеухан Әбжамалов, Хамит Досжанов, Орекен Алмат, Молдатай Жапарұлы жарыссөзге шықты.
Бүгінгі таңда Арқалық өңірінде 4248 ардагер бар. Қалаға қарасты 17 ауылдық мекенде Жаңақала ауылының әкімі Тұрсын Байгукин, Родина ауылының әкімі Нақан Шалдыбаев, Восточный ауылының әкімі Алмас Сәрсенбаев, Молодежный ауылының әкімі Еркін Қожахметовтердің қарттарға көрсетіп отырған қызметтері айтарлықтай.
Жыл ішінде ардагерлер кеңесі: пленум, алқа отырысы, ардагерлер жиналысы, актив – кеңестер және жастар мен жасөспірімдер арасында көптеген кездесулер өткізді.
Алдағы жұмыс жоспарда: ардагерлерді мәдени – көпшілік шараларға тарту – шахмат, дойбы, дартс т.б спорттық ойындар арқылы салауатты өмір салтын қалыптастырып білім, денсаулық мекемелерімен бірге атқарылған жұмыстар туралы – ардагерлер кеңесі төрағасының, ардагерлерге көрсетілетін дәрігерлік қызметтері туралы – Арқалық аймақтық ауруханасы мен емханасы, ардагерлерге әлеуметтік көмек көрсету туралы – қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшыларының есептері қарастырылған.
Сондай – ақ, ардагерлер биылғы жастар жылында жас мамандармен айрықша жұмыс жүргізуді көздеп отыр.
Ардагерлер көтерген мәселелер: қалада қарттар бас қосып шүйіркелесетін орын жоқ. Бұл шаруа өзі талай жылдан бері айтылып, таптаурын болуға айналған. Коммуналдық төлемдер азаюдың орнына көбейіп барады. Қалада денсаулық мекемелері қызметтерін тоқтатуда. Жастарға жұмыс табылмайды.
Ардагерлер үйі жақында оң шешімін табады. Денсаулық сақтау мекемелерінің оңтайланып жатқаны мемлекеттік деңгейдегі шара. Қайта қалаға дәрігер мамандар жетіспейді. Сол себепті, қаладан жаңалықты салынатын көпқабатты үйден денсаулық сақтау қызметкерлеріне пәтерлерді көптеп бөлу көзделуде.
Ал, коммуналдық төлемдер жөнінде "НұрОтан" партиясы Арқалық қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Хамзин партияның жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңесі мен партиялық бақылау комиссиясы жұмыс істеп жатқанын, таяуда мекеме басшыларының қатысуымен тариф туралы тыңдалым өткізілетінін мәлімдеді.
Мұрат Жүнісұлы