“Ғасырларға куә болған мемлекет”
Биыл еліміз Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелейді. Атаулы күн өткенге зер салып, арғы-бергі тарихымыздың ашылмаған парақтарын ақтаруға үндейді. Осынау мерейтойға байланысты Л.Толстой атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана көрме өткізген болатын.
"Ғасырларға куә болған мемлекет" атты іс-шараға жергілікті тарихшылар, кітапханашылар, тұрақты оқырмандар қатысты. Облыстық кітапхананың директоры Г.Қазина көрменің мән-маңызына тоқталып, өзінің ой-пікірін білдірді. Ал тарихшы мамандар қазақ қалқының мемлекеттілігі, хандықтың тарихы туралы айтып берген болатын. Көрмеге халқымыздың өмір салтынан, тұрмыс-тіршілігінен, әдебиеті мен мәдениетінен мол ақпарат беретін кітаптар қойылды.
– Қазақ мемлекетінің 550 жылдығын атап өту өте орынды. Әсіресе кейінгі толқын тарихты білгені дұрыс. Осындай іс-шаралар арқылы жастардың арасында тарихи сана қалыптасады, – деді ҚМПИ-ның аға оқытушысы, тарих магистры Рауан Байдалы.
Бүгінде Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алады. Алтай мен Атырау, Алатаудан Арқаға дейінгі ұланғайыр атыраптың иесіміз. Осынау иен дала қазақтарға қалай қалды? Қазақ хандығының 550 жылдығы осы сауалға жауап береді. Бұл атаулы күнді мерекелеу идеясын Елбасы Н.Ә.Назарбаев қолдады. Ұлт Көшбасшысы отандық жетекші телеарналардың өкілдерімен сұхбатында "Біз кеше ғана аспаннан салбырап түскен халық емеспіз. Біздің тарихымыз бар. Ол тарих бүкіл Қазақстанның жерінде сайрап жатыр" деді.
Қымбат
ДОСЖАНОВА
Суретте: бір топ оқырман көрмені тамашалауда.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.