Мүсіндегі РУХ Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткерi, ҚР Суретшiлер одағының мүшесi, мүсiнші Тiлеубердi Мелдешұлы Бинашевпен сұхбат

"Мен Тілеубердінің өзінен бұрын өнерімен таныспын. Қажымұқанмен дәмдес болғанымда оның тұлғасын қалай танысам, балуанның мүсін өнерінде Тілеуберді дәл солай, айнытпай сомдаған.
                (Дінмұхаммед Қонаев)
IMG_0135Ж.А. – Сіздің Қостанайға неге келгеніңіз оқырмандарымызға аян. ("ҚТ"30.07.14)  Ендігі әңгіме өзіңіз туралы. Сайын далада өскен бәкенедей ғана сарыдомалақ бала мүсінші болам деп армандады ма екен?
Т.М. – Иә, аптап қапырық ыстықта сусыма бұйрақұм кешіп, жантақтың тікендеріне "таланып", боз жусанның исінен кеуде сарайымыз ысталып ержеттік. Қой-ешкінің сүтін ішіп, малдың қиына піскен таба нан жеп өстік.  Кішкентайымда жыбырлақ, тынымсыз болыппын. Аршагүл ше-шем  үйден бір жаққа кеткенде, мені Гүлжауһар әпкеме тастайды екен.  Жыбырлап, қолды-аяқ-қа тұрмайтын менен әбден ығыр болған әпкем арқандап ағашқа байлап қояды.  Бұл қиянатқа көнбей бақырып жыласам керек, сонда әкпем шелекпен мұздай суды  үстіме шашып жұбатыпты.
Бала кезде балшық тасып, саз илеп, кірпіш құйдық, үй сыладық. Сөйтіп жүргенде балалық әуеспен балшықтан сан түрлi бейнеден мүсiндер жасайтыным есімде. Қой бағып жүрген кезде де құм мен тақыр жерді көрсем, тоқтай қалып сурет салатынмын. Қалтамнан түспейтін бәкiмен ағаштан әрнәрсенің сұлбасын жонатын әуестігім басым еді. Сондайда былайғы дүниені ұмытып, талай рет қойым қараусыз қалып, басқаға қосылып, әкемнен таяқ  жедім.
Ж.А. – Сөзіңізге қарағанда өз қиялыңыздың жетегінде ержетіп, қой кезегі демесеңіз, үй шаруасына икеміңіз, шамалы болған-ау,сірә?
Т.Б. Қой кезегінде қой баққаным да, қойшының баласы  екенім де рас. Бірақ, бір айыбым – қой түгілі тауық соя алмаймын. Ұзақты күн жер сызып, сурет салып, тас қашаумен жүріп күннің  қалай өткенін де байқамайтынмын. Күндердің күні совхоздың орталығында Мұғалыш деген көкем "мына атты жайлауға тапсыр" деді.  Мен "Көке-тай,  атқа міне алмаймын. Жайлауды таба алмаймын" азар да безер болдым. Көкем әй-шәйға қарамай, "жүгенді  тартпай  бос  ұстасаң болғаны, жайлауға аттың өзі апарады" деп, мені атқа мінгізді де шу деп жөнелтті де жіберді. Айтқанды істеп жүгенді ақырын ұс-тап келемін. Бір құмдауыт жерге келгенде, кенет астымдағы атым жата қалып, аунай кетті. Оңға  ау-наса,  оң   жақ шекем, солға аунаса, сол жақ шекем жерге ұрылып көк ала қойдай болғаным да бар.
Мектепте оқып жүріп-ақ сов-хоздың суретшiсi болдым. Сов-хоз бен мектептiң директорларының тікелей тапсыруымен Маркс, Энгельс, Лениннің порт-реттерiн салып, партияның түрлi ұрандарын жаздым. Мектепте қабырға газеттерiн безендiру ме-нің міндетім еді. Осындай белсенділігім үшін  мұғалім-ұстаздарым маған жақсы баға қоятын. Сөйтіп  мектепті де бітірдім.
IMG_3738цвБiр күнi сол кездегi Темiрлан аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Рашид Нұғыманов Қажымұқанның мүсiнiн жасасаң қайтеді деп ұсыныс айтты. Күтпеген жерден аса үлкен жауапкершілік жүктегенде, қатты жүрексіндім, қобалжыдым. Бірақ хатшы бұл күйімді сейілтіп демеп, сүйеу болды. Ізденіс басталып, тынбай жүргенде  Темiр-ланда Қажымұқанның  Жанәбiл, Айдархан деген балалары тұрады екен. Солардың үйiне барсам, Қажекеңнiң кiшi ұлы Айдархан атан түйедей болып, қорылдап ұйықтап жатыр. Осы көрiнiс-ке қатты толқып кеттім. Қажекең-нiң өзiн көргендей болдым. Енді маған ешқандай суреттiң керегi болмай қалды. Айдарханды оятпастан оның сұлбасын сызып ал-дым. Ол кезде шеберхана деген түсіме ғана кіретін. Темiрландағы қонақүйдiң залында мүсiндi жасауға кiрiстім. Қонақүйдің шаңырағының биiктiгi 3 метр екен. Мен де мүсiндi соған лайықтап жасадым. Егер оның биiктiгi бес метр болса, ескерткiш те сондай болар едi. Мүсінді толық аяқтаған соң, Айдарханды шақырып көрсеттiм. Ол көзiне жас алып тұрып: "Сен менiң әкемдi қайта тiрiлттiң ғой" деп ризашылығын бiлдiрдi. Кейiн Рашид Нұғыманов ағамыз келiп көрдi де: "Бұл мүсiн бiздiң көңiлiмiзден шықты. Бiрақ ел-жұрттың да пiкiрiн бiлейiк. Сондықтан Қажекеңмен дәмдес болған замандастарына көрсетейiк" дедi. Мен келiстiм. Бiрақ қатты қобалжығаным рас. Содан үш-төрт қария келдi. Солардың бiрi қарап тұрып: "Балам, мына ескерткiштiң бiр жерiнде кемiстiк бар" дедi. "Айтыңыздар, ақсақалдар, мен ол кiсiнiң көзiн көрген жоқпын. Егер кемшiлiктерi болса, әлi де түзетуге болады" дедiм. Сонда әлгi қария: "Қажекеңнiң бiр құлағының жартысы жоқ болатын. Жырық едi. Сен оны бүтiн етiп қойыпсың" дедi. Мен: "Ақсақал, Алланың өзi оның 12 мүше-сiн түгел етiп берген. Сондықтан мен оны өзгерте алмаймын" деп едiм, бәрi: "Онда бiзде басқа айтар мiн жоқ. Қажекеңнiң өзiн көр-гендей болдық" деп ақ баталарын бердi. Ескерткiш тас тұғырға қонды. Оны Мәскеу теледидарының "Время" ақпараттық бағдарламасы көрсетiп, "Правда" газетi жазып, атымызды әлемге жайды. Сөйтiп, Рашид ағамыз менiң мү-сіншілікке бет бұруыма себепкер болды. Қажекеңнiң аруағы болар, оқуға түсiп, өнердегi  ақжолым  басталды.
Ж.А. – Қажымұқанды жиырма екі жасыңда жасадыңыз.  Бұл тым ерте деп те, кеш деп те айтуға келмес. Себебі, тума таланттар жас талғамайды. Қазақ оны болар бала б… дейді. Жұмыр басты пенденің болмыс-бітіміндегі барлық қасиеті туған топырағынан даритындығын сіздің өміржолыңыз да куә. Оқу бітіріп, Шымкентте жұмыс істеп жүріп Алматыға қалай ауыстыңыз?
Т.М. – Мен оны ылғи да айтып жүремін. Нағыз адам Хакімжан  Наурызбаев аға Алматыға қолқа салып алдыртпағанда мен шырайлы Шымкентімде салпақтап жүре беретін едім. "Тілеуберді, сен Алматыға қайтып кел. Қазақтың рухын бойына терең сіңір-ген, ұлттық салт-дәстүрді меңгерген өзің сияқты мүсіншілер бізде сирек. Сондықтан сен ол жақтан гөрі бізге көбірек керексің", – деді  хас шебер. Қайталап айтайын: "Алматыға барғанда не істеймін, үйім де, күйім де жоқ", – деп, тартыншақтап едім: "сен балалық жасама, бәріне өзім көмектесемін", – деген соң, тәуекел деп Алматыға қайта оралдым. Бұл 1986 жыл болатын. Бала-шағаммен өз үйінен орын беріп, сонда тіркетіп, туғаның жасай бермейтін қамқорлық көрсетті. Көзім жұмылғанша  Хакімжан Наурызбаевтың бұл жақсылығын ұмытпаймын.
Ж.А  – Сіз бір сұхбатыңызда ұстаз ретінде ешкімді мойындамайын депсіз. Сонда Хакімжан кім болады?
Т.Б. Хакімжан Наурызбаевты мүсін  жасаудың  хас шебері ретінде, ұлы тұлға ретінде сыйладым, жаңа айтқандай қадірлеп-қастерлеп өтемін.
Ал енді біреуді ұстазым деп мойындап, соның салған ізімен жүрген болсам, индивид ретінде өзімді жоғалтып алған болар едім. Мүсінші ұстаздарым дәріс оқыды, өздері салған жолын нұс-қады, өз нақышындағы шәкірт жасағысы да келді. Ал мен өз мәнерімді, өз стильімді, қысқасы өзімді табуды мақсат тұттым.
Ж.А.  – Таптыңыз ба енді?
IMG_3726цвТ.Б.  –  Ішкі дауысыма құлақ түрсем тапқанға ұқсаймын. Айталық Шәмші Қалдаяқов, Қадыр Мырзалиев, Мұхтар Шаханов, Асқар Сүлейменов, Асанәлі Әші-мов, Ақселеу Сейдімбек, Дулат Исабеков, Аян Нысаналин, Өз-бекәлі Жәнібеков, Дәркенбай Шоқпаров,  Көпен Әмірбек сияқты марқасқалармен жәй таныс емес, сырлас болдым. Солардың маған деген ықыластарын сезгенде, мен өзімді таппасам  олар теріс айналған болар еді. Осы кісілердің ой-пікірлері және біздің ауылдың қызы Нұржамал (құдай қосқан қосағым) "Қызжібегім"  мені өзімді табуыма тікелей әсері болды.
Ж.А. – Манадан бері  сұрайын деп отырғаным – ес білгелі жасап, әуестенген дүниелері-ңіз, яғни кейіпкерлеріңіз кім, не еді?
Т.Б. – Қазақтың төрт түлік ма-лы: жылқы, сиыр, қой, ешкі – ме-нің мүсіншілік өнердегі тұңғыш кейіпкерлерім. Осы төрт түліктің жүн-терісі, мүйізі мен сүйектері – негізгі өнер материалдары. Музыкалық аспаптар, әсіресе, домбыраның шегі, қару-жарақтан қорамсақ, мүйіз сапты қанжар мен садақ, киім-кешектен бөрік пен тұмақ, жүн шекпен мен ішік-тон, мәсі, етік, түрлі ас және үй жабдықтары. Осының бәрі де менің мүсіншілік қиялыма қанат бітіріп, машығым  мен кәсібімді анықтауға сеп болған.
Міне, біз бүгінде бар өнердің бастауы болған осы төрт түлікке мән бермей, тек ет жейтін деңгейінде қалдырдық.
Ойлап отырсам, өз басым қа-заққа тән дүниелерден басқаны жасай  алмайтын сияқтымын. Өйткені туған табиғатпен етене өстім, бар болмысым табиғи, қаныма сіңген қазақи, яғни ұлттық таным.
Ж.А. – Күні кешегідей өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары  Сіз  Қостанай  өңірінде болғаныңыздан хабардармыз.  
Т.М. – Тоқсан үшінші жылдары болу керек, мен  сол кездегі Торғай облысының үш ауданында Шақшақ Жәнібек, Кейкі батыр және Ыбырай Алтынсариннің ескерткіштерін жасадым. Әлі күнге дейін бар. Облыс басшылығы соның  ашылу тойына мені құрметтеп шақырды. Қасымда Серік Тұрғынбеков пен Секен Тұ-рысбеков бар. Жасаған дүнием көптің көңілінен шыққанын сез-дім. Оның үстіне торғайлықтар асқан қонақжай жұрт екен. Үш аудан үш ат мінгізді. Ол кезде үш ауданнан үш ат міну деген зор құрмет болатын. Қайтатын кезде Серік ағам: "Тілеуберді, бізге мынау Торғай әкімшілігі үш ат мінгізді ғой, сол аттардың ақшасын алып берсең қайтеді. Ат үшін қайта-қайта келіп жүре алмаймыз ғой", – деп  мені  алға салғасын ағамыздың бұл тапсырмасын орындадым (күлді).
Ж.А. – Шыны керек, өнер адамы үшін атақ пен даңқ – шығармашылығына шабыт, дарыны мен қарымына қуат,  сонымен қатар  кісінің кісілігін, адамның ар-ұятын тезге салатын сын.
Т. Б. –  Оныңыз рас. Кезінде Өзбекәлі Жәнібеков ірі атаққа ұсынайық дегенде алдымда менен  де талай мықтылар бар деп әдептен аттамаған едім. Елу беске келгенде Суретшілер одағы Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері атағына ұсынды. Ұсы-ныс  үш мәрте болып, тек үшінші-сінде 20 адамның ішінен  маған бұйырды.Тізімнің ішінде менен басқасының бәрі жоғары білімді, атақ, мансабы зорлар еді. Кейін олар "Шымкентский вариант" пысықтықпен алды дегендей өсекті естідім. Бір ғажабы оны берер кезде мен алыста түркі тілдес елдер мүсіншілердің Орхон- Енисей ескерткіштерінің симпозиумына қатысып жүрген болатынмын.
Ж.А. – Ауылда өскен бозбалаға бұрын-соңды көрмеген адамдардың қайнаған ортасы – ел астанасына оқуға келу, бәріміздің басымыздан өтті, жаңа бір әлем сияқты әсер ететіні анық. Бұл орайда қиялы ұшқыр, сезімтал жас өнерпаз қандай өзгеріске түсті?
Т. Б. – Иә, ол жылдар көңіл түкпірінде мөлдіреп жататын бір дәуренді шақ қой. Әсем Алматы арман қала. Сан түрлі адамдарды көрдім, байды да, манапты да. Қанша адам болса, сонша мінез-құлық…  "Өмір – сахна, адамың бәрі актер" (Шекспир) дегенді мен  "өмір – алаң, адамның бәрі сайқымазақ (клоун) екен-ау" деп түйдім. Осы ойымды Алматы көркемсурет училищесін  бітірерде дипломдық жұмысыма арқау еттім. Айналама қарай жүріп, өнердегі өзгерген қолтаңбамды, Еуропаға еліктеген пейілімді көрсеткім келеді де клоунның мүсінін  жасадым.  Алматы адамдарды, өмірді тереңірек түсінуіме де, тұщынуыма да  сабақ, әлі де солай. Дүниетаным осы құмырсқаның илеуіндей қаламен тікелей байланысты. Алматыда жүріп, ауылдың қадір-қасиетін жүрегің арқылы түйсі-ніп, жадыңа байлайсың.
Әкем марқұм Ұлы Отан соғысынан аяқтан жараланып келді де, атқа міну қиын, ауылда есекпен пошта тарататын. Содан білем, есек  деген сорлыға жыл он екі айда тыным жоқ. Әсіресе тай есектің күні күн емес. Пана іздеп қор маңына жақындаса қолдарына не түссе, сонымен соғатын. Тіпті, ауылдастарының  қораларына келген есекті балта, сүймен жұмсап, қан-жоса еткендерін де көріп, бала жүрегім аяғаннан не істерімді білмей қалатынмын. Ал төрт түлік жыл-қы, қой-ешкі, сиырға – "коммунизм". Шөп, жем жейді, айрықша күтімі бар. "Есектің еңбегі адал, еті арам". Сонда деймін-ау, ол байқұстың жазығы не?
Осындайда ой келеді. Биліктегілерге ұсыныс жасағым келеді. Есек атаулыға бір ескерткіш орнатсақ деп. Біраз елде итке, құсқа, тасбақаға, тағы басқалар-ға қойған ескерткіштер қойғанын бәрі біледі. Ешбір ерсілігі жоқ.
Ж.А. – Осынау пәни дүниедегі өз қағидат-бекеміңіз?
Т.Б – Алдымен деннің саулығы, екінші – еркіндік, үшінші – дәулет. Кісіге кіріптар болғаннан артық қорлық жоқ. "Заманың түлкі болса, тазы боп шал" дегендей, пенделердің көбінің ғұмыры есіл-дерті байлық жинау болса,  мен бәтшағар қаражат жетпегеннен небір есіктерді маймылша ашып кірген секілдімін. Бұл бәлкім, маймыл жылы туғаннан ба, кім білсін?!
Ж.А. – Алматыда Сіздің жекеменшік "Өнер ордасы" мұражайыңыз бар дейді.
IMG_3724цвТ.Б. – Ашқаныма 10 жылдай болды. 13  ғасырдан қазіргі заманға дейінгі жәдігерлер сақтау-лы. Өкінішке қарай, оған келіп-кетіп жатқан кісі жоқтың қасы. Бір келгенде жазушы Дулат Исабеков ағамыз маған: "Мына мұражайың керемет екен, неге ақылы жасап қоймасқа" – деп, ақыл берді. "Аға, ақылы  болса, мына тегін кезде бас сұқпаған кісі, онда  мәңгі ешкім тұтқасын ұстамайтын шығар" дедім. Кейбіреулер "Се-нің орныңда басқа адам болса, мына мекеніңді сауна немесе сырахана ашып, пайдаға кенелер еді. Ал сен болсаң, осыдан пайда түсірмек түгілі, коммуналдық төлеп әлексің" дейтін. Сонда халқыма рухани байлық  қымбат па,  әлде қаражат жақын ба? Оны келер ұрпақтың талқы-таразысына қалдырғанымыз жөн болар…
Ж.А. – Сіздің сөзіңіз  бен  жасаған дүниелеріңізге бақылай  қарасам, өмір мен өлім, мәңгі-лік пен жазмыш сияқты бір пәл-сапа бар секілді. Сізде бір романтика,  бір оптимистік уайым бар ма  деп қалам..
Т.Б. – Өмір деген мәңгі қайшылық. Қолың бірдеңеге жетсе желпініп, сәл биіктесең одан сайын желп-желп етесің де, бірнәрседен сүрініп, опық же-сең,  мына дүниеден баз кешіп, түңіле жаздайсың. Мұндай құ-былмалы құбылыс  бес күн жалғанға қонақ екеніңді сездіреді.
Менің тәубам – сол қолымның аты жоқ саусағындағы күміс сақина. Мұны Түркиядағы бір сапарымда сол жердің зергер шебері арнайы соғып беріп еді. Сақинаның бетінде о дүниені білдіретін қара түнек түсте бабаларымыздың өткен іздеріндей ат тұяғының таңбасы бейнеленген, ал, қапталында адам сүйегінің қаңқасы және біздің көк аспанға ұшқан рухымыздың белгісі самұ-рық  құс салынған. Бұл  сіз айт-қан өмірдің жалғандығын, бәрі уақытша, ертең бәріміздің де барар жеріміздің бір екенін білдіретін символдар.
Мен жалпы, артық әшекейге, алтын-күміске ешқашанда қы-зыққан емеспін. Әйтпесе, үйде қолға тағатын алтын сағат та, алтын балдақ сақина да, тамаша италияндық қымбат костюм-шалбар да тұр. Әйелім  қоймай  айтқанда кейбір той-думандарға киіп  барып, тезірек шешіп құтыл-ғым  кеп  тұрады. Әсіресе, қылқы-нып галстук таққанды суқаным сүймейді. Өйткені, менің өмірлік ұстанымым бостандық, еркіндік болғандықтан солай шығар. Шығармашылықта да, өмірде де осындаймын.
Негізі бұл екіншісі. Ал, ұстанымымның біріншісі – денсаулық. Қалған күнкөріс, атақ-абырой, ақша дегендердің барлығы соң-ғы кезекте. Ал, кейбіреулер керісінше, ақшаны алға қойып, құл-қынның құрбаны болды, шаңырағы шайқалып, отбасынан, денсаулығынан айырылды. Өкінішті-ақ!  Үйде су жаңа "джиптің" қаңтарылып, шаң басып тұрғанына да біршама жыл болды. Мұны  да   мен қалап алғаным жоқ. Бір қалталы азаматтың бабасының бейнесін жасап берген соң, ол жігіт риза көңілмен: "Темір тұлпар алып мініңіз" деп атап берген қо-мақты қаражат болғаннан кейін сатып алдым. Бұрынғылар: "Киіміңе қарап қарсы алып, Басыңа қарап шығарып салушы " еді. Ал, бүгінгілер мінген көлігіңнің маркасына,  қалтаңа қарайтын болған ғой!..
Менің осындай мінезіме, жүріс-тұрысыма орай мүсіншілік өнерді сыйлаған Аллаға мың да бір шүкір қыламын.
Ж. А. – Жалпы шынайы талант, дархан дарын пенделік  бақыт, рахаттан ныспы, "сорлап" қалған,  бейшара  халде өмір кешеді.  Дүниенің қызығынан безіп, ғұмырын  өзі сүйген кәсібіне тәрк етеді. Десек те, ет пен сүйектен жаралғасын өзегін өкініш өртемейтін пенде жоқ. Керек десеңіз,  сол өкініш шабытқа шабыт, қуатқа қуат береді.
Т. Б.  –  Айтпағыңыз, оптимистік трагедия ғой. Дөп үстінен түстіңіз. Пенделік те, азаматтық да өкінерім, біріншіден: көзі тірісінде шешеме бір жақсылық жасай алмадым. Тым болмаса бір орамал да алып бермеппін. Ананың ақ сүтін дүниемен ақтау мүмкін  де  емес, тіпті анама оның түк те керегі де жоқ шығар, бірақ, бәрібір есіме түссе, мазасыз күй кешемін.
Екіншісі –  ағаның ақылына, інінің ізетіне мән бермеппін.  Өзімше "данышпан" болып көп-тің көңілін қалдырдым. Кісінің бет-жүзіне қарамай, ақылмансып, ақымақ болғаным үлкен қателік екендігін енді түсінгенмен  не пайда?!.
Үшінші – небір тамаша мүсін-дерімді арзан материалдары нашарлығынан сақтай алмадым. Талайы шетел асып та кетті. Қайран еңбек қор болды.
Төртінші – ең ауыр өкінішім, пендешілікпен жүріп, босқа өткен көп уақытым!  Әттең, өмір екі айналып келмейді!  Келсе ғой бәрін басқаша істер едім..
Ж. А.  – Бәрібір, байқаймын,  Сіз  өзіңізді жігерлі, жап-жас жігіттей жалынды,  арман қуған бозбаладай ұстайды екенсіз. Арманыңыз қандай?
IMG_3722цвТ.Б.  "Жеті  ата" жинағым Астанада тұрса. Сондай-ақ, "Жеті атамен"  үндес  "Жеті  қазына" жинағымды көпшілік игілігіне  айналса. "Құдық" деген композициям бар "Судай таза, терең бол!" деген оймен құдықтың ішіне су қойдым. Қазақ "Су ішкен құдығыңа түкірме!" деген.
"Жеті ата" менің ата-бабаларым емес, иісі қазақтың жеті атасын бейнелеген ескерткіш. "Жеті атасын білмеген ұл – жетесіз" деген атам қазақ. Халқымыздың арғы-бергі тарихында ғұмыр кеш-кен, мәңгі аттары өшпейтін тұлғалар арқылы туындымды байыттым. Бірінші, атағы жер жарған ғалым, философ бейнесінде ғұлама  Әл-Фарабиді алдым.
Екінші, қазақ ханының бейнесін алдым. Қай ханымыздың болмасын ұстанған  саясаты мен тарихта алатын орнын таразылау – жас ұрпақ еншісіндегі дүние.
Үшінші, музыканы, әуенді қостым. Ел мәдениетінің бастауы сонау Қорқыт атаның қобызының сарынында жатыр. Бүгінгі  ұрпаққа аңыз болып жеткен Қорқыт бабамыздың музыкант ретін-де бейнеледім.
Төртінші, атамыз етіп қиын кезеңдерде ел қорғаған батырды жасадым. Қазақтың  батыр ұлдары жер қорғауға келгенде бұғып, жан бағып қалмаған. Қайсар рухты ұлдарымыздың ерлігі жастарға үлгі болсын  деген ниетпен жасалды. Батырдың қалқанына қазақтың барлық руының таңбаларын салдым. Руға, жүзге, жерге  бөліну – қазақтың  соры, қалқанда біріккен ру таңбалары арқылы күш біріктірген жерде ырыс пен береке, тыныштық болады дегенді айтқым келді.
Бесінші, бабамыз етіп Қожа Ахмет Йассауиды алдым. Дін мәселесіне келгенде ол кісіден асқан дана адам жоқ. Пайғамбар жасы 63-інде жер асты қылуетке түсіп, сопылық бағытты насихаттаған бабамыздың есімін бүгінде түркі  жұрты тегіс біледі.
Қазақта би көп. Әділдіктің ақ туын намыстан да жоғары қоя білген билеріміздің төрелік  айтқан даулары кезінде ел мен елді соғысудан, жесір дауларын ше-шу арқылы ел ішіндегі ылаң салудан аман алып қалған. Төрелі-гін қамшы арқылы білдірген  билерімізді алтыншы атамыз деп санадым.
 Жетінші, бабамыз атқа мінген құсбегі, саят болды. Қарапайым халық осы шаруамен айналысу арқылы отбасын асырап, баласын тәрбиеледі. Осылайша, мен жасаған "Жеті ата " деп аталған туынды дайын тұр.
Биіктігі кем дегенде 7 метр болса. Қазақта "7" деген қасиетті сан ғой. Оның  үстіне, жеті ата болғандықтан, назары түскен адамның көзі тоятындай биік әрі көркем, санаға ой салатындай мағыналы болғаны жақсы емес пе?!
Ж.А. Рахмет, шығармашылығыңыз шығымды болсын!
Әңгімелескен,
Ж.АЯЗБЕКОВ.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓