Алып кәсіпорынға 60 жыл

Қостанайға екі күндік жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев өңірдің егін-жайларын аралап, диқандармен жүздескеннен кейін, Соколов-Сарыбай кен өндірістік бірлестігінің 60 жылдығына орай “Горняк” стадионында ұйымдастырылған мерейтойлық шараға қатысты.
 SERG (555)Өңірдің ғана емес, ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан ірі өндіріс кешені жарты ғасырдан астам уақыт жарты әлемді темір кенімен қамтамасыз етіп келеді. Алпыс жылдық тарихы бар алып кәсіпорын жылына 40 млн. тонна шикізат пен дайын темір жентектерін өндіреді. Соның басым бөлігі экспортқа, яғни Ресей мен Қытайға жіберіледі. Соңғы төрт-бес жылда аталмыш кәсіпорын бірнеше инвестжобаларды жүзеге асырды, соның ішінде ең ірісі – металл илеу зауыты. Осының арқасында шикізат өндірумен шектелмей, темір кенін терең өңдеу мен өткізуге мол мүмкіндік туған. Алдағы уақытта кәсіпорын 250 млрд. теңге тұратын үш инвестжобаны жүзеге асырып, жаңадан мың жарым жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырған көрінеді.
SERG (610)Кәсіпорын ұжымын, кеншілерді мерейтоймен құттықтаған Елбасы Соколов-Сарыбай кен өндірістік бірлестігінің дамудың даңқты жолынан өткендігін атап өтті. Президент сонау нарық жылдары аталған комбинаттың да тоқырауға ұшырап, тоқтаудың аз-ақ алдында болғандығын, дегенмен сол қиындықтардан шығар жолды тауып, бүгінде осындай белестерді бағындырғанын ерекше тебірене айтты және кәсіпорынның қалыптасуы мен дамуында оның негізін қалаған ардагерлер мен бүгінгі кеншілердің де еңбегінің зор екендігіне тоқталды.
– Құрметті отандастар, кеншілер! Баршаңызды Соколов-Сарыбай кен өндірістік бірлестігінің 60 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл кәсіпорын қазыналы кенімен ғана емес, тағылымды тарихымен де баршамызға танымал. Экономикамыздың дамуына, өнідірісіміздің өркендеуіне зор үлес қосып келе жатқан мекеме. Талай күрделі кезеңнен өткен кен байыту бірлестігі жаңарған Қазақстанмен бірге қайта түледі. Бұл бірлестік елімізге ғана емес, әлем бойынша темір кенін өндіретін жетекші кәсіпорын саналады. Бүгінде берекелі ұжымда 20 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Кен байыту кәсіпорыны әлеуметтік жобаларға да белсене атсалысып келеді. ССКӨБ тарихы – бұл ең алдымен оның бастауында тұрған және кеншілердің жақсы дәстүрін сақтап келген адамдардың тарихы. Біз сіздермен бұрынғы Кеңес одағының республикалары арасындағы байланыстар үзілген қиын кезеңде жаңа тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолын бірге өткердік. Біз алдағы уақыттарда да барлық батыл армандарымызды бірге жүзеге асырып, Қазақстанды гүлденген мемлекетке айналдыра аламыз, – деді мемлекет басшысы Н.Назарбаев.
SERG (643)Мұнан кейін сөз алған ERG компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич те бірлестік ұжымын, кеншілерді мерейтойларымен құттықтап, кәсіпорынның айтулы мерейтойына атбасын бұрған Елбасыға да өз алғысын білдірді.
SERG (524)-Біздің ірі кәсіпорындарымыздың бірі – Соколов-Сарыбай кен  өндірістік бірлестігіне биыл 60 жыл толып отыр. Бүгінде бұл кәсіпорын еліміздің өнеркәсіп өндірісіндегі ең ірі көшбасшысы саналады. Кәсіпорында қаншама ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Осының бәрі Елбасымыздың сындарлы саясаты мен сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасы. Бұл кәсіпорын отандық кен өндірісінің флагманы болып қала бермек, – дейді А.Машкевич.
Мерейтойлық мереке барысында кәсіпорынның әнұраны ойналып, театрландырылған қойылым мен концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды. Ал, елімізге танымал әнші әрі сазгер Лаки Кесоглу, Нұрлан Әлімжан мен “Арнау”, “Ұлытау” топтарының, сондай-ақ ресейлік “Город 312” тобының  өнерлері мен мерекелік отшашу кештің көркін одан сайын қыздара түсті.
 
 
Қарлығаш Оспанова
Рудный қаласы
Суреттерді түсірген Сергей Миронов

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓