Балабақшада тамақтандыру бағасы қымбаттайды

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тамақтандыру құны 14 қазаннан бастап 14 пайызға өспек.
Қалалық білім бөлімі мамандарының айтуынша, бұған елдегі азық-түлік бағасының қымбаттауы себеп болып отыр. Дәл қазір 1-3 жас аралығындағы әр баланың айлық ас-ауқатына 13 745 теңге жұмсалады. Ал 3-6 жас аралығындағы балалар 16 012 теңгеден шығындайды. Енді бұл сома қымбаттай түспек.
"Елдегі азық-түлік құны 2021 жылмен салыстырғанда еселеп артты. Осыған байланысты Жоспарлау және болжау секторы жаңа есебін шығарды. Осы жылғы инфляция негізге алына отырып, тамақтандыру бағасы 1-3 жастағы балалар үшін 15 666 теңгеге, 3-6 жастағы балалар үшін 18 298 теңгеге артты», – дейді білім бөліміндегілер.
Сондай-ақ, мамандар жеңілдіктер туралы да ақпарат бере кетті. Мәселен, жетім, мүмкіндігі шектеулі балаларға, логопедтік және түзеу тобындағы балдырғандарға тегін тамақ беріледі. Қостанайда мұндай 324 тәрбиеленуші бар екен.
«АӘК алатын және көпбалалы отбасылардың балаларына 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Облыс орталығында мұндай 637 бала бар», – деп толықтырды мамандар.
Олардың мәліметінше, тамақтандыру құны 2021 жылдың қаңтар айы мен осы жылдың қазанына дейін тұрақты сақталып келген.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓