Құрым етік киемін деп…
Қостанайда ҚР ІІМ ҚАЖК «УК-161/11 мекемесі» РММ бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Марат Нүркин сотталды.
Іс деректерінде көрсетілгендей, 2018 жылдың 14 қарашасында Марат Нүркин өзінің қызметтік кабинетінде тұрып, азамат Ч.-дан пара ретінде құрым аяқ киім алған. Өз кезегінде ол Ч.-ға телефон арқылы сөйлесуге қосымша уақыт беруге, сондай-ақ, одан әрі қамқорлық жасауға уәде еткен.
– Қостанай қаласы №2 сотының шешімімен Марат Нүркин қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін ҚР ҚК-нің 366-бабы, 1-бөлігімен кінәлі деп танылды. Оған 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойы шеттетілді. Ол жазасын қауіпсіздігі төмендетілген қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді, – делінген облыстық соттың хабарламасында.
Сотта мәлім етілгендей, Марат Нүркин әділет майоры шенінен айырылды.