Баласын арнайы мектепке жіберуді сұрады
Қарабалық ауданында тұратын жалғызбасты ана 16 жастағы ұлын арнайы мектепке жіберуді сұрап, аудандық сотқа шағым жазды.Сот отырысында мәлімденгендей, ұлды анасы жалғыз тәрбиелеп отыр. Әкесі болса бірнеше рет істі болған және қазіргі уақытта оның қайда жүргендігі беймәлім. Бұған дейін де, яғни 2015 жылы бұл баланы девиантты қылығы бар балаларға арналған арнайы мектепке жіберген. Ол онда бір жыл ғана болады. Үйге 2016 жылдың желтоқсанында оралған. Дегенмен, қайтадан үйден кетіп қалып, мектепке бармауды бастайды. Оған қоса ұрлықтар жасайды. Екі ай ішінде 4 рет осындай қылмыспен ұсталған. Бірнеше мәрте кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия оның ісін қарады. Анасы да өз ұлын түзу жолға салуға қауһарсыз отырғанын айтады.
Сот ана шағымын қанағаттандырды. Ұлын бір жылға арнайы мекемеге оқуға жіберу туралы шешім шығарды. Енді жасөспірім Шығыс Қазақстан облысының Серебрянск қаласына жіберіледі.
Сурет ғаламтордан алынды