Сарбаз ұйқыда, қызмет жүріп жатыр…
Қарабалық ауданындағы шекара бекетінің қызметкері ұйықтап қалғаны үшін жазаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 2017 жылғы 11 қазанда әскери бөлімнің қызметкері М. ҚР әскері ішкі қызмет жарғысын бұзды. Cондай-ақ, застава кезекшісінің бұйрығын орындамаған.
«Шекарашы сол күні сағат 07-00-дер кезінде мемлекеттік шекараны күзету үшін қызметіне кірісті. Ол сағат 13-00 және 14-00 аралығындағы техникалық үзілісте ұйықтап кеткен. Кейін мәлім болғандай, ол техникалық үзілістен соң да ұйықтаған. Әскери қызметкер өз кінәсін мойындады», – деп хабарлады облыстық соттың баспасөз хатшысы Индира Құсайынова.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, әскери қызметкер келісімшарт бойынша жұмысқа алынған. Шекарашы әкімшілік жазаға тартылды. Ол мемлекет қазынасына 60125 теңге төлейді.