Информатика – 1-сыныптан
2019 жылдан бастап 1-сынып оқушыларына информатика пәні оқытылады, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2017-2019 жылдары барлық мектепті кең жолақты интернетке тегін қосуға қаржы қарастырылған. Бұл ретте кейбір өңірлерде мектептердің кабельдік интернетке қосылмауына байланысты 2017 жылы 2756 мектеп, 2018 жылы 460 мектеп спутник байланысы арқылы интернетпен қамтамасыз етілді. Білім беруді цифрландыру аясында мектептердің 95 пайызы интернетке қосылатын болады», – деп айтқан болатын Білім және ғылым вице-министрі Элмира Суханбердиева.
Оның сөзіне қарағанда, Оқушылар сарайлары мен 3 мың мектепте робототехника бойынша элективті курстар енгізілді. Робототехника кабинеттерін жабдықтау бойынша шаралар қабылданып жатыр.
Еске сала кетейік, 2018 жылы информатика пәні 3-сыныптан басталды.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында информатика сабағы 2019 жылдан бастап 1-сыныптан оқытылады. Олардың бағдарламасы дайындалып жатыр. Сонымен қатар барлық өңірде 21 ІТ-лицей ашылды»,- деді Элмира Суханбердиева.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев информатика сабағы 1-2-сыныптардан бастап енгізілетінін айтқан еді.