Қоян жылының берері мол

Әр жылдың өзiне тән сипаты, ерекше белгiлерi болған. Халық соған қарап болжам жасап, жаңа жылдан тек жақсылық күткен. 2023 жыл «көк немесе қара су қояны» жылы болады дейді. Қоян жылы қазақ халқының есінде қуаңшылық, ауыр жыл ретінде қалса да, ол молшылықтың, бақыттың символы. «Қоян жылы қатал дегенге келер болсақ, қыстың қоянға қатысы жоқ. Қоян жылының берері көп» дейді бұл жануарды өсіріп отырған мамандар.
Иә, алда қос құлағы қалқиып Қоян жылы келеді. Жалпы қандай жыл болмасын тек жақсылық күтетініміз белгілі. Десе де, қоян қандай жануар екенін білгіміз келіп, қоян асыраушыларды іздедік. Расын айтсақ, таппадық. Мүмкін ауылды жерлерде көп болар, бірақ қаладан таба алмадық. Жарнамаларға көз жүгіртсек, көбіне қоян фотосессиялар үшін жалға беріледі екен. Қоянның дүкендегі бағасы – 4000-10000 теңге аралығында. Қоян харамға емес, адалға жатады. Өйткені ол шөп жейді, еті таза. Қысқасы, жесең – азық, кисең – киім. Тақырыпқа кейіпкер іздей жүріп, қызықты жерге тап болдық. Бұл жерде қоянды анау-мынау емес, ғалымдар өсіреді. А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің ветеринария медициналық кафедрасының зертханасында қоянның түр-түрі бар болып шықты.
Кафедра меңгерушісі Марат Әубәкіров зертханада өзге жануарлардың да бірнеше түрі бар екенін айтты. Олар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жан-жақты бақылау жасау үшін қажет. Қазір бұл жерде 60-қа жуық үй қояны бар. Сүп-сүйкімді қоянарды қолымызға алып, суретке түсіп жатырмыз. Мамандар «көжегін көп ұстай бермеңдер, анасы алмай қояды» деп ескертуде. Ал бізге күнде көре бермейтін жануарлар сондай қызық. Мұндағы қызметкерлер олардың қандай болатынын айтып, әңгімелеуде. Осы жерде еңбек ететін Ертай Сәбитбекұлы жануарлар туралы көп дүние біледі. Мінезімен де, сипатымен да жақсы таныс.  
            –Қояндар өте нәзік, жұмсақ, шөпті іздеп, талғап жейтін жануар. Ауруға шалдықса, айығып кетуі қиын. Олардың ең үлкені 12 келіге дейін салмақ басады. Тез көбейгіш. Екі айда бір күшіктеп, 7-8 көжек туады. Бірақ соның бәрін жеткізбейді. Аналығы өте қамқор, мейірбан. Егер көжегінен бөтен иіс шықса оны бауырына алмай қояды. Өзі шөлдесе көжегін жеп қояды. Меніңше алдағы жыл жұмсақ, жайлы, мейірімге толы, тыныш жыл болады. Ешкімге зиянымыз тимей, мамыражай күй кешеміз. Қорқақ жануар деп жатамыз, бірақ ол өте өжет, өзіне не керегін білетін, ақылды жануар. Меніңше Қоян жылы ең берекелі, молшылыққа толы, жайлы жыл болатын сияқты, – дейді Ертай Сәбитбекұлы.
Ал ветеринариялық медицина кафедрасының 3-курс студенті Әсия Бейсенбаева қоянды өте жақсы көремін дейді.
–Қоян жылы – шығыс күнтізбесіндегі ең бақыттысы саналады, қоян сезімтал әрі момын, жанашыр, тік мінезді әрі еңбекқор. Бұл жылы дүниеге келгендер қамқор, кеңпейіл, мейірімді болып келеді. Ол ымыраға келуді, бейбітшілікті сүйеді, бірақ батырлық жасап, өз құқығын қорғауға да қабілетті. Қоянның етіне жерік болған аналар етін жесе қоянжырық бала туады деген ырым да бар, – дейді Әсия.
Қоян барынша өсімтал жануар. Осы қасиетінің арқасында тез көбейеді. Бизнеске барынша тиімді. Ебін тапса одан әртүрлі өнім алуға болады. Терісі де, еті де сұранысқа ие.
Интернет желісінен де біраз қызықты ақпараттар таптық. Қоян – сүйкімді жануар, ол үшін ең бастысы – отбасы, сондықтан 2023 жылы жеке қатынасқа мән беріп, туыстарыңызбен және жақындарыңызбен көбірек уақыт өткізу керек. Өмірлік серігін іздеп жүргендерге Жаңа жыл жарын кездестіруге мүмкіндік береді, ал кездесіп жүрген жұптар отбасылы болуы мүмкін. Қоян жылы үй мәселесінде де сәттілік әкеледі. Үйі жоқ адамдарға 2023 жылы тиімді ұсыныс түсуі мүмкін. Сондай-ақ, қоян еркін қыдырыстап жүргенді ұнататын жануар болғандықтан бұл жыл саяхаттауға қолайлы болмақ. Міндетті түрде басқа қалаларда тұратын туыстарыңызға қонаққа барыңыз. Қоян жылында жақындарыңызға деген ықыласыңыз ескеріліп, табысқа жетуіңізге ықпал етеді. 2023 жылдағы сәттілікті у-шумен және аяқасты шешім қабылдаумен "қорқытып" алмаңыз. Жаңа жылда барлық жанжалды келісімге келу арқылы жұмсақ мінезбен шешуге тырысқан жөн.
Міне, бұл – алдағы Қоян жылына болжам. Әр жылдың өз кереметі бар. Жаңа жылдан тек жықсылық күтеміз. Молшылыққа толы, берекелі жыл болсын!
 Айтолқын АЙҚАДАМОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓