Жығылып жатып, сүрінгенді сынаған
Кавказдың қақ ортасында орналасқан Абхазия елінің еңсе көтере алмай келе жатқанына біраз уақыт өтті. БҰҰ 4 мемлекеті ғана мойындап, қалғандары Грузияның бір тармағы деп таныған ел – жұмыр жер бетіне өз тәуелсіздігін мойындата алмай әлек. Үстіміздегі жылдың 24 тамызында әңгіме арқауына айналып отырған Абхазия елінің президент сайлауы өтті. Айтулы додада оппозициядан шыққан Рауль Хаджимба 57 % басымдылықпен жеңіске жеткен еді. Сайлаудың көтеріліссіз, қақтығыссыз өткенін айта кеткен жөн. 2008 жылы Грузиямен қарулы қақтығысқа түсіп, Ресей әскерінің күшімен аман қалған Абхазия содан бері ішкі мәселесін ың-шыңсыз шешуге тырысып-ақ келеді. Жақында өткен президент сайлауы – соның жемісі. Қалай десек те, бұл елдің, жергілікті жұртшылықтың өз таңдауы. Ең бастысы – бейбіт жолмен келген оңды шешім.
Мойындалмаған мемлекеттің құрылымын сырттай бақылап, сын таққандар жетерлік. Әрине, сөйлеп қалған батыс пен Американың айтары айқын. Біздің назар аударғанымыз, тұрақсыздығынан тұралап қалған Украинаның пікірі еді. "Украина мемлекеті Грузия аумағында болып жатқан келеңсіздіктердің халықаралық талаптарға сай шешілуін қалайды. Осыған сай, біздің еліміз Абхазияда өткен президент сайлауын мойындамайды. Сайлау демократиялық құндылықтарға қайшы келеді" – делінген ресми Киев өз хабарында.
Біреуге жөн сілтемес бұрын, өз жөніңді біліп алғаның абзал демекші, бір жылда бірнеше рет төңкеріліп, халқы үшке жарылған мемлекеттің – өзге елдің бейбіт жолмен жасаған таңдауын теріске шығаруын түсіне алмай-ақ қойдым. Елбасымыздың пікірінше, кез-келген келісім қан төгістен артық. Осы ойды ұстанған Нұрсұлтан Назарбаев ЕуроОдақ өкілдері мен Кедендік Одаққа мүше елдердің басын біріктірген Минскідегі саммиттің соңында Владимир Путин мен Петр Порошенконы татуластыруға да тырысқан еді. "Кез-келген мәселені қырық пышақ қылмай, бейбіт жолмен, келісіммен шешуге болады. Бауырлас екі ел – Ресей мен Украинаның арасындағы кикілжің жұмыр жер бетіне әсерін тигізуде. Екі елдің президенті де соңғы алты айда бір-бірінің бет-жүзін көрген емес. Өкпе-реніштері мен айтар ойларын тек БАҚ арқылы жеткізіп отырды. Тасада тұрып тас атқаннан гөрі ашық алаңда әңгімелескен мың артық. Екі президентпен де жеке-жеке сөйлесіп, өзара кездесуге ықпал жасадым. Екі жақты келісім өздері үшін, біздер үшін өте қажетті" – деген еді Н.Назарбаев.
Батыс пен Американың айтағына әбден еріп, көршілерімен қырғи-қабақ болған Украинаның жағдайын осылайша, сол көршілері жасап жатыр. Атыс пен шабыстан көз ашпаған елге жақында Ресей тарапы гуманитарлық көмегін жеткізді. Қазақ елі де қатардан қалмай, азаматтық міндетін орындауға ниет білдіруде. Осылайша, бір елдің жыртығын баршасы жабылып жамауға тырысып жатыр. "Алыстағы ағайыннан жаныңдағы көршің артық" деген осы болар. Ол болса, жығылып жатып, сүрінгенді сынамақ…
Жұматай Төкенұлы.