Орақ науқаны ойдағыдай
Облыстағы астық алқаптарында орақ қарқын ала бастады. Әсіресе, оңтүстік аудандар егін ору жұмыстарына белсене кірісіп кеткен. Аймағымыздың солтүстігінде орналасқан Ұзынкөл және Меңдіқарадағы жағдай қалай? Облыс әкімі Нұралы Садуақасов қос ауданға арнайы жұмыс сапарымен барып, астық жинау науқанымен танысқан болатын.
Өңір басшысы Ұзынкөл ауданы активінің жиналысында Ұзынкөл ауданының жаңа әкімі Абай Ибраевты таныстырды. Сондай-ақ осы аймақтағы "Ершов 2" ЖШС-і мен Меңдіқарадағы "Қарқын" ЖШС-нің егін алқабын аралады.
Ұзынкөл ауданы астық жинауға күні кеше кіріскен. Себебі, мұндағылар егін егу жұ-мыстарын 16 мамырдан бастап 1 маусымға дейін аяқтады. Өнімнің бітік шығуына ауа-райының әсері мол. Бұл ретте мау-сым айының жауынсыз, шіліңгір шілде жауын-шашын-ға толы болғанын ескерген жөн. Өңір басшысы диқандармен кездесуде Ұзынкөл ауданында ауыл шаруашылығын әртараптандыруды қадап тапсырды. Себебі, мұнда майлы дақылдардың мөлшері аз. Сондай-ақ мал шаруашылығына көңіл бөлуді тапсырды.
– Елімізде мал шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар баршылық. Бір ғана Кедендік Одақ арқылы отандық өнімдерді сыртқа шығаруға мүмкіндік туып отыр,– деді облыс әкімі Н.Садуақасов.
Меңдіқара ауданында биыл 231 мың гектарға тұқым себілді. Алайда, егіннің аз ғана көлемі жиналған. Биылғы жаз солтүстік аудандарда салқын болды. Сондықтан, бидай әлі күнге жап-жасыл.
Қостанай облысында биыл бес миллион тонна астық қамбаға құйылмақ. Қазіргі уақытта астықтың 4%-дан астамы жиналды. Егін оруда оңтүстік аудандар көш бастап тұрғанын айта кеткен жөн. Мәселен, Арқалықта астықтың 12%-ы, Жітіқарада 21%-ы, Әулиекөлде 8%-ы жиналған.
Қымбат
ДОСЖАНОВА