БЖЗҚ: Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды зейнетақы жүйесіне тарту ойдағыдай жүзеге асырылуда
БЖЗҚ әрбір азаматтың жинақтаушы зейнет-ақы жүйесіне қатысуы керектігі туралы халық арасында кең көлемді ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Республикалық және өңірлік басылымдарда тұрақты негізде материалдар жарияланып жатыр. Ол зейнетақы жүйесінің ерекшеліктерін ашуға бағытталған. Өз салымшыларына көрсететін қызметтері мен ұсынатын мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат беру үшін Қор басшылығы ай сайын баспасөз брифингін өткізіп тұрады. Ал барлық филиалдарда үш ай сайын Ашық есік күндері және кәсіпорындар мен ұйымдарда тұрақты түрде көшпелі таныстырылымдық шаралар өткізіледі.
БЖЗҚ алдында тұрған тағы бір маңызды міндет – өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды жүйеге тарту. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар деген кімдер? Бұлар өзгеге емес, өзіне жұмыс істейтін жеке тұлғалар. Олардың қатарында жеке кәсіпкерлер, жұмыс берушілер, дизайнерлер, бала бағушылар, жүргізушілер, тұрмыстық техниканы жөндейтін мамандар, репетиторлар және басқа да қызмет иелері бар. Бұл азаматтар ресми түрде жұмыс істемейді, сәйкесінше әлеуметтік аударымдар мен салықтарды төлемейді. Сондықтан олар өкінішке қарай, әлеуметтік қамсыздандыру және жинақтаушы зейнетақы жүйесінен тыс қалып жатады.
Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап шотына бірнеше жылдан бері ешқандай жарна түспеген салымшылармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Қор мамандары мұндай салымшыларға телефон арқылы хабарласқанда немесе кездескенде зейнетақы жарналарының не үшін түспей жатқандығын анықтап, Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесінде болып жатқан өзгерістер туралы әңгімелейді. Ал жұмыссыз қалғандарға жұмыспен қамту орталығына жүгінуге кеңес береді. Жұмыссыздарға жұмыс табуға, ал еңбек шартынсыз жүргендерге оны заңдастыруға көмектесу өте маңызды. Халықты жұмыспен қамту орталығы тіркеуге алынғандарға жұмыссыздық жөнінде жәрдемақы төлейді, жұмысқа орналастырады және сұранысқа ие мамандар бойынша кәсіпкерлердің "Даму" өңірлік палатасының филиалына оқытуға жібереді. Бұл филиалдар "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін үйретеді. Оқытуға қатысушылар – жұмыссыздар (халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелгендеріне қарамастан), кәсіпкерлік әлеу-етке ие өзін-өзі жұмыспен қамтушылар және аудан орталықтары мен ауылдық жерлерде тұратын азаматтар. Одан басқа, өтініш білдіргендерге қалалар мен ауылдарда шағын несиелер, ал мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығымен айналысатындарға мемлекеттік көмекқаржы беріледі.
2018 жылдың ақпан-қараша айлары арасында БЖЗҚ филиалдарының қызметкерлері 496 мыңнан астам адаммен байланыс орнатты. Нәтижесінде 96 мыңдай адам зейнетақы жарналарын төлей бастады. 9 ай ішінде олардың шотына барлығы шамамен 1,5 миллиард теңге ақша аударылды. Жалпы зейнетақымен қамсыздандыру – әлеуметтік қамсыздандыру саласының бір бөлігі болып табылады.
Жүйе әділетті болуы үшін онымен бүкіл халықты қамту қажет.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үшін бірыңғай жиынтық төлем енгізіледі. Себебі көпшілігі өкінішке қарай зейнетақы, әлеуметтік және медициналық қамсыздандыру жүйесінен тыс қалып отыр. Сондықтан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) енгізу туралы бастама көтерді. БЖТ мөлшері: республикалық және облыстық маңызға ие қалалардың тұрғындары үшін – 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), ал ауыл тұрғындары үшін – 0,5 АЕК. Жеке тұлғалар БЖТ-ны "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясына екінші деңгейдегі банктер немесе терминалдар арқылы төлейді. Әрі қарай Мемлекеттік корпорация төлемді төрт бағыт бойынша: жеке табыс салығына, әлеуметтік аударым ретінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына, міндетті зейнетақы жарналары ретінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына және әлеуметтік аударым ретінде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударады.
Бірыңғай жиынтық төлемнің қандай пайдасы бар? Бірыңғай жиынтық төлем өзін-өзі жұмыспен қамтушы жеке тұлғалар үшін өте тиімді. Олар БЖТ-ны төлеу арқылы өзінің бейресми қызметін тіркеп қана қоймайды, сонымен қатар:
1) жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысады және мемлекеттік базалық зейнетақыны жоғары мөлшерде алуға үміт арта алады;
2) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында медициналық қызметтерге толық көлемде қол жеткізеді, яғни, көрсетілетін медициналық қызметтердің бағасы мен түрі бойынша шек қойылмайды;
3) жұмыстан, еңбекке қабілеттілігінен, асыраушысынан айырылған жағдайда, сондай-ақ, жүктілік, бала туу және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алады.
Сонымен қатар БЖТ төлеудің арқасында өзін-өзі жұмыспен қамтушы жеке тұлғалардың төлем қабілеті арта түседі. Бұл әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік береді. Яғни, өзін-өзі жұмыспен қамтушы азамат банктен несие алуға қол жеткізеді. Халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесімен толығымен қамту – Қор алдында тұрған өзекті мәселе. Қоғамдағы тұрақтылық, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын жұмыспен қамту және барлық азаматтарды әлеуметтік жағынан қамсыздандыру осы мәселенің қалай шешілетіндігіне тікелей байланысты.
Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесінің одан әрі даму бойынша әлеуеті жоғары. Яғни, БЖЗҚ әрбір азаматқа өзінің зейнетақы капиталын қалыптастыруға көмектесуге әркез дайын.