Қалдықты пайдаға жаратпақ
Өңірімізде қоқыс қалдықтары сұрыптаудан өткізіліп, қайта өңделгенімен қоса, құрылыс, тұрмыстық, су жүйесі қажеттіліктеріне жарап келеді. Қостанайда 2010 жылы негізі қаланған «Тоқылмаған материалдар фабрикасы» S.M.F.-System» ЖШС қазіргі таңда жол, ұшу жолағына арналған геосүзгі, геошілтір, геотоқыма, геомембрана, полиэтилен құбырларын шығарумен айналысады. Пластик қалдықтарынан қайта өңделетін бұлардың барлығы ұзақ жылға шыдамды әрі ең бастысы, экологиялық таза өнім болып саналған.
Ал Қазақстанда сирек кездесетін әрі облысымызда бірден-бір қоқыс қалдықтарын сұрыптау кәсібі Қостанай ауданы орталығының сыртында ашылған кешенде қолға алынбақ. Өндіріс ошағының толық жүзеге асырылуы үш кезеңнен тұрады. Оның алғашқысы – қоқыс сұрыптау цехы. Сегіз сағаттық жұмыс тәртібімен жылына 40 мың, ал тәуліктік тоқтаусыз режимде 120 мың тоннаға дейін тұрмыстық қалдықтарды сүзгіден өткізуге қауқарлы. Полиэтилен пакеттер, пластмассадан жасалған ыдыстар мен бұйымдар, қағаз, басқа да пайдаланудан қалған заттар сұрыпталмақ. Бұл туралы «ЕКО СІТҮ КZ» ЖШС директоры Жандос Жақсыбаев айтып берді. Жобаның алғашқы кезеңіне компанияның 300 миллион теңге өз қаражаты жұмсалмақ. Кәсіпорын 49 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал қоқыс сұрыптау қондырғылары мен конвейерлері Белорусь елінен сатып алынған.
– Екінші және үшінші кезең – полимерлерді жуу мен оларды түйіршіктеу, яғни, қалдықтарды қайта өңдеу желілерін іске қосу келер жылдың аяғына дейін белгіленіп отыр. Жалпы, үш кезеңді жүзеге асыруға 3 миллиард теңгеге жуық қаржы қажет. Біз алғашқы қаражат сомасын өзімізден шығардық. Әрі қарай инвестиция тартуды көздеп отырмыз. Ал пайда жағына келсек, біздің шикізатымызды кәдеге жарататын – компаниямыздың құрылтайшысы «Тоқылмаған материалдар фабрикасы» S.M.F.-System» ЖШС. Сол себепті, бұл бастамадан үлкен нәтиже күтеміз, – деді кәсіпорын директоры.
Кешеннің ашылуына барған аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов оның әрі қарай тоқтаусыз жұмыс істеуіне сәттілік тіледі. Өз кезегінде ЕКО СІТҮ КZ» ЖШС директоры Жандос Жақсыбаев Затоболдағы бой көтеретін «Нұр Әлем» шағын ауданы аумағында сұрыпталудан өткізуге келмейтін қалдықтарды өртейтін қазандық пешін орнату ұсынысын білдірді. Егер бұл жоба жүзеге асса, аудандағы жылыту жүйесі үшін көп үнем болмақ.
Өңір басшысы кәсіпорын басшылығына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, Қостанай қаласынан шығарылатын тұрмыстық қалдықтарды да осында сұрыптаудан өткізіп, ол жердегі қоқыс полигонының көлемін азайтуға үлес қосу. Ал шикізаттарды қабылдайтын «Тоқылмаған материалдар фабрикасы» S.M.F.-System» өндіріс орны анағұрлым тереңдетілген қайта өңдеу, яғни, талшықтау жұмыстарын жүргізуге қауқарсыз. Серіктестік басшысы Марат Сәдуақасовтың айтуынша, қазіргі таңда ұсақ талшық зауыты Шымкентте салынып жатыр да, біздің өңірден шикізатты Түркістан облысына жеткізуге тура келеді.
– Шикізатты оңтүстікке апарғаннан гөрі, сол кәсіпорынды өзімізде ашқанымыз артық. Шымкентке дейінгі екі мың шақырым жол бар, тасымал бар, басқа да машақаттар жетерлік. Елбасының Жолдауында бизнесті қолдауға 600 миллиард теңге бөлініп отыр. Егер ұсақ талшық өндірісі Қостанайда салынса, оған көршілес облыстардан шикізаттар жеткізілер еді. Өйткені, полиэтилен өнімдерін бастан-аяқ қайта өңдейтін зауыттар солтүстік аймақтарда тапшы. Әрине, бұған қаржының аз жұмсалмайтыны белгілі, дегенмен ол жағына біз де барынша қолдау көрсетуге әзірміз, – деді Архимед Мұхамбетов.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ