Полк басқарған тұнғыш қазақ

image descriptionАт жалын тартып мінген азаматқа, ұлтын сүйген ұлға қазақ жерінің әр пұшпағы жат болмаса да, атамекенінің жөні тым бөлек. Қыранның қанат қағысы ұясында байқалатыны сияқты ұланның да болмыс-бітімі өскен ортасында қалыптасады. Қасиетті Торғай жерінен түлеп ұшып, еліміздің игі мұраты үшін еңбек еткен атпал азаматтарды санап тауыса алмаспыз. Олардың арасында өткен ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақстанның қорғаныс істер саласының өркендеуіне һәм қалыптасып, қанат жаюына айрықша қолтаңбасын қалдырып, иісі қазақ жұртының арасынан алғашқылардың бірі болып арнайы әскери білім алғандардың қатарында менің атам Қоғабай Жоламановтың тұрғанын мақтан етемін.
Торғай,сенен таптым ерлік бұлағын,
Сол бұлағың болды ұлғайып ұлы ағын.
Жер түбінде кісінесе бір жылқы,
Құлындарың қайшылайды құлағын.
 
Қашанда көк қаулап өсер ертеңге,
Сен осылай болмасам жыр шертем бе?
Адырнасын шірей тартқан садақтың,
Жебесіндей
Жетер даңқын ертеңге, – деп Қадыр Мырзалиев толғағандай,  халқымыздың жаужүрек дәстүрлерін құрмет тұтып, Отан үшін от кешуді асқақ парыз санаған атамның алғашқы қазақ полкының командирі болғанын ерекше атап өткім келеді.
Қоғабай Жоламанов 1896 жылы Тор-ғай уезінің Бесқопа ауылында орташа  шаруа отбасында туған. Орталықтағы Иванов мектебінде оқып, білім алып шығады. Қоғабай атадан алты ағайынды, ағалары: Садыйық оқымаған,әкесіне көмектесіп, інілерін асырап оқытуға қара жұмыс істеген, ағасы Садуақас діни оқыған жоғары дәрежеде ауыл молдасы болған, ағасы Масғұт Торғайдағы төрт сыныптық Иванов мектебін 12 жыл оқып, бітіріп, Орынбордың мұғалімдік гимназиясында 6 ай оқып,  халықтық-мұғалім тәжірибесін қабылдап, толық бітіруші дипломын алған. Сол диплом алғандар қатарында Торғайлықтар: Смағұл Өмірзақов, Нұрғали Жақсыбаев, Төлебай Қожин, Қаражан Топаев т.б 8 азамат бар. Інісі Салық ауыл мектебін бітірсе,кіші інісі Ғабдрахман ағаларының жеке шаруашылықтарын басқарған. Жоламанов Масғұт 1918-1938 жылдары Торғай ауданы бойынша оқу-ағарту саласында, "Халық мұғалімі", аудандық жетім балалар үйі (детдом) директоры, кейінгі 10 жылында аудандық оқу бөлімі меңгерушісі қызметтерін атқарған,сол кезде інісі Қоғабай да Иванов мектебінде оқып, орысша 4 сыныптық білім алған.
Дәл осы кезеңдерде Торғай өңірі тыншу көрмей, ақ патшаға қарсы дүркін-дүркін жаңа көтерілістердің ошағына айнала бас-таған-ды. Кеңес дәуірінде жазылған қазақтың тұңғыш қысқаша энциклопедиясында: "Торғайдағы халық бұқарасы қарсылығының өршуі, әсіресе, 1916 жылғы ұлт-азаттық, отаршылдыққа және феодализм-ге қарсы күресте айқын байқалады. Мұнан соң көтеріліс бүкіл Қазақстан территориясын тегіс қамтыды. Жазалаушы отрядтармен қарулы қақтығыстар бірнеше айлар-ға созылды. Әсіресе, Торғай облысындағы көтеріліс ең ұзаққа созылған, ең ұйымдасқан көтеріліс болды. Көтерілісшілерге халық батыры Амангелді Иманов пен большевик Әліби Жангелдин басшылық етті. Патша әскерлері көтерілісті қаталдықпен басып жаншыды. Көптеген көтері-лісшілер мен бейбіт халық қырғынға ұшырады" деп жазылған. Осы тұста енді ғана ат жалын тартып мінген он алты жасар бозбала Қоғабай да өзімен оқитын бір топ жігітпен бірге көтерісшілер "армиясына" араласып, Торғайдағы көтерілістің ошағы болған Тосын құмына дейін барады.
Ақыры ел мүддесі үшін жорыққа шыққан ол Әліби Жангелдиннің отрядында үш жылдан аса уақыт болады. Шайқастарға атойлап кіріп, дұшпанның сағын сындыратын батыл жігіттің ержүректігі сол тұста-ақ ауыздан ауызға тараған аңыздай болып кеткен еді. Көп ұзамай батыр мінезді азаматты Әліби Жангелдиннің өзі аңғарып, оны оққағары етіп алады. Әлібимен бірге Орынбор, Торғай, Шалқар ар-қылы пойызбен жылына екі реттен Петерборға барып-келіп жүреді.
Әліби Жангелдин 1919 жылы қарамағындағы сегіз жігітті бар беделін салып, Орынбордың әскери училищесіне оқуға түсіреді. 1924 жылы сол торғайлық сегіз жігіттің бесеуі әскери училищені толық бітіріп шықты. Олар Қоғабай Жоламанов, Ғабдыжауат Жаленов, Омарбек Ешанов, Сейтқали және Томай руынан шыққан Садуақас деген азаматтар болатын.
Қоғабай Жоламанов сол оқуда жүріп, Серов бандасын жоюға, Моңғолия мен Қытай жеріндегі кеңес-жапон қарулы қақтығысы – Халқын-Гол шайқасына, Орта-Азия басмашыларына қарсы күрестерге қатысып, жауынгерлік ерліктерімен көзге түседі. Қоғабай әскери училищені аға лейтенант шенінде бітіреді.
Осы орайда Қоғабайдың немере інісі, белгілі ақын Қайнекей Жармағамбетовтың айтуынша атамыз Орынбор әскери училищесін атақты орыс әскери қолбасшылары – Г. Жуков, К.Рокоссовский, И.Баграмян, В.Чуйковпен т.б. бірге оқығанын алға тартады. Оған дәлел ретінде ақын інісі Орынборға барған сапарында әскери училищенің мұражайынан Жоламанов Қоғабайдың жоғарыдағы аты аталған әскери қолбасшылармен бірге түскен училище бітірушілердің фотоларын көргендігін бізге әңгімелеп берген еді. Амал қанша, қазір сол суретті көңіл шіркін іздесе де, Қазақстанның тұңғыш астанасы болған шаһарға әзірше жол түспей тұр.
Қоғабай Жоламанов әскери училищені бітіргеннен кейін Орталық Бас штабтың атынан Саратов, Ашхабадта әскери округтердің бастығы, Ашхабад қалалық гарнизонының бастығы, Ташкент қалалық гарнизон бастығы, Өзбекстан КСР-нің әскери комиссары қызметтерін атқарған.
1934 жылы Қазақстан автономиялық республика болып, астанамыз Алматы қаласына көшіріп жатқан кезі еді. Сол жылдың тамыз айында Кеңес өкіметінің қорғаныс ведомствосы Бас штабтың шешімімен Қоғабай Жоламанов майор дәрежесімен Алматы қаласында жасақталған алғашқы қазақ полкінің командирі болып тағайындалады. Ұлы Отан соғысының майдангері, атақты шабандоз, майор Кәрім Әсеновтың "Жұлдыз" журналында жарияланған "Тұңғыш қазақ полкі" атты естелігінде қазақтың атты әскер полкы туралы құнды мәліметтерді алға тарта отырып, полк командирі Қоғабай Жоламанов жайлы: "Полкқа басшылық жасаған Қ.Жоламанов көпті көрген, бұрын Ташкентте әскери қызмет атқарған, тәжірибесі мол адам болатын. Ол жауынгерлерді үйретуде көп еңбек етіп, барлық күшін жұмсады" деп тоқталады.
1936 жылы қазан айында Қазақстанның жеке Одақтас Республика болуының 20 жылдығына байланысты Торғай ауданынан Алматыға 2 делегат,(Орталық ат-қарушы комитет-ЦИК шақыруымен) ауданның I-хатшысы Ахмержан Бошаев  пен оқу бөлімі меңгерушісі Жоламанов Масғұт сайланады. Ауданның I-хатшысы   Жоламанов Масғұттың, ауданға білімді мұғалімдер керектігін мақұлдап,Торғай қазақ мектебінің жақсы оқитын 10 баласын өздерімен бірге, жеке көлік жалдап, Шалқардан пойызға отырғызып Алматыға апарды.Сонда барған торғайлықтар: Байділдин Қабылда, Қали Махатов, Райхан Торғайбаев, Ахмет Садыйықов,  Балғымбай Нұрмағамбетов, Қайнекей Жармағанбетов, Жұмаш Досықов,  Сейтпазыл Әбдіғалиев, Қамал Дайыровтар  болатын.
Торғайдан барған ағасы Масғұтпен оқушы балаларды Жоламанов Қоғабай (Қазақстан Республикасының әскери казкомиссариат бастығы) I-Алматы теміржол станциясынан қарсы алып, бір күн үйінде қондырып, келесі күні 8 баланы Алматы мұғалімдер даярлайтын училищесіне алдырады да, 2 баланы Алматыдағы мектеп интернатқа орналастырады. Ағасы Мас-ғұтқа, Қазақстанға келгендегі мақсатым "Әр салада Қазақ жастарынан кадрлар даярлау, жастарды оқыту енді менің міндетім»  деп уәде береді. Жоғарыдағы аталған жастардың 8-і оқуларын бітірген соң Торғайға келіп,1960 жылдарға дейін, орталау, бастауыш мектептерде мұғалім болып, қаншама жастарды оқытып, тәр-биеледі.
Қоғабай Жоламанов КСРО Қорғаныс министрлігінің Орталық  бас штабында қызмет атқарған кезінде әр 3-4 жылда демалыс алып, Торғайға, Бестаудағы елде тұратын анасына келіп тұрған. Қоғабай анасы – Дәмегөйді ерекше жақсы көрген, өз сөзінде мен үшін "Отан-Ана " сол ана ғой деп айтып отырады екен. Бас штабта қызмет атқарып жүргенде, Москвада орыс қызына үйленген, 2 қыз бір ұлды болған. 1960 жылы отбасын іздеп барғанда тек кіші қызы Лора Жоламанова Қоғабаевнамен кездестік. Лораны Ленинградтың Политехникалық институтында Қайнекей Жармағанбетов оқытқан, кейін Жамбылдың қант заводында өндірстік  бөлімнің бастығы қызметінде істеді.
1938 жылы тамыз айында Алматыдан арнаулы вагонмен Қостанай арқылы елге-Бестауға, анасына келген. Жанында 15-тей отряды бар. Бестаудың Жайлаусор-Құмкөл елді ауылында бір жеті демалған.
Сол кезде Бестауға Қостанай облысының  I-хатшысы бастаған басшыларымен Торғай ауданынан А.Бошаевтар келіп, сәлемдесіп, қонақ та болған.
1938 жылғы сталиндік репрессия ұядай ұйып отырған Жоламановтар әулетін айналып өтпеді. Сол тұста Қоғабайдың Торғайдағы ағасы Масғұт халық жауы болып тұтқындалады. Жаманат қол ұстаса келгендей, іле-шала Қоғабай да зымияндардың қырына ілігіп, елдегі біреулердің көрсетуімен түрмеге жабылады. Бірақ, сол кездегі КСРО Қорғаныс комитетінің басшысы М.Тухачевскийдің араласуымен тұтқыннан босатылып, оған азаматтық қызмет ұсынылады. Дегенмен де, Қоғабай Жоламанов жанымен де, тәнімен де әскери қызметке берілгендіктен ұсынылған қызметке бармаған. Кейін Бас штабтың өкімімен Түркіменстан әскери гарнизонының басшысы, Орта Азия әскери округі бастығының орынбасары болып қызмет атқарып, кейін Ташкентке ауыстырылады. Қоғабай әр жылдары Кеңес Одағының маршалдары М.Тухачевскиймен, Б.Шапошниковпен жақсы байланыста болғанын атап өтуге болады.
Адамзат баласы миллиондаған бейкүнә жандардың өмірін жалмаған екінші дүние-жүзілік соғыстың қайғы-қасіретін әлі де ұмыта қойған жоқ. Бүкіл адамзатқа қайғы әкелген соғыстың тоқтауына, қырғынның сап тиылуына қазақ халқының қосқан үлесі орасан екені даусыз. Фашистік бас-қыншылық саясатты жермен-жексен ету жолында қазақстандықтар қанын да,   жанын да аямай өзге ұлттармен бірге   жанқиярлық ерліктің үлгісін көрсетті.
Майданға Торғай жерінен де мыңдаған боздақ аттаныпты. Аудандық әскери комиссариаттағы шақыру пункті арқылы соғыстың төрт жылы ішінде үш мыңның үстінде жастың майданға жіберілгені белгілі болып отыр. Соғыс басталғаннан кейінгі алғашқы айларда Қоғабай Жоламанов өзі тіленіп, майданға аттанған жоғары шенді офицерлердің бірі болды. Сондай-ақ, соғыс басталар алдында қазақта тек үш қана полковник болғанын, олар кейін генерал атанған Сабыр Рахимов және Шәкір Жексенбаев, ал үшіншісі Қоғабай Жоламанов екенін айрықша атап өтуге болады. Кейін ауылдағы көнекөздердің айтуы бойынша, 1942 жылы тамыз-қыркүйек айларында облыстан лектор келіп, жерлестері Қоғабай Жоламановтың ерлігі туралы Қостанай облысының "Большевик жол" газетіне шыққан мақаланы оқығанын білдім. Мақалада оның ұрыс даласында ауыр жараланып, госпитальға түскені, орденмен марапатталғаны туралы жазылған екен. Амал нешік, атама Жеңіс күнінің ақ жаңбырлы қуанышын көру жазбады. Соғысқа аттанған қалпы, майданда хабар-ошарсыз кетті. Туған жердің бір уыс топырағы бұйырмай, мәңгіге тыныстап жатқан жері белгісіз болса да, мен үшін баба рухы әрқашан жадымда жүргенін сеземін. Өз кезегімде қолыма қалам алып, атаның жауынгерлік жолын хатқа түсіруді парызым деп санадым. Біздер – соғыстың ызғарын сезбеген кейінгі ұрпақ үшін бабалармыздың Отан үшін кеудесін оққа төсеген ерліктері мәңгілік өнеге, рухтарының алдында басымызды ие бермекпіз.
Архат ҒАРЫПЖАН,
Л.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің студенті.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓