Тұрғын үйлерге жылу қашан беріледі?
Қостанай қаласы әкімдігіндегі аппараттық кеңесте осы мәселе талқыланды.
ТКШ бөлімінің басшысы Данияр Сәбитовтің айтуынша, орташа тәуліктік температура үш күн бойы 10 градус деңгейінде болса, тұрғын үйлерге жылу беріле бастайды. Ал мұндай температура 29 қыркүйекте басталады деп болжанып отыр.
Мектептер мен денсаулық сақтау объектілеріне жылу ертерек берілуі мүмкін. 100 білім беру нысанының 99-ы дайындық паспортын алған. 30 денсаулық сақтау мекемесінің 29-ы толық жылыну маусымына дайын. Жалпы тізімге қазір күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан нысандар ғана алынбаған. Олардың қатарында облыстық балалар ауруханасы бар.
Қостанайдағы 1184 тұрғын үйдің 1027-сі дайындық актісін алған. Қалған үйлерден ширағырақ қимылдау сұралып отыр.