ЕСКЕРТКІШ-ТАҚТА  ОРНАТЫЛДЫ

Қазақстанның бұрынғы астанасы Алматы қаласында 1986 жылдың 17-18 желтоқсан күндері өткен «Желтоқсан оқиғасы» Советтер Одағын сескендірген оқиға болды. Осы күндері Алматыдағы студенттер мен жастар КПСС Орталық Комитетінің Қазақстанды қазақтың басқаруына сенімсіздік көрсетіп, оның бірінші басшылығына Ресейдің қатардағы бір облысының бірінші хатшысын әкеліп, сайлатқанына өздерінің бейбіт қарсылықтарын білдіруге орталық алаңға жиналған еді. Бірақ, Совет үкіметі басшылығы жастардың бейбіт шеруін теріске жорып, үлкен қиянатқа барды. Тұтас бір ұлтты «қазақ ұлтшылдығына» жол берді деп кінәлап, жастарды азаптап, соққыға жықты, қару қолданды. Азаптаудың түрлі жолдарын көрсетті. Бұл оқиға тек Советтер Одағын ғана емес, бүкіл дүниежүзіне ой салды. Одақтас республикалардың жастары қазақ жастарының бұл батырлығын қолдады. Сондай батырлардың бірі – біздің жерлесіміз Бақыткүл Тұрғанқызы Мырзағазина еді. Ол бұрынғы С.М.Киров, қазіргі Б.Қолдасбаев атындағы орта мектептің түлегі болатын. Алматыдағы Абай атындағы, қазіргі ұлттық университетте оқып жүрген студент еді. Өз қатарластарымен бірге бейбіт шеруге шыққан Бақыткүл сол үшін  таяққа жығылды. Оқудан шығарылды. Соққыны көтере алмай, қан-жоса болып ауруханаға түсті. Институт басшылығы ата-анасына «қыздарыңызды алып кетіңіздер» деген шақыру жіберді. Үй-іші үрейленді. Әкесі марқұм Тұрған Мырзағазин Алматыға барып, пединститут басшылығына жолығып, ауруханада жатқан қызын ауылға алып келді. «Желтоқсан оқиғасы» салдарынан соққыға жығылған қыздың өмірі оңай болмады. Жанын жеген дерт ақыры Бақыткүлді 28 жасында алып тынды. Кейін еліміз Тәуелсіздігімізді алған соң Бақыткүлдің аты бірте-бірте атала бастады.
DSC_0231
 Алғашқылардың бірі болып Бақыткүл туралы осыдан 3 жыл бұрын облыстық «Қостанай таңы» газетінде көлемді мақала жазып, батыр қыздың ерлігін облыс жұртшылығына таныстырған едік. Іле  Абай Айтмағанбетов басқаратын Б.Қолдасбаев атындағы орта мектептің оқушылары Бақыткүлді іздестірді. Сөйтсе, Бақыткүлдің ата-анасы сол мектептің қасында тұрады екен. Мектеп оқушылары Бақыткүл туған, жерленген Көкалат ауылына барып қайтты. Суреттер түсіріп, бейнефильм жасады, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осылайша, мектеп ұжымы Бақыткүлдің аруағын ардақтап, ерлігін дәріптеді. Тәуелсіздігіміздің 27 жылдығы қарсаңында Бақыткүлді мәңгілік есте сақтау үшін мектеп қабырғасына оған ескерткіш-тақта орнатты. Ескерткіш-тақтаның орнатылуына аудан жұртшылығы мен басшылары, Бақыткүлдің анасы мен бауырлары, туған-туыстары, жерлестері қатысты. Бақыткүл  – әйгілі Кенесары ханның бас батырларының бірі Шәкір Қараманұлының ұрпағы болатын. Қанда бар ерлік орайы келгенде атойлап шыға келеді екен. 1986 жылдың 17 желтоқсанында оны бейбіт шеруге алып шыққан сол ата-баба қанындағы қайтпас қайсар рух болатын. Бақыткүл туралы аудан әкімі Ә.Б.Асанов, оның анасы М.Мырзағазина және сыныптас жолдасы, запастағы полиция полковнигі М.Сыздықов, Б.Қолдасбаев атындағы орта мектептің директоры естеліктер айтып, оның ерлігін жас ұрпаққа үлгі етті. Батыр қыз Бақыткүлді еске алуға арналған жиын аяқталар тұста мектептегі «Жігер» жас патриоттар клубының мүшелігіне бір топ оқушылар қабылданып, олар жиналған қауымның алдында ант берді.
Соңында батыр қыздың рухына арналып, Ас беріліп, дұға оқытылды.
Хамитбек МҰСАБАЕВ,
Суретті түсірген автор
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓