Шенеуніктер неге шеттетілді?
Қостанай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Виктор Панин үйден оқитын мүгедек балаларға материалдық қолдау көрсету және жасы 18-ге дейінгі жасөспірімдерге мемлекеттік жәрдемақы тағайындау барысында азаматтардан басы артық құжат сұратып, әуре-сарсаңға салып қойған. Ал мұндай әрекет мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарына қайшы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттік жанындағы тәртіптік кеңес мүшелері жағдайды жіті тексеріп, ар-намыстан аттаған В.Панинге сөгіс беруге ұсыныс жасады.
Осы аудандағы тағы бір шенеунік- аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Марат Темірбаев та заңды белшеден басқан. Ол жер телімін иелену құқығы мен жекеменшіктің қарамағына сатылатын жер телімінің кадастрлық құнын бекітер кезде тұрғындардан құжаттарды толық жинамаған. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы ескі стандарттардың ережесін пайдаланғаны анықталды. Тәртіптік кеңес мүшелері М. Темірбаевқа да сөгіс беру туралы пәтуға келді.
Жалпы,Қостанай ауданы әкімдігі қызметінен шеттетілген немесе жұмысынан өз еркімен кеткен мемлекеттік қызмерлердің саны бойынша ешкімге дес берер емес. Мәселен, соңғы бір жылда барлық штаттағы шенеуніктердің 22%-і өз еріктерімен қызметтерін босатқан. Соңғы үш жылдың бедерінде жүргізілген сараптаманың қортындысы Қостанай ауданында мемлекеттік қызметкерлердің жұмыстан шеттетілгенін көрсеткен. Аудан бойынша 2014-2015 жылдар арасында 51 шенеунік қызметімен қош айтысыпты. Бұл туралы тәртіптік кеңес секретариатының меңгерушісі Асхат Іскендіров мәлімдеді. «Біздің облыста қалыптасқан проблемалардың бірі ол, мамандардың жиі ауысуы,-деді ол.- Өткен жылдың маусым айынан бері әкімнің бір орынбасары, аппарат жетекшісі, аудан әкімі аппараты бөлімдерінің екі бірдей жетекшісі, төрт мекеме басшысы, селолық округтердің алты әкімі қызметтерінен кеткен». Бұл кезең ауданға Тәуба Исабаевтың әкім боп тағайындалуымен тұспа-тұс келеді.
Мемлекеттік қызметкерлердің жиі жұмыс ауыстыруына мемлекеттік сатып алу туралы, мемлекеттік қызмет көрсету заңнамаларын білмеуі басты себеп болып отырған тәрізді.
Айбек КӘДІРҰЛЫ