«Студенттік көктем» фестивалі басталды
Бүгін Қостанай облысында дәстүрлі «Студенттік көктем-2019» XXV фестивалі басталды. Іс-шараға өңірдегі сегіз жоғары оқу орнынан өнерлі студенттер, жанкүйерлер клубы, жастар субмәдениетінің бастамашыл топтары жиналып отыр.
Мақсат – студенттердің әлеуетін қолдау және дамыту, бір шығармашылық алаңда "Мәңгілік ел" жалпыұлттық идеясын іске асыру жағдайында жастарды рухани-адамгершілік, патриоттық тәрбиелеудің факторы ретінде студенттер шығармашылығының әртүрлі бағыттарын біріктіру, студенттік қозғалыстарды дамыту.
-Мыңнан аса студент жастың басын қосқан «Студенттік көктем-2019» фестивалі жиырма бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Қалыптасқан дәстүр бойынша, облысымыздың жоғарғы оқу орындары арасында жеребе тартылып, келесі фестивальдің ұйымдастырушысы мен жаңа модераторы анықталады. А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ алаңында бірнеше күн бойы өтетін мерекелік іс-шара бүгін бастау алды. Сондай-ақ, облысымыздағы барлық ЖОО студенттерінің қатысуымен ашылу салтанатының концерті өтіп жатыр, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының ақпараттық бөлімінің жетекшісі Жұпар Қожахмет.
Бірнеше күнге созылатын мерекелік шарада Жастар жылына арналған дебаттық турнир, "Ұлы дала жастары" КТК командаларының фестивалі, "Ақылды қалалар – ақылды ұлт" студенттік start-up жобалар байқауы, "ЖасSTAR" шығармашылық конкурсы, "Жігіт сұлтаны" сайысы, "Мен студентпін" фотокросы сынды түрлі жарыстар өткізу жоспарланған.
Аталмыш шараның ұйымдастырушылары "ЖасStar" ҚБ, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ және Қостанай облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма екенін атап өтейік.
Әсел ҚИБАШ
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков