Қазына қаржысы қайда құйылады?
Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың қатысуымен Қостанай облысы мәслихатының кезекті сессиясы өтті. Жылдың соңғы сессиясында 2019-2021 жылдарға арналған облыс бюджеті қайта қаралды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Ж.Т. Шаймарданованың баяндауынша, келер жылы өңірдегі барлық саланы ілгерілетуге қажетті қаржының есеп-қисабы даяр болып отыр.
– Келер жылы өңірді дамытуға қарастырылып отырған облыс бюджетінің жалпы сомасы – 14 млрд 789 млн теңге. Оның ішінде ең көп қаржы, 3 млрд теңге Әулиекөл ауданына, ең аз қаражат, 799 млн теңге Лисаков қаласына тиесілі болады. Ал жалпы алғанда, алдағы жылдарға еншіленген бюджет көлемі 200 млрд теңгеден асып жығылады. Оның 110,2 млрд теңгесі – республикалық қазынадан, – деп бастады баяндамасын Ж. Шаймарданова.
Аталған қаржының 5,5 млрд теңгесі келер жылы жұмыскерлердің жалақысын көтеруге жұмсалмақ. 61 млрд теңгесі басқармалар жұмысын жетілдіруге бағытталады. 1 млрд теңге ішкі істер органдарын техникалық, технологиялық жабдықтауға бөлінгелі отыр. Атап айтқанда, 172 млн теңге 26 қызметтік көлік , 22 млн теңге компьютер жабдықтарын, 3 млн теңге сала қызметкерлеріне өзара байланыс ұстауды жетілдіретін әмбебап нөмір сатып алуға, 50 млн теңге Қостанайда уақытша оқшаулау мекемесінің құрылысын жалғастыруға шығындалады. Төтенше жағдайлар қызметі де назардан тыс емес. Бұл саланың материалдық-техникалық жабдығына 290 млн теңге қарастырылған. Оның 238 млн теңгесіне авариялық-құтқару көліктері, 26 млн теңгеге арнайы жабдықтар,18 млн теңгесіне өрт сөндіру құрылғылары сатып алынбақ. 8 млн теңге көктем мезгілінде су айдындарында мұз жару жұмыстарына, тасқын қаупінің алдын алуға арналмақ. Әлеуметтік салаға да бөлінер қаржы қомақты.
– Облыста білім саласын дамытуға 2,6 млрд теңге қарастырылды. Бұл қаржылар облыс орталығындағы Аэропорт, Юбилейный шағын аудандарындағы мектептердің құрылысын жалғасыруға, Аманқарағай ауылында жаңа білім ошағын салуға жұмсалады.150 млн теңге үш нысанның күрделі жөндеуіне бағытталады. Олар – Қарабалық ауданының Боскөл орта мектебі, Қамысты ауданындағы Алтынсарин атындағы орта мектебі және Қостанай ауданындағы орта мектеп. 32,2 млн теңге Қостанайда үш жатақхананың жобалық-сметалық құжатын дайындауға, 100 млн теңге ауылдық жерлердегі оқушыларды тасымалдайтын автобустар сатып алуға, 84,7 млн теңге ЖОО техникалық және педагогикалық мамандықтарды жетілдіруге бөлінгелі отыр. Ал денсаулық сақтау саласының күрмеулі мәселелерін шешуге 2,3 млрд теңге, спорттық нысандардың құрылысын аяқтауға 100 млн теңге бағытталады, – деді Ж. Шаймарданова.Қостанайда тұрғын үй құрылысы қарқынын тоқтатпайды. Мәселен, Аэропорт шағын ауданында 12 несиелік баспана құрылысына 4 308 млн, инженерлік-коммуникациялық желілер тартуға 80 млн теңге құйылады. Ал Юбилейный шағын ауданында 2 115 млн теңгеге әлгіндегідей 4 тұрғын үй салынады.Қонай елді мекеніндегі, Қостанай ауданының "Астана-Бәйтерек" ауданындағы және Лисаков қаласындағы тұрғын үй құрылыстарын да келер жылы аяқтау жоспарда бар.
Облыста газ тарту жұмыстарының да табысты жүзеге асып жатқаны баршаға аян. Бұл бағыттағы жобалар келер жылы да жалғасын тапқалы отыр. Айталық, Әулиекөл, Федоров, Некрасов, Перелески, Силантьев елді мекендерін көгілдір отынмен қамтуға 1,3 млрд теңге бөлу көзделіп отыр. Ал 34 млн теңгеден астам қаржы Арқалық қаласының жылу -энергетикалық орталығының, Лисаков қаласының Октябрь ауылындағы газ қазандығының жөндеу жұмыстарына бағытталады. Шалғай елді мекендерге су тарту шаруасына 7,6 млрд теңге жұмсалады. Осы қаржы көмегімен Амангелді, Есір, Аманқарағай, Торғай, Антонов, Забелов, Челгашы, Златоуст, Новоильинов елді мекендерінде ауызсу мәселесі шешілмек. Мұның сыртында, жол жөндеу жұмыстарына 917,4 млн теңге салынады. Жіктей айтқанда, күрделі жөндеуге – 846,3 млн, орташа жөндеуге – 13,157,3 млн, ағымдық жұмыстарға 1037,1 млн теңге жұмсалады.
– Баршамызға мәлім болғандай, біз барлық саланы тиісті қаржымен қамтып отырмыз. Үстіміздегі жылы да бөлінген қаражат жектілікті игерілді. Бұл бюджеттік жоспарлардың сыртында, министрліктермен байланыс орнатып, тағы да қосымша қаржы тарту тетіктерін қарастыратын боламыз, – деп түйіндеді облыс әкімі А. Мұхамбетов.