Зейнетақыңызды SMS-пен “күзетіңіз”
Енді Қазақстандықтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке жинақтарының жай-күйін sms арқылы біле алады. Бұл туралы аталған қордан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «БЖЗҚ» АҚ 2019 жылдың 25 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің 2018 жылғы 11 қарашадағы №288 қаулысының күшіне енетіндігін хабарлайды. Оған сәйкес «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының (алушысының) зейнетақы жинақтарының (инвестициялық табысты ескере отырып) жай-күйі туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызметі электрондық үкімет порталында енді электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегінсіз де қолжетімді болады», – деп атап өтеді қордан.
Бүгінде зейнетақы жинақтарының жай-күйін мынадай бірнеше тәсілмен білуге болады:
-БЖЗҚ кеңсесіне тікелей келіп өтініш жасау; дәстүрлі пошта байланысы;
-электрондық тәсіл, оның ішінде, БЖЗҚ-ға ұсынылған жеке электрондық мекенжай;
-логин және құпия сөз немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып, БЖЗҚ порталындағы жеке кабинет;
-электрондық үкімет порталындағы жеке кабинет арқылы.
Айта кетерлігі, соңғы хабарлау тәсілін қолдану үшін тек электрондық цифрлық қолтаңба қажет болатын. Енді, үстіміздегі 25 қаңтардан бастап кез келген салымшы (алушы) бір реттік SMS-парольді қолдана отырып, жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме ала алады. Бұл үшін салымшы (алушы) электрондық үкімет порталының жеке кабинетінде тіркеліп, үзінді көшірме алуға сауал жолдайды. Содан кейін mGov мобильдік азаматтар базасында тіркелген салымшының (алушының) ұялы телефонына бір реттік SMS-пароль жіберіледі. Жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірмені электрондық тәсілмен алған өте ыңғайлы. Бұл зейнетақы жинақтары туралы маңызды ақпараттарды 24/7 режимінде алуға мүмкіндік береді.