Бүгін білім күні
Қостанайдағы №3 мектеп-гимназиясында Білім күніне арналған салтанатты жиналыс өтті. Алғашқы қоңырау мерекесіне жиналған оқушылар мен ата-аналарды облыс әкімі Н.Садуақасов арнайы құттықтады.

Көпшілік тағатсыздана күткен салтанатты жиналыс таңертеңгі сағат l0.00-де басталды. Алдымен еліміздің Әнұраны орындалып, биыл мектеп табалдырығын аттаған балақайлар мен он бірінші сынып оқушылары ортаға шықты. Шәкірттер дайындап келген тақпақтарын жатқа айтып, әннен шашу шашты.
– Дәл бүгін облысымыздағы білім ошақтары есіктерін айқара ашты. Жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын аттаған шәкірттер мен он бірінші сынып оқушыларын құттықтаймын. Патриотизм-Отанды сүюден басталады. Балақайлардың еліміздің нағыз патриоты болып өсуіне тілектеспін. Бүгінен бастап ұзстаздар үшін де жаңа оқу жылы басталды. Қостанайлық ұстаздар еліміздегі үздік оқытушылардың қатарында екенін дәлелдеп келеді. Сондықтан, биылғы жыл баршаңызға табысты болғай,-деді облыс әкімі Нұралы Садуақасов.
Мерекелік жиналыста мектеп директоры Ботакөз Нұрманова құттықтау сөзін сөйледі. Алғашқы қоңырау соғылып, оқушылар үйреніскен парталарына жайғасты. Облыс әкімі мектептің ішкі көрінісін тамашалап, сынып бөлмелерінің жаңа оқу жылына дайындығымен танысты.

Қымбат Досжанова
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков