ҒАШЫҚТЫҚ + РУЛАСТЫҚ = ?

"Жеті атасын білмеген – жетесіз" деген көнеден қалған сөздің астарында үлкен пәлсапа жатыр.   Қазақ халқы қашаннан кісімен танысу барысында бір-бірінен ру сұрасуды жөн санаған. Бұны әдет емес, міндет деп түсінген тіпті. Бұрындары ес біліп келе жатқан ұл-қыздарына жеті аталарын жаттатып, оны білмеу үлкен ұяттың белгісі екенін ұғындырған. Дана халқымыз мұның мәнісінің тереңде екенін білсе керек. Мұны ең әуелі тектіліктің, тәрбиеліліктің белгісі санаған. Екіншіден, ұрпақтың саулығын, қанның тазалығын сақтауды көксегеннен туындайды. Медицина мұны әлдеқашан мойындап да қойды. Физиологиялық қана емес, психологиялық жағынан да дені сау ұрпақ дүниеге келуінің кепілі – осы ата ғұрпы.Qos-gashik
Ал қазір заман өзгерді ме, әлде адам басқа ма, жоқ ұлттық тәрбиенің солқылдақтығы ма – жастарымыз жеті аталарын білмек түгілі, бір-бірінен ру да сұраспайды. Соның салдарынан, туысқан қыз-жігіт қосылып, екі әулеттегі жеті ата дауы өршіп кеткен сұмдық жаңалықтарды естіп жатамыз. Жеті атаны түгендей алмау – тегіңе ғана емес, болашаққа да құрметпен қарамаумен бірдей екенін түйсіну керек-ақ. Өйткені, тектілік – сезімнен де биік тұратын құндылық. Асылында, бұл баба өсиеті қазақ баласының санасына бесіктен белі шықпай тұрып сіңірілуі тиіс. Өзектілігін жоғалтпаған бұл пікірімізді қазіргі қоғам қаншалықты жақтайды? Жастар не дейді? Үлкендер ше?
Бәйтенова Несібелді, зейнеткер: Бұл ата-бабамыздан келе жатқан заң ғой. Ерте кезде екі жас бір-бірінен руларын сұрап, ата-анасының игі баталарын алып барып қосылған. Ол кездегі заң өте қатаң. Қанша жерден ұнатып тұрса да, үлкендердің айтқаныннан шыға алмайтын. Жеті атаға жетпей қосылған жастардың ұрпақтары болмайды деп есептеген. Болған күннің өзінде кемтар болып туылады деп болжаған. Сондықтан да жастардан  жеті аталарын жатқа біліп, танысқанда руларын сұрауды талап ету керек. Өз басым жеті атаға жетпей қыз алысуға қарсымын.
ЕржанЕржан Замзин, 20 жаста: Әрине, бұл бұрыннан келе жатқан қазақ халқының заңы ғой. Дегенменде, қазіргі жастар жеті атадан аспаса да қосыла береді. Мен де бұған сенбеймін. Достарымның арасында бірін-бірі  сүйіп, қосылып  жатқан жастар бар.  Балалары бар, бақытты отбасы. Ең бастысы, ата-ананың, туған-туыстың келісімі. Рұқсат етпеген күннің өзінде, жасырын үйленіп, ата-аналарымен қарым-қатынасты бұзып жатқан жастар бар. Ол дұрыс емес. Жастар бақыты үшін ата-ана ризашылығын білдіру керек деп есептеймін.
 
 
 
 
 
айзатАйзат Асылбекова, 21 жаста: Бұл сұраққа қиянат деп жауап бергенім дұрыс болмас. Бірақ, екі ғашық бір-біріне ынтық бола тұра қосыла алмаса, қиянат емей немене? Шыны керек, жеті атаға мән беріп жатқан жастар жоқ. Бәріне топырақ шашудан аулақпын. Бірақ, қазіргі таңда тіпті жеті атасын білмейтін жігіттеріміз де жетерлік. Өз басым бұған қарсымын. Арғы аталары бірдей қыз бен жігіт қосылмаулары керек. Бүгінде жақын адамдардың отбасылы болуынан сан алуан дерт етек алып жатыр. Осы туралы дәрігерлер де дабыл қағып жүргелі қашан. Ал, мұны ата-бабаларымыз медицинаға дейін әлдеқашан дәлелдеп те, ескертіп те қойған. Еліміздің келешегі –жастардың қолында. Сондықтан өзімнің замандастарыма ата-баба дәстүрін сақтауды кеңес етер едім.
 
 
 
Абзал Әуезхан, 35 жаста: Меніңше, жеті атадан аспай қыз алыспау ол қан тазалығы үшін ғана. Медицина да бұны дәлелдейді. Ал, жалпы, өте жақын емес, дегенмен де ру жағынан туыстығы бар жастардың қосылуына еш қарсылығым жоқ. Қазіргі таңда қыздарымыз өзге ұлттың ер-азаматтарына тұрмысқа шығып, ұлдарымыз өзге ұлттың қыздарына үйленіп жатыр. Осыдан қорқу керек. Ертең ұрпақтарымыз әртүрлі ұлттан болып шықса таң қалуға болмайды. Содан соң қайсымыз қазақ, қайсымыз басқа ұлт екенімізді айыра алмай қалмайық. Бастысы, қазақ қызы тек қазақ жігітіне қосылса болды.
 
Ақбота Сақұлова

You may also like...

4 Responses

  1. Ерлік айтты:

    Ата-бабамыз жеті атаға жетпей қыз алыспауды заң ретінде орнатып кетсе, бір жөнін білгендері де! Мен Несібелді апаның ойына қосыламын. Жастар махаббат деп ата-баба заңын бұзбайық!

  2. Мағауия айтты:

    Құдай-ау жастар қайда бара жатыр! Бөлелер, жақын туыстар қосылып жатыр деді. Осыдан-ақ ақырзаман жақындап қалды ма деп ойлап қоямын кейде. Қазақ қазақ болғалы ата-баба дәстүрін бұзбаған!

  3. Дүйсен айтты:

    Айналайын қарақтар! Қазіргі заман басқа. Жеті атадан асып кеткен менің келінім мен ұлым. мысалы. Оныншы атадан асты қателеспесем. Уйленуге абден болады. Ал жеті атаға дейін болса, онда қыз алмау керек сол рудан.

  4. Талғат айтты:

    Абзал Әуезханның пікірімен келісуге болады. Таза қазақ халқының саның көбейтер болсақ, руластық бізге шектеу болып, үлкен кедергісін келтіреді. Екеуі екі бөлек елді мекеннен, тек жәй ғана рулас болса шаңырақ көтере беруге болатын секілді. Бірақ, "ғашықпын, ғашықпын" деп сезімге аса беріліп, ағаттық жасауға болмайды. Тым жақын туыс, арлас-құралас болсаңыздар ақылға салған да жөн. Өз басым бұндай жағадайға түскен ғашықтарды көрмедім.   

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓