Жұмыс жеміссіз емес
Өткен жылы Елбасы өзінің халыққа арнаған Жолдауында Үкіметке «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды.
«Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдер экономикасының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты», – деді мемлекет басшысы.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының төрт негізгі бағыты бар. Соның бірі ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін арттыру.
Сандық технологиялар, әсіресе, жергілікті жерлерде халықтың және бизнестің мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуін оңайлатып, ақпарат алмасуды жеделдетеді, бизнесті жүргізу үшін де жаңа мүмкіндіктер пайда болады.
Сандық технологиялар, әсіресе, жергілікті жерлерде халықтың және бизнестің мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуін оңайлатып, ақпарат алмасуды жеделдетеді, бизнесті жүргізу үшін де жаңа мүмкіндіктер пайда болады.
Агрокешенді цифрландыру еңбек өнімділігін еселеп, шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Яғни, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы саласына басымдық берудің маңызы зор.
-Бүгінде ауданда 29 мың гектар егістік алқап (100% егістік) цифрландырылды. Қазіргі таңда аудан шаруашылықтары жайылымдарды цифрландыруды жүзеге асыруды қолға алып жатыр. Барлық жайылымдық жердің 15%-тен астамы немесе 105 га алқап цифрланып отыр. Бұл жұмыстар әлі жалғасын табады. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында ауданда «Жол картасы» әзірленді. Ауылшаруашылық техникасының нақты жұмысын бақылау, тұқымдарды оңтайлы пайдалану және жанар-жағар май шығынын 10%-ке төмендету мүмкіндігіне ие GPS-трекерлер «Новонежин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен ауылшаруашылығы техникаларына пайдалануда. Мал ұрлаудың алдын алу, жануарларды қашықтықтан қадағалауды жүзеге асыратын «Бикен» «Кенесары» шаруа қожалықтары электрондық чиптерді қолданып жүр. Сонымен қатар, «Азамат» шаруа қожалығы жыл аяғына дейін «электрондық малшы» деп аталатын ұшқыш-дрондарды енгізуді жоспарлап отыр. Бұл құрылғы арқылы табиғи шабындықтар мен жайылымдардағы азықтардың жай-күйіне мониторинг жүргізуге көмектеседі. «Кошкодан» шаруа қожалығы егістіктің жай-күйін анықтау, дақылдардың өсу сапасын және олардың аурулармен зақымдану ықтималдығын бағалау үшін DJI маркалы дрон сатып алды. Соның арқасында шаруашылық көп ақпаратты жинау және өңдеу мүмкіндігіне ие болды. Бұл табыстың артуына және өнімділіктің жақсаруына септігін тигізеді,-дейді Жанкелдин ауданының әкімі Шота Оспанов.
Ауданда білім беру саласында да «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы өз қолдауын тауып отыр. Мәселен, автоматтандырылған «Күнделік» ақпараттық білім беру жүйесі, педагогтар, ата-аналар және оқушылардың мүмкіндіктерін біріктіретін бірыңғай желінің үлкен пайдасы тиіп отыр. «Күнделік.kz» электронды журналы Жанкелдин ауданындағы барлық білім ошақтарына енгізілген.
Сонымен қатар, «Алюминстрой» ЖШС-нің демеушілігімен құны 8 млн 430 мың теңгелік «Робототехникаға негіздеу, бағдарламалау және модельдеу» кабинеті мен зертханасы іске қосылды.
-Елбасының тапсырмасына орай, аудан дәрігерлері қағазсыз медициналық құжаттамаға ауысуды бастап кетті. Жоспар бойынша 2020 жылға қарай электронды денсаулық паспорттарын қалыптастыру аяқталады. Жаңа технологияларды пайдалану емделушінің медициналық деректерін қадағалауға мүмкіндік береді және медициналық көмектің сапасына тиімді әсер етеді. Жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Үстіміздегі жылы паспорттардың 96% цифрланды. Бұл болашақта дәрігерлер уақытын үнемдеп, емделушілерге көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік беретіні анық, – деді аудан басшысы.
Жалпы, аудан басшылары «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға ерекше мән беріп отыр. Осылайша, шалғай өңірде заманауи технологияны енгізу жұмыстары одан әрі жалғаса бермек.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.