Тарихты тануға талпыныс
Күні кеше жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы көне тарихымызға мұқият көңіл бөліп, зерделеуге зор мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе, елдегі тарихшыларға қозғау салары анық. Тобыл-Торғай топырағы да талай сырды жасырып жатыр-ау. Туған өлкенің тарихына қатысты небір тың деректер шаң басқан архивтерде сақталуы әбден мүмкін ғой. Осы ой туралы тарих ғылымының докторы, профессор, Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Еркін Әбілмен әңгімелесіп, Елбасы мақаласында айтылған өзекті мәселелерді талқылаған едік.
-Еркін Аманжолұлы, сіздің мамандығыңыз тарихшы болғандықтан Елбасы мақаласына қатысты айтарыңыз бар шығар.
–Әрине, Елбасының мақаласы жариялана салысымен оқып шықтым. Мақалада айтылған ойлар, қойылған мақсат-жоспарлар, бастама ретіндегі бағдарламалар орындалатын болса, расымен де тарихи санамыз кемелденіп қалар еді. Жалпы, тарихи сана ұғымын ұлттық сананың негізі деп есептеуге болады. Біз «Рухани жаңғыру» мәселесімен бір жарым жылдай айналыстық қой. Сол уақыттың ішінде көптеген даулы мәселелер туындады. Көпшілік арасында «Рухани жаңғыру дегенімізді қалай түсінсек болады? Сананың жаңғыруына не нәрсе әсер етеді?» деген сияқты сауалдар қойылғаны рас. Елбасының бүгінгі мақаласы – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының тек қана жалғасы емес, негізі.
Біз тарихи сананы өзгертпейінше, қоғамдық сананы қалыптастыра алмаймыз. Себебі, тарихи сана дегеніміз тарихты зерттеумен, оқулық жазумен шектелмейді. Біз кімбіз, қайдан шықтық, осы жерге қалай келдік, біздің тарихи жолымыз қандай? Қоғам осы сауалдарға жауап іздеп, табуы керек. Әрбір адам алдына мақсат қоюдан бұрын өзінің кім екенін түсінуі керек қой. Қоғам да дәл солай. Сондықтан тарихи сананы қалыптастыру, тарихи сананы жаңғырту өте маңызды мәселе. Тарихшылар мұндай жұмыстармен айналысып жүр. Елбасының мақаласынан кейін, тарихқа деген қоғамның көзқарасы өзгереді деп ойлаймын.
Жылқыны алғаш қолға үйретудің Ботай мәдениетінен басталғанын біз бұған дейін талай айтып келдік. Біздің студенттеріміз төрт жылдан бері Ботай қоныстарына барып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүр. Ол жерде қазба жұмыстарын жүргізген археологиялық экспедицияның жетекшісі В.Ф.Зайберт бізде жұмыс істеді. Жылқы өсірудің, оны қолға үйретудің ең алғашқы қонысы Ботай мәдениетінен – Солтүстік Қазақстанды мекендеген тайпалар мәдениетінен басталатынын біз бұрын да айтып жүрдік. Бірақ бұл пікірге көпшілік назар аударған жоқ. Археологиялық жұмыстарды қаржыландыру өте қиын болды. Мұны біздің өзіміздің облыстық мәдениет басқармасы да жақсы біледі.
Қостанай облысында археологиялық ескерткіштер өте көп. Елімізде қаншама миграция (көші-қон), көптеген этникалық топтарі, археологиялық мәдениеттер болды. Солардың бәрі де Қостанай жері арылы өтті. Себебі, солтүстік пен оңтүстікті, оңтүстік пен солтүстікті, тіпті шығыс пен батысты жалғаған көші-қон жолы Қостанай арқылы өткен. Археологиялық жағынан біздің аймақ толық зерттелді деп айту қиын. Осы тұрғыдан алғанда Елбасының мақаласы арқасында жабулы қазанның беті ашылып, көмескі деректерге жан бітеді деген сенім бар.
-Археологиялық зерттеулерге студенттерді тарту жағы қалай?
-Университетіміздің бірінші курсының студенттері, тарихшылар, оқытушылар Елбасы мақаласында айтылған Ботай қонысына жыл сайын барады. Сол жерде қазба жұмыстарын жүргізеді. Өзіміздің университетте сол жерден табылған көптеген артефактлар бар. Біздің ұжымда, оқу ордасында жастар арасындағы тарихи сананы қалыптастыру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келе жатыр. Тарихи сананы қалыптастыруда біріншіден, мектеп оқулығы, екіншіден, әртүрлі визуалдық құралдар, киноның орны ерекше. Осы тақырыпта біздің университетте екі жыл бұрын дипломдық жұмыс жазылған. «Тарихи сананы қалыптастырудағы кинематографтың ролі» деген дипломдық жұмыс болған. Яғни, біз бұл мәселемен айналысуды бүгін ғана бастаған жоқпыз. Кәсіби тұрғыдан бұрыннан бері қолға алдық.
Елбасы ұсынған «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасы отандық және шетелдік мұрғаттар дүниесін зерттеуге жол ашады. Мұрағат – мәңгілік мұра, ондағы деректер өзімізді танып білуге шақырады. Тарих дегеніміз үлкен ғылым. Оның негізгі зерттейтін объектісі – дерек, жазба деректер. Сондықтан, архивті зерттемей, тарих ғылымы дамымайды. Ал енді Қостанай тарихы жөніндегі тарихи деректердің көбі Ресейде. Біздің өткенімізге қатысты кейбір деректер Орынбор, Санкт-Петербург, Мәскеуде, Омбыда жатыр. Оларды зерттеу керек. Мәскеудегі мемлекеттік архивтер де қызықтырады. Онда бізге мәлім де беймәлім құжаттар болуы бек мүмкін. Көптеген құжаттар революция, азамат соғысы кезінде басқа елдерде қалды. АҚШ, Ұлыбритания, Франци архивтерінде көптеген белгісіз құжатар бар. Шығыс елдері, Стамбұл архивінде біз білмейтін құжаттар бар. Осының бәрі кешенді жұмысты талап етеді. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша көптеген жұмыстардың атқарылғаны рас. Десек те, еліміздің тарих жылнамасындағы көптеген құжаттар әлі де болса зерделеуді қажет етеді. Архивтен табылған құнды деректерді жай ғана жариялаумен шектелмей, көпшілікке таныстыру керек. Елбасының мақаласы осындай үлкен жұмысқа қозғау салатын игі бастаманың басы деп есептеймін. Осындай жұмыстармен айналысуға бізде ресурстық, кадрлық мүмкіндіктер жеткілікті.
-Қазақстан тарихындағы қай кезең дұрыс зерттелмей жатыр деп есептейсіз?
–Қостанай өңірін алсақ, бізде орта ғасырлық тарих мүлде белгісіз. Оны ешкім зерттемейді. Азды-көпті археологиялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-дың археологиялық топтары бар. Олар Бестамақ обасына барып, қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Торғай жағына Астанадан, Алматыдан археологтар баруда. Бірақ, бұл аздық етеді. Себебі, біз қазіргі Қостанай қаласы салынғаннан кейінгі тарихты нақты білеміз дағы, орта ғасырдағы, Қазақ хандығы, Сібір хандығы кезеңі, Ноғай ордасының кезеңінде біздің өңірімізде қандай жағдайлар болғанынан мүлдем хабарсызбыз. Сол уақыттары Қостанай жерінде ештеңе болмаған секілді. Ал тарихи деректерді қарасақ, Тобыл-Торғай өңірі Алтын орда кезінде үлкен ұлыстың территориясы, орталығы, ордасы болған. Бірақ қостанайлықтар ол жөнінде білмейді. Алтын орда тарихын сұрасаңыз бәрінің айтатыны Батый хан мен Мамай батыр. Әбілқайыр ханның ұлысы осы Қостанай жерінде болған. Ұлытау шайқасындағы Мұхаммед Шайбани кім екенін жас ұрпақ білуі керек. Оның туған жері – Торғай даласы. Өзінің жазған өлеңдерінде Торғай даласын суреттеп жазған. Мұны да көпшілік біле бермейді. Ақтөбе мен Торғай даласын мекендеген Қара қыпшақ Қобыланды батырдың бейнесі таныс. Ол Әбілқайыр ханның белгілі қолбасшыларының бірі болған. Әбілқайыр ұлысының негізгі территориясы Қостанай, Торғай жері. Оны біз айтпаймыз, себебі қостанайлықтар дұрыс білмейді. Бүгінде әр қазақ тек қана өз руынан шыққан батырды біледі. Оның есімін ғана атап, қандай ерлік жасағанын айтады. Ал нақты тарихын жатқа айта алмайды. Зерттеуді қажет ететін осындай құнды мәліметтер қолжазба деректерде баршылық.
Университетте Қостанай өңірінен шыққан, осы аймақққа қатысы бар тарихи тұлғалардың галереясын жасау ойымызда бар. Алдымен галерея, кейін кітап шығарып, мүмкіндік болса кино түсіргіміз келеді. Біз бергідегі тарихи тұлғаларды ғана білеміз. Әрі барайын десек, тіліміз күрмеліп қала береді. Тұлғалар дегенде ағартушы ұстаз Ыбырай Алтынсарин, одан кейін алаш арысы Ахмет Байтұрсыновты, Міржақып Дулатовты айтамыз да, Ахмет Бірімжанов деген азаматтың болғаны туралы ауыз ашпаймыз. Ел есінде көмескілене бастаған, ескерусіз қалған есімдер бар. Соны зерттеп, олар туралы жариялап, көпшілікке таныту керек. Біздің ойымызда жүрген осындай мәселелердің түйінін тарқатуға Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы сеп болады деген сенім бар.
-Ой бөліскеніңізге рахмет.