Ғалымжан МЕЛДЕШЕВ: «Латынға көшу емес, оралу»
«Латын әліпбиіне көшу – болашаққа бастар бағыт» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдешев осылай деді. Өңірімізде өткен үлкен жиынға Ақмола, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарының тілдерді дамыту басқармаларының, жоғары оқу орындарының басшылары мен ғалымдары, «Мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне көшуі» арнайы жобасы бойынша құрылған ақпараттық-насихат топ мүшелері мен сарапшылар, БАҚ, зиялы қауым, ҮЕҰ өкілдері қатысқанын айта кетейік.
Қазақ жері өткен ғасырда латын әліпбиін қолданудан ешқандай қағажу көрген жоқ. Керісінше, өркениетке апарар қадамдардың бастауында болды. Латын әліпбиіне көшу үдерісін ХХ ғасыр басында Алаш арыстары көтергені мәлім. Еліміздің тарихында бұл қаріптің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929-1940 жылдары қолданыста болып, кейін кирил емлесіне ауыстырылғаны белгілі. Ал тәуелсіздік алған жылдардан латынға өту мәселесі қоғамда қайта көтеріліп, алғаш рет 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында айтылған болатын.
2012 жылы Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Біз 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керек» деп нақты мерзімді жария етті. Латынға көшудің терең мәні бар, оның басты мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және тілдің болашағына сенімді нығайту. Бұл тіліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, қолдану аясын кеңейту түсетіні анық. Өйткені, бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процестерінің ерекшеліктерімен байланысты.
Биыл елімізде жаңғыртудың жан-жақты дамуын айқындап берген «Болашаққа бағдар: Рухани Жаңғыру» мемлекеттік бағдарламалық мақаласына бір жыл толды. Президентіміз мақалада қазақ тілінің латын қарпіне көшуіне байланысты келелі міндеттерді кезең-кезеңімен жүзеге асыруды тапсырып, бұл бастаманың елдің рухани болмысы мен қоғамдық ой-санасын өзгертіп, оны жаңғыртуға зор үлес қосатынын айтқан болатын. Бір жыл ішінде бағдарлама аясында ауқымды жұмыстар атқарылды. Ғалымдар ұсынған жаңа әліпбидің нұсқасы жалпыхалықтық талқылауға түсіп, өткен жылы қазан айында Президент Жарлығымен бекітілді.
Халқымыздың рухани жаңғыру жолының негізінің бірі әрі бірегейі – тілдік реформа. Сол тілдік реформаның негізін қалап, заманға лайықтаған да – Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстары. Ал қазақ графикасы түркі тілдерінің ішіндегі ең озық, ең жетік, ең жүйеленген екенін сол замандағы КСРО-ның танымал ғалымдарының өзі мойындаған. Сол себепті, бүгінгі конференцияның Ахаң туған өңірде өтуі аса маңызды екеніне тоқталған А.Байтұрсынов атындағы Тіл институтының директоры Ерден Қажыбек жаңа қазақ әліпбиін әзірлеудің үш артықшылығын атап өтті:
– Біріншіден, әлемнің қырықтан астам мемлекетін мекендейтін қазақтың үлкен шоғыры латын әліпбиін кеңінен қолданып отыр. Сол себепті, бұл тұтастығымыздың кепілі саналады. Екіншіден, бұл үдеріс біздің еліміздің түркітілдес халықтармен ғылым, техника, мәдени-рухани жағынан жақындауына мүмкіндік бермек. Үшіншіден, латынға өту Қазақстанның басқа мемлекеттермен экономика, қаржы, сауда басқа да салалар бойынша бәсекелестігін күшейтіп, инновациялық болашаққа қадам жасауына серпін болады. Ендігі бір ескеретін жағдай, біз тек қазақ тілін латынға көшіреміз демеуіміз керек, мұны Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін жаңа әліпбиге көшіру деп қабылдағанымыз жөн, – деді ғалым.
Әліпбиді латын қарпіне көшіруді жалпыұлттық талқылау жоспарына сәйкес ақпараттық түсіндіру жұмыстары басталып, қазіргі уақытта кеңінен жүргізілуде. Қостанай облысында да қазақ тілін латынға көшірудің өңірлік іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Бұл науқанға мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, аймақ жастары белсенділік танытуда.
Қазақ тілін латын графикасына көшіру жұмыстарына жергілікті БАҚ-тың қосқан үлесі зор. Соның ішінде біздің газетіміздің осы науқанның басынан табылғанын облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Меңдекенова ерекше атап өтті. Айтып өтетін жайт, «Қостанай таңы» газеті тіл мамандарының қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырып, авторлардың мақалаларын үзбей жариялап келе жатыр. Қазір көпшілік оқырман үшін басылымымыздың сайтының басты бетінде орналасқан «Латын әліпбиіне көшіңіз» транслитерациялау қосымшасын пайдалауға мол мүмкіндік бар.
Бүгінгі таңда Үкімет басшысының төрағалығымен құрылған ұлттық комиссия жанынан жұмыс топтары терминологиялық, орфографиялық, лингвистикалық, ақпараттық салалар бойынша қыруар шаруамен шұғылдануда. Сәтін салса, биылғы жылдың аяғына дейін латын графикасының емле-ережесі әзір болып, келесі жылдан мектепке дейінгі бүлдіршіндер жаңа қаріппен оқытыла бастамақ.
Белгілісі, жаңа таңбалауға өтудің алғашқы кезеңінде басым салмақ ұстаздар корпусына жүктеледі. Демек, жоғары оқу орындарындағы тіл саласы кафедралары, жергілікті әкімдіктердің тілдерді дамыту басқарма-бөлімдері мен мектеп мұғалімдерін үлкен науқан күтіп тұр. Ал келер жылдың аяғына дейін ғалымдардың мақұлдауынан кейін елімізде үлкен орфографиялық сөздік пен ережелердің жиынтығы жарық көрмек.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ