Лингвист-ғалымдар латын әліпбиінің “соңғы нұсқасы” таңдалғанын хабарлады
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру тұрғысындағы негізгі ғылыми жұмыстарды аяқтағанын мәлімдеп, 2021 жылы сәуірде жарияланған латын әліпбиі түпкілікті нұсқа деп танылатынына үміт білдірді. Бұл жөнінде Informburo.kz сайты жазды.
(2021 жылы сәуірде жарияланған нұсқа)
Институт өкілдерінің айтуынша, 2022 жылы ғалымдар латын әліпбиіне негізделген қазақ тілінің жаңа орфографиялық анықтамалығы мен үлкен орфографиялық сөздігін әзірлеген. Қазір институт үкіметке бір нұсқаны ғана таныстырды. Оны институт өкілдері мен лингвист ғалымдар және филологтардан құралған орфографиялық комиссия әзірлеп, дамытқан.
"2021 жылы сәуірде қабылданған қазақ тілінің латын нұсқасы түпкілікті болады деп үміттенеміз. Ортологиялық еңбектерді саяси шешім қабылдау үшін жоғарыдағы инстанцияға жібердік", – деді институт өкілдері.
2021 жылы сәуірде нормативтік-құқықтық актілер сайтында Қазақстан президентінің жарлық жобасы жарияланып, оған латын әліпбиі талқылауға шығарылған еді. Әуелде таныстырылған диграф және апострофы бар латын әліпби нұсқалары қоғамда сынға ұшырады. 2018 жылы ақпанда бұрынғы Президент Назарбаев латын әліпбиінің үшінші нұсқасын (ерекше дыбыстарды белгілеу үшін диакритикалық таңба қолдануды ұсынған нұсқа) бекіткен. Оны да қоғам жылы қабылдамады. Енді Үкімет 2023 жылдан бастап 2031 жылға дейін латын әліпбиіне кезең-кезеңімен көшуді жоспарлап отыр.