ТЫҢ СЕРПІН

       АязбековТөл руханияттағы көптен бергі үйездеп қалған қазынамыз қайта түлеп, қайта серпіліп  жарқырай, жаңғыратын болды, ағайын. Тарихи тамырымыздың қаны бүлк-бүлк соғып, әлемдік өркениет үдерісіндегі ұлтымыздың еңсесі көтеріліп, бой түзеп, жүзі нұрлана түсері анық,  ағайын. Себебі, Елбасы «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласын жариялап,  ел жүрегіне, халық сана-сезіміне сәуле түсірді. Дала жұртының өшпес құндылықтарын қастерлеу, мақтан тұту және  бүгінгіні бағалау критерийлерін  айқын көрсетіп берді. Әсіресе, Елбасы Ұлы даламыздың бірінші қыры –  «Атқа міну мәдениеті» тақырыбы бойында қазақы қаны бар кез келген азаматты елең еткізері сөзсіз. Қазақтың бүкіл тарихи болмысы жылқымен біте қайнасқан, жылқымен тағдырлас. Президентіміз жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін,  сол қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дəуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болғанын, сөйтіп, жаһанда шаруашылық пен əскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашқанын, атқа міну мəдениетінің де негізін қалағанын атап көрсеткен. Бұл – бүгінгі жас ұрпақ тереңінен зерделеу үшін үшін бағалы код.
        Ал енді «Аң стилі» ұлтымыздың жан-дүниесіне қозғау салатын, айрықша ықыласын оятар құндылық.  Қазақстанның ежелгі  тұрғындарының жазуы мен мифологиясы бар озық мəдениеті болғаны, жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану көшпенділердің рухани бағдарын айқындағаны,  «аң стилі» феномені əлемдік өнердегі биік белестердің бірі саналатындығы отандастымызды бей-жай қалдырмайтын қызықты да тағлымды болатыны айдан анық.  Біле-білсек, бұл – біз әлі қанбаған, әлі тереңіне бойламаған қазына. Бұл – алдағы уақытта ерекше ықылас оятар тағлым алар өзіндік әлем.
      Қазақ даласының алмасы мен қызғалдағы ежелден-ақ жан қуанышы,табиғат сыйы. Осы бір адам жанына дауа әрі сұлулық құдіретін бойға дарытар құндылықтарды бағалу әрі құнттауға келгенде ұқыпсыздығымызды  Елбасы дер кезінде байқады. Ендігі жерде осы екі жанды жәдігерлерімізді түлету, жаңғырту – елдігімізге сын.
      Сонымен қатар, "Ұлы дала" атты ежелгі өнер жəне технологиялар музейін, "Ұлы даланың ұлы есімдері" атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу, "Ұлы Дала тұлғалары" атты ғылыми-көпшілік серияларды шығару, "Дала фольклорының антологиясын" жасау, "Ұлы даланың көне сарындары" жинағын басып шығару, тарихты кино мен телевизияда бейнелеу сияқты ауқымды  жобалар, фестивалдар мен зкспедициялар, мәдени күндерді ұйымдастыру секілді нақты бағыт-бағдар алдағы ауқымды істерге мұрындық болары сөзсіз.
      Елбасының бұл мақаласы «Рухани жаңғыруды» жалғасы ғана емес, жаңа сатыға көтеретін, тың серпін беретін құбылыс болмақ. Қазіргідей өркениет әлемі қарқынды даму сатысын бастан кешіп отырған кезеңде еліміздің әлеуетін байқатар лайықты қадам болатынына сеніміз нық.
 
Жанұзақ АЯЗБЕКОВ,
Қостанай облыстық «Қостанай таңы»
газетінің директоры-Бас редакторы,
Қазақстан  журналистикасының қайраткері.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓