Ораза кестесі жарияланды
2017 жылы Хижра күнтізбесі бойынша қасиетті Рамазан айының алғашқы күні 27 мамырда кіріп, 25 маусымға дейін жалғасады. Muftyat.kz сайты ел әр қалаларындағы Ораза кестесін жариялады.
Рамазан айы:
– Жаратқанның мұсылман жұртына жасаған ұлы тартуы;
– айлардың ең қайырлысы, уақыттың ең қасиеттісі де киелісі;
– ақ пен қараны ажыратып, тура жолды көрсетуші «Құран» атты ұлық пәрмен жерге түсе бастаған мүбәрак ай;
– құлдың шын ықыласпен тәубаға келіп, Ұлы Жаратушысына қайта бет бұру заманы;
– Хақ Тағаланың мейірім-шарапаты ерекше асып-тасатын айрықша ай;
– пенделік қылықтардан мейлінше арылып, рухани барынша кемелденіп, ішіп-жеуден уақытша болса да тыйылып, «періштеге» ұқсап бағудың табылмас сәті;
– он бір ай бойы кір шалып, тот басуға аз қалған рух пен жүректің қайта тазарып, кемелденуі үшін Құдай Тағаланың арнайы бекіткен киелі бағдарламасы;
– атойлаған нәпсіге тойтарыс беріп, оған қыл бұрау сала ауыздықтау айы;
– қара ниетті шайтанның ауыз бекіткен адам баласын азғыруда амалы құрып, кері шегінетін айбарлы айы. Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.): «Рамазан айы келгенде, жәннаттың есіктері айқара ашылып, тозақтың есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді» деуі бұл айда шайтан атаулының көксегеніне жете алмай дымы құритынын білдіреді;
– құлдың Хақ Тағалаға барынша жақындау үшін күллі қам-қарекетін салатын, бар жігер-қайратын төгетін ұлы майданы;
– сексен үш жылдың сауабына тең келер қасиетті Қадір түні бар ең берекелі ай;
– жай уақытта жасаған жақсылықтар мен салиқалы амалдар сауабының еселеніп жазылатын құтты айы. Сондықтан, бұл айда бар игілік иелері жақсылық жасауда өзара аламан бәйгеге түседі.
Айта кеткен жөн, төралқа Мәжілісі мүшелерінің бірауызды шешімімен биылғы пітір садақа мөлшері 300 теңге болып бекітілді. Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен Ораза айт намазына дейін беруге болады.