Алмасбек ӘБСАДЫҚ: “Мазмұны терең ой-толғам”

JIHQEfiS_400x400Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы – "Рухани жаңғыру" бағдарламасының жалғасы әрі қоғамдық тұтастық пен бірлікке бастау болатын тарихи сананы жаңғырту тұрғысындағы мазмұны мен мәні терең ой-толғам. Мақалада Президент Ұлы Даланың мақтаныш ете алатын жеті ерекше қырын атап өтеді. «Жеті» – әлем халқының барлығына аса бір құрметті мағынаға ие рәміздік сипаттағы сан. Жаратушы дүниені жеті күн ішінде жаратты. Жеті күн – уақытты өлшеудің ең қарапайым әрі табиғатпен (күннің атуы мен батуы аралығындағы меже) үндескен көрінісі. Бүгінгі шартараптағы әрбір қоғамының көкірегі ояу, көңілі терең азаматтарының тілінің ұшында «Әлемнің жеті кереметі» деген тіркес қалыптасқаны белгілі. Ұлы Даланың ерекше жеті қырын тілге тиек ете отырып, Президент Қазақстанның тарихына терең ой салуды үндейді және оны ел-жұрттың рухани игілігіне практикалық тұрғыда айналдыру мақсатында ірі, маңызды жобаларды ұсынып отыр. Ол жобалар «Архив – 2025», «Ұлы Даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы Даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» деп аталады. Бұларды жүзеге асыру рухани саланың жаңа өрлеу сатысына жетелейтіні анық.
Қазақтың Ұлы Даласы және сол кеңістікті мекендеген ұлт пен ұлыстар дүние жүзінің материалдық һәм рухани мұрасына өшпес іздер қалдырды. Оның негізгі түпқазығы көшпелі өркениет пен отаршылдық мәдениеттің тоғысында жасалды. Көшпелілер империясының әлем картасына елеулі өзгерістер енгізгені, материалдық мәдениет пен рухани мұралардың бай қазынасын қалдырғаны тарихтан мәлім. Жылқы ұстау мен оны адам игілігіне пайдалану мәдениеті шеңберіндегі технологиялық жетістіктерді адамзат қоғамы сан мыңдаған жылдар бойы қолданып келді, оны әртүрлі мазмұнда байыта білді. Ал түркілердің, соның ішінде қазақ халқында фольклорлық мұралардың, сонымен қатар музыкалық өнердің мол қазынасы сақталып, бүгінгі заманға жетті.
Ұлы Даланың көп ғасырлық рухани һәм материалдық мұраларын заманауи технологиялар мен жаңа қалыптасып жатқан цифрлық өркениеттің сұранымына сай қайта жаңғырта білу, оны ел-жұрттың пайдасына жарата түсу – еліміздің рухани және технологиялық тұрғыдан дамуына жаңа екпін қосатыны сөзсіз.
 
Алмасбек Әбсадық,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің
«Рухани жаңғыру» жобалық офисінің жетекшісі.

You may also like...

1 Response

  1. Қолқоюсыз айтты:

    Алмас,Енбегин жемисти бола берсин.Шыгармашылыктын шынынан корине беруине тилектеспин.Урпакка ой саларлык енбектерин корейские.  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓