Дәрігерлерге арнап баспана салынбақ
Өңірдің денсаулық сақтау саласында он айдың ішінде атқарылған жұмыстар аз емес. Дегенмен, бұл саладағы кадр тапшылығы мәселесі әлі де өзекті проблемалардың бірі болып отырғаны рас. Облыс әкімдігінде өткен аппарат жиналысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы В.Дудник өз баяндамасында аталған мәселені шешу жолында бірталай істердің де қолға алынып жатқандығын алға тартты. Айтуынша, қазір өңірдегі емдеу мекемелерінде барлығы 15 450 адам қызмет атқаруда. Соның 1816-сы жоғары білімді дәрігерлер, ал 6462-сі орта буын медицина қызметкерлері. Бүгінде облысқа 350 дәрігер жетіспесе, оның 74-і ауылды жерлерге ауадай қажет.-Осы мәселенің оң шешімін табуы үшін биыл жас мамандарға көтерме жәрдемақы төлеу үшін 100 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде дәрігерлермен қамтамасыз ету көрсеткіші 85-тен 87 пайызға жетті. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің шешімі бойынша 100 грант бөлінді, яғни медициналық оқу орындарында білім алған бұл түлектер түбі облысқа келіп жұмыс жасайтын болады. Дәрігерлерді тарту мақсатында Астана, Қарағанды медициналық университетінің студенттерімен келісім-шарт жасалды. Айтпақшы, қазір Астана мен Алматыда ғана емес, жақын және алыс шет елдерде де дәрігерлерді оқыту мүмкіндігі қарастырылуда. Мысалы, Ресейдің Челябинск қаласында және Санкт-Петербургте, сондай-ақ Балтық елдерінде еуропалық стандарттарға сәйкес оқытылады, ал оқыту қолжетімді, – дейді В.Дудник.Сондай-ақ, В.Дудниктің сөзінше, облыс орталығында эндоскопиялық жабдық арқылы ота жасауды дамыту шұғыл қажет көрінеді. Себебі, Қостанайда отаны аталған жабдықпен жасау көрсеткіші тек 4,5%-ды ғана құраса, ал Астана мен Алматыда 85%-ға дейін жетіп отыр. Осыған байланысты денсаулық сақтау басқармасы 5 эндоскопиялық аппарат сатып алған. Сонымен қатар, бүгінде өңірде сәулелі диагностика орталығын салу және іргетасы 1954 жылы қаланған облыстық жедел жәрдем станциясының ғимаратын жаңарту қажет болып отырған көрінеді.
Облыс әкімі А.Мұхамбетов нақ қазір денсаулық сақтау саласындағы негізгі мәселе кадр тапшылығы, сондықтан ең алдымен осы проблеманы шешуге көңіл аудару қажеттігін тілге тиек етті.
-Кадрларды қызметке тартқанда, сыбайластыққа жол берілмеуі тиіс. Жаңа жабдықты сатып аласыздар, ал онымен жұмыс істейтін маман жоқтың қасы. Сатып алынған аппарат құр босқа тұрады. Мұндай тәсіл маған ұнамайды. Ең бастысы, қарапайым дүниелерді шешу қажет. Бүгінде өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы мамандардың 34 пайызы, яғни 600-і зейнеткерлікке шыққан және зейнет жасындағы дәрігерлер, сондықтан олардың жас мамандар келгенше қызмет ету жағын қарастыру керек. Және бұл мәселелерді құр сөзбен емес, көтерме жәрдемақы, тұрғын үй сияқты нақты істермен ғана шешу керек. Әрбір аудан әкімдері қажетті жас мамандарды тартып, оларды тиісті көмекпен қамтамасыз ету керек. Ал, бұл мәселелерді қатаң бақылауға алуды өзімнің орынбасарым Марат Қонысбайұлына тапсырамын, – деді облыс әкімі А.Мұхамбетов.
Өңір басшысы ауруханаларда эндоскопиялық қондырғыларды қолдануда Астана мен Алматы қалаларын салыстыру дұрыс еместігін атап өтті. Бұл жағдайда көрсеткішті Петропавл, Көкшетау сияқты солтүстіктік өңірлермен салыстыру керектігін, егер мұндай операциялар бойынша солардан қалыс қалып жатсақ, онда әңгіменің басқа екендігін алға тартты.
Айта кетер жәйт, бұйырса келер жылы облыс орталығында дәрігерлер үшін 108 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы басталмақ. Жиналыста бейнебайланыс арқылы шыққан қала әкімінің орынбасары Айдар Құсайыновтың айтуынша, тұрғын үйді Қобыланды батыр-Көбеев көшелерінің қиылысында салу көзделіп отырған көрінеді. Құрылыстың құны инженерлік желілердің құрылысын есептемегенде, 700 млн теңгені құрап отыр. Жыл соңына дейін сараптама дайын болмақ, ал тұрғын үйдің құрылысы 2019 жылы басталады.
Қарлығаш ОСПАНОВА