Қ.Тоқаев: “Мақсат – содырлар мен лаңкестерді жазаға тарту”
Біздің парызымыз – қанды қылмыс жасалғанын ұмытпай, барлық содырлар мен лаңкестерді жазаға тарту. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты.
"Кешегі қатерлі күндерде Мемлекет басшысы ретінде халыққа арнап бірнеше үндеу жасадым. Барлық жағдайда азаматтарымызға жан-жақты түсіндіріп жеткіздім. Әрбір шешімді еліміздің мүддесіне сай қабылдадым. Бұл мен үшін бұлжымас ұстаным», – деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президенті өкінішке қарай бүлікшілердің, қарақшылардың, лаңкестердің кесірінен қанша азаматымыз қаза болғанын айтты.
"Мен қара жамылған отбасылардың қайғысына ортақтасып, тағы да көңіл айтамын. Біз мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасаймыз. Қазақта «өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» деген сөз бар. Біздің парызымыз – қанды қылмыс жасалғанын ұмытпай, барлық содырлар мен лаңкестерді жазаға тарту. Халқымыз осы оқиғадан сабақ ала білуі керек. Елдің тыныштығын бұзып, қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекетке ешқашан жол бермеуге тиіспіз» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тоқаев қазір қаңтар оқиғасына қатысты алдын ала қорытындылар дайын екенін айтты.
"Біз теріс пиғылды адамдардың төңкеріс жасамақ болғанын нақты білеміз. Осы ретте бүлікшілер неге мұндай қадамға барды деген сұрақ туындайды. Жауабы айдан анық. Соңғы жылдары біз Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, тренсформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыра беруді көздеді. Неғұрлым жоғары билікке ие болуды көздеді. Сол үшін кәнігі қылмыскерлер қарулы бандалар мен опасыз шенеуніктер бірігіп астыртын топ құрды. Ішкі және сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келді. Олар халықтың наразылық шеруін басқа арнаға бұрып, жұртты қасақана арандатты.Билікке күйе жағу үшін бейбіт тұрғындарға оқ атты. Осының бәрін шетелдегі радикалды күштер өз мақсатына пайданаланғысы келді. Олар Қазақстанды қақтығыс аймағына айналдырып, елді ойран салмақ болды. Президентті биліктен кетіргісі келді.Төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында белгілі адамдар болды. Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасады. Олар күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтірді. Мемлекет басшылығына қалалардағы ахуал туралы жалған ақпарат берді", – деді Президент Парламент палаталарының бірлескен отырысында.