Тәртіпсіздіктер тасасында кімдер тұр?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Хабар» және «Хабар 24» телеарналарына берген эксклюзивті сұхбаты кезінде қаңтар бейберекеттіктер төңірегіндегі сұрақтарға жауап берді.Президент елдегі тәртіпсіздіктер тасасында кім тұрғанын тергеу қорытындысы көрсететінін айтты.
«Тергеу барысының алдын орағым келмейді. Бұл дұрыс та болмайды. Жұмыс та өте көп. Содырлардың көпшілігі, оның ішінде олардың командирлері Алматыдан кетіп үлгерді. Біреулер ауылдық жерлерге сіңісіп кетсе, енді бірі шекараны кесіп өтті. Көрші елдерге де кетіп қалғандары бар. Енді біреулері түрлерін өзгертіп, жасырынып жүр. Олардың сақалдарын қырып, сыртқы түрлерін өзгерткені, азаматтық тұлғаға айналғаны туралы фактілер де бар. Егер оларды тұтқынға алса, олар «біз тосыннан өтіп бара жатқан адамдармыз» деп аттан салады. Бұлай болмайды. Талқандалған дүние ауқымын өздеріңіз де Алматыдан көрдіңіздер. Ал содан кейін бәрі де тосыннан өтіп бара жатқан адам бола қалды», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті тосыннан заңсыз ұсталған азаматтардың бар екенін, оларға қатысты күш қолдану әрекеттері егжей-тегжейлі тергелетінін айтты.
«Яғни, мұның мән-жайын тыңғылықты түрде анықтау қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, ол қаскүнемдерге қатысты деректер бөлісті. 20 мың террорист туралы мәлімет қайдан шыққанын түсіндірді.
«Біріншіден, Алматыдағы бандиттік акция бір сағат мерзімде ғана өтпеді ғой. Полиция департаменті ғимаратын қорғау екі түнге жалғасты. Осы уақыт бойы полицейлер бандиттерге тойтарыс берді», – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы бандиттер өздерінің саны жағынан басым болғандықтан, полицейлер мен әскери қызметшілерге қоқан-лоқы көрсеткенін айтты. Бұл өз кезегінде олардың саны өте көп болғанын көрсетіп отыр. Алматыға олар үш бағыттан жүрді. Полицейлер қойған бекеттерді бандиттер ысырып тастады.
«Сондықтан бандиттер саны аз болғанын айтып, бұл жағдайды мысқылға айналдыру жөнсіз деп ойлаймын. Шын мәнінде олар толқын-толқынмен жүрді, оларға бұйрық беріліп отырғаны түсінікті жағдай», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы содырлардың жан-жақты дайындықпен келгенін және есірік күйде болғанын айтты.
«Қазіргі тергеу амалдары ұрыс іс-қимылдарына тікелей қатысқан бандиттердің есірткіге еліткен күйде болғанын көрсетіп отыр. Оларда ауырсу сезімдері болмаған. Егер күштік құрылымдар соңғы кезеңде қару қолдана бастаып, аяқтарын атқанда олар құлап, бірақ, әдетте жарақат болған кездегі ауырсынуды сезінбеген. Бұл операцияның өте тыңғылықты дайындалғанын тағы да білдіреді, – деді Қ.Тоқаев – Қызықты факті. Саны көп бандиттік топтардың бірі бесжұлдызды қонақ үйде тұрған. Оларға мұның барлығын кім төлеп берді. Және де олар өздерінің командалық штабын «Қазақстан» қонақ үйінің бірінші қабатында орналастырған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, адамдар тергелу үстінде. Мұның алдында ойлаудың өзі қиын болған осындай фактілер анықталып жатыр», – деді Қазақстан Президенті.
Айта кетейік, сұхбат барысында Президент қоғамды алаңдатқан қасіретті қаңтар оқиғасының себептері мен салдары, алдағы саяси және әлеуметтік реформалар, Қазақстанның сыртқы саясаттағы негізгі серіктестері мен қарым-қатынастары туралы сауалдарға жауап берді.