Байдос шырқап салған ән

“Қына тасқа, өнер жасқа бітеді” дейді дана халық нақылы. Торғай жері түлеткен дарынды ұл-қыздар қазыналы елдің өнегелі өнерін лайықты жалғастырып келеді. Білімді санат, өнерді қанат еткен осындай жастар қашанда еліміздің мақтанышы. Солардың бірегейі – Б.Хамзин атындағы өнер мектебінің ұстазы, күйші, жыршы-термеші, дәстүрлі әнші Байдос Қожасағиев.Байдос фото
Байдос Серікбайұлының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында және Астана қаласының 20 жылдығына, Торғай қаласының 150 жылдығы мен Жангелдин ауданының 90 жылдық торқалы тойының құрметіне арналған “Ән-жырым саған, туған ел!” атты алғашқы ән кеші аудандық мәдениет үйінде өтті. Халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген өнерлі азаматтың тыңдармандары залды лық толтырды. Ән кешінің тізгінін танымал күйші, асаба Жасұлан Мақатов қолына алды. Ол ерекше сөз саптасымен, қазақы әзілімен кеш шырайын келтірді. Байдостың өмір жолына тоқталып, өнер жолындағы жетістіктерін баян етті.
Кеш иесі өнер жолына 10 жасында қадам басқан. Байдостың домбыра тартып, дәстүрлі әндерді орындауына себепші болған – әкесі Серікбай. Мен мәдениет үйінде қызмет істеп жүрген жылдары Байдос аудандық оқушылар айтысына қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрді. Сол кезде Байдостың ақындық өнеріне тамсанып, келешегінен зор үміт күттім. Бірақ ол мектеп бітіргеннен кейін ақындық өнерді емес, жыршы-термешілікті таңдады. Арқалық қаласындағы Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжіне оқуға түсіп, атақты күйші Әбжан Сәрсенбаевтан дәріс алды. Бойына сан өнерді серік еткен Байдостың ән кешінің шымылдығын өнер мектебінің жанынан құрылған “Дала сазы” ансамблі Құрманғазының “Қызыл қайың серпер” күйімен ашты.
Айтпақшы, кеш иесі жергілікті ақын Ғ.Әбілхайыровтың сөзіне жазылған “Туған жер – Торғайым” әнін аталмыш ансамбльдің сүйемелдеуімен орындап, рухымызды көтеріп тастады. Себебі, бұған дейін бұл ән тек эстрада жанрымен айтылып келген болатын. Бұл кеште Байдостың мерейі үстем болды. Бейнеролик арқылы Қазақстанның эстрада жұлдыздары – Досымжан Таңатаров, Роза Әлқожа, жергілікті сазгер Бақытжан Сәуекенов, айтыстың Ақтангері Айбек Қалиев жүрекжарды тілектерін айтып, қасиетті Торғай жұртшылығына сәлем жолдады. Кеш қонақтары, өнердегі достары, жұлдызды жұп Асхат пен Дидар ән-шашуларын арнады. Сөз орайы келгенде айта кетейін, жыршы-термеші Нағашыбай Алпысовтан кейінгі халық ақыны Н.Ахметбековтің толғауларын нақышына келтіріп насихаттап жүрген өнерпаз – осы Байдос Серікбайұлы.
Кеш иесінің әріптесі, халықаралық би байқауларының жеңімпазы Сымбат Ерік шәкірті Аружанмен “Аққу-сезім” биін билеп, кеш көркін келтірді. Ән кешін патриоттық әндермен жалғаған Байдос көрермендерді айрықша тәнтілікке бөледі. Әуезді ән кешінде жергілікті ақындар мен сазгерлердің әндері көптеп шырқалды. Ұлы даланың ұлттық әндері әуелеген кеш торғайлықтардың рухани байлығын молайтып, тамаша көңіл-күй сыйлады.
Кеш соңында Байдосты аудан әкімінің алғыс хатымен орынбасары Бақытжан Торбаев марапаттап, естелік сыйлық тапсырды. Б.Хамзин атындағы өнер мектебінің директоры Жанар Асанханқызы жылы лебізін алғыс хатпен жеткізді.
                                                                     Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ
                                                                          Жанкелдин ауданы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓