Азамат ШҮКЕЕВ: “Бөртеде” ойнау – мен үшін зор ғанибет”
Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық драма театрының белді актері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Азамат Шүкеев үшін 2021 жыл жемісті болды. Жылдың ең сүбелі спектакліне арнайы шақырту алған әлеуетті әртістер қатарынан көрінді. Алғаш рет көркемфильмде ойнады. Ресейде өткен өнер байқауында топ жарды. Дара дарын иесі сұқбат барысында осы жетістіктері туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.
– Сіз былтыр сахналанып, республика жұртшылығын дүр сілкіндірген "Бөрте" спектакліне таңдалған актерлердің бірісіз. Осы үлкен қойылым жайында сөз қозғасаңыз. Кімді сомдадыңыз? Көңіліңізден шықты ма? Қалың көрермен қалай қабылдады?
– Расымен де, артымыздағы жыл мен үшін жаңалыққа, жетістікке толы болды. Солардың ең бір шоқтықтысы – "Бөрте" қойылымынан рөлдің бұйыруы. Жалпы, басқа облыстың, өзге қаланың театрынан арнайы шақырту алудың өзі кез келген әртіс үшін үлкен бір ғанибет қой!.. Сөйтіп, биыл Түркістан облысында еңселі музыкалық драма театры салынып, соның салтанатты ашылуы дүркіреп өтті. Ал аталмыш қойылым осы өнер ордасының тұсаукесер рәсіміне орай әзірленген еді. Әйгілі Шыңғыс ханның сүйген жарына, қазақтың, қоңыраттың қызына арналған "Бөрте" спектаклінің сахналануы осы кештің орасан зор оқиғасы болды. Бұл қойылымның бір ерекшелігі – әртістердің бәрі тек жан-жақтан шақыртылды. Қазақстанда 60 театр болса, соның ішінен 4 облыстың театрларының ғана әртістері таңдалды. Атап айтсам, Алматы, Нұр-Сұлтан, Талдықорған және өзіміздің І.Омаров атындағы қазақ драма театрының актерлеріне ұсыныс түскен. Ылғи "сен тұр, мен атайын" деген марғасқалар іріктеліпті. Солардың қатарынан табылғаныма ерекше бақытты болдым. Біздің қарашаңырақтан үш актерге шақырту келді. Олар – театрымыздың беделді, бетке ұстар тұлғасы, алдыңғы толқын ағамыз, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров және ҚР Мәдениет қайраткері Зәмзәгүл Жүсіпқызы.
Мен бұл спектакльде Тұғырыл ханды сомдадым. Ол – Шыңғыстың әкесін улап өлтіргеннен кейін әке орнын басқан адам. Шыңғыстың хан болуына көп үлес қосқан жан. Қазақтың керей руының ханы болған. Осы тарихи тұлғаның рөлінде ойнадым. Ойдағыдай алып шықтым деп айта аламын. Әрине, өз-өзімді мақтағаным емес, бірақ көрермендер де, сахнада тізе біріктіре жұмыс істеген әріптестер де жылы лебіздерін айтып жатты. Айтып отырмын ғой, қойылымға кілең сахна саңлақтары қатысты, араларында халық әртістері бар. Сондай кісілердің жақсы бағасын алу – бұйыра бермейтін бақ. "Мұндай рөлді алып шығу оңай дүние емес, соны еркін еңсерген сенің дарының мен қабілет-қарымың көрініп тұр" деген пікірлер естіп, жан семіріп, қанаттанып қалдым. Негізі, спектакльде әр рөлге екі актерден тартылады. Менің серіктесім, құрамдасым, елордадағы жастар театрының директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов болды. "Анаға апарар жол" деген секілді көптеген көркемфильм арқылы да танымал болып жүрген актер ғой. Сол бауырым екеуміз бір рөлге түстік. Әділ бауырым: "Азеке, негізі мені бұл рөлден алып тастайтын шығар деп ойлағам", – дейді. "Неге?" – десем, "Ой, Азеке, сізден кейін менің ойнауымның қажеті жоқ секілді, сіз сияқты сомдай алар ма екенмін деп іштей толғанып, өз-өзімнен күдіктеніп қалдым", – дейді аңқылдап. Дайындық барысында айтқаны ғой. Әрине, мұндай лебіз-лепестер мерейіңді өсіреді… Спектакльге бір ай дайындалдық. Осынша уақыт Түркістан қаласында болып, сол жерде жұдырықтай жұмыла жұмыс істедік.
Шығарманың авторы – қазақтың классик жазушыларының бірі Дулат Исабеков. Ал спектакльдің режиссері Карло Шиаккалуга атты италиялық азамат болды. Өзіміз қатарлас жігіт екен… Жалпы, былайша, біз аспаннан алып қиналатын ештеңе істеген жоқпыз. Бәрі өзімізге бұрыннан таныс тарихи тұлғалар. Италияның немесе француздың кейіпкерін сомдағанымыз жоқ. Өзіміздің түп-тарихымызды зерттеп, содан от алып, рухтанып, қанда бар болмысты жаңғырттық. Дайындық барысында режиссердің өзі бізге ләм деп ескерту де айта алмады. Тек ол әуел баста, пьесамен танысу, оқу-жаттау кезінде жалпы бағыт-бағдарды бір рет түсіндіріп өтті. Одан кейінгі жұмыстардың бәрін біз өзіміз істедік. Өйткені ежіктеп отыратын жас балалар емеспіз. Жиналғандардың бәрі кілең белді, беделді, белсенді актерлер деп мана да айттым. Не керек, өте жоғарғы деңгейде шықты. Бұл қойылымның көргенге де, көрмегенге де арман болары анық. Себебі бұл, мән-мазмұны мен құндылығын былай қойғанда, қазіргі заманауи технологиялардың қолданылуымен, ерекше әрленіп-безендірілуімен шығарылған спектакль. Бұл жерде ең жоғарғы деңгейдегі технологиялар қолданылды. Жарық та, дыбыс та – бәрі-бәрі жоғары сапалы. Аяғымыздың астындағы еденнің өзі жылжымалы болды, яғни эскалаторлар қолданылды. Лэд-экрандар да сахна көрінісін көркемдей түскен. Ағайын-жұрт кинотеатрдан көркемфильм көріп отырғандай әсер алғаны сөзсіз. Бір сөзбен, айтса ауыз толарлықтай үлкен жоба болды. Бұл барлық актердің, режиссердің, бастысы, сол театрдың басшысы Айнұр Көпбасарованың жанқиярлық еңбегінің жемісі мен жеңісі деп айтар едім. Бұл қыздың мені таң қалдырғаны – көп ер адамның қолынан келе бермейтін үлкен жобаны жарыққа алып шыққаны. Жүрегінің түгі бар деуге лайық жан. Өзі, сыртынан қарасаң, қазақтың қаршадай ғана қарапайым қызы. Бір көргеннен басшы деп де ойламайсың. Адамгершілігі өте жоғары, өнерге деген көзқарасы биік. Разы болып, таң қалдым. Ал, енді, сахна адамы үшін ең керемет сәт – спектакль біткеннен кейінгі көрерменнің ыстық ықыласы ғой. Қошеметтің үздіксіз соғылуы – қойылымның жоғары деңгейде өткенінің белгісі. Соны сезіндік. Осы күнге дейін "Бөрте" спектаклі бірнеше рет қойылды. Қай-қайсысы да аншлагпен өтті. Көрермендердің қызығушылығы әлі де зор. Олардың арасында қайталап келіп көріп жатқандар көп екен. Есімізде, алғашқы премьерасын көруге елдің басқа өңірлерінен ұшақпен арнайы ұшып келіп, қойылымнан соң қайта ұшып кеткен көрермендер көп болды. Өнер деген құдіретті төбесіне тұтатын ағайынның қатары қалың екенін көргенде, кеудеңді қуаныш сезімі кернемегенде қайтеді?!
Бұл сектакль әлі талай қойылады, шетел шарлайды. Келер жылы Италия, Венгрия, Әзірбайжан, Түркия, Қырғызстан мемлекеттеріне баруымыз мүмкін. Ол ол ма, екі жыл көлемінде әлемнің бүкіл мемлекетіне апарып көрсету жоспарланып отырған көрінеді.
"Бөртеге" шақырту алу мен үшін зор ғанибет, үлкен жетістік болды. Бұл, шынымен де, асқақ мәртебе, толағай тәжіирибе, бағынған биік бір белес.
– Осы қойылымның айналасында айтыс-тартыс болып жатқанынан хабардар шығарсыз. Кейбір азамат "Бөртеге" жұмсалған қомақты қаржыны сөзбұйдаға салып, сынға алып жүр. Сіздің бұл туралы пікіріңіз қандай? Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?
– Ол туралы естідім. Бұл сұраққа былай жауап берер едім: сомасы қанша болса да ол қазақтың мәдениетіне бөлінген қаржы емес пе! Егер ақылы бар адам болса, осылай ұғар еді. Біз оны басқа ұлтқа, өзгенің мәдениетін көтерейік деп бөліп жатқан жоқпыз ғой. Ендеше, бұған неге көре алмаушылықпен қарауымыз керек? Дәл соны әңгіме етіп жүрген азаматтарды көкжелке кертартпалар деп есептер едім. Керек болса, Қазақстанның өнерін өсірмей жүргендер де сондай адамдар деп түсінемін. Ал жұмсалған қаржының ақталатын ақша екеніне қылаудай күмән келтірмеймін. Шыңғыс ханды білетін әлемнің Бөртеге назар аудармауы мүмкін емес деп ойлаймын. Дәл осындай дүниеге қанша қаржы бөлінсе де өз басым қарсы болмас едім. Қойылымды әуелі көзбен көріп алып, бағасын беріп барып, содан кейін әңгіме айтса бір жөн. Тіпті сөйткен күннің өзінде ондай сынды бәрібір бос даурықпаға балар едім. Ал енді туындыны көрмей, қалай шыққанын білмей жатып, сондай сөз айтуды қалайша өнерге деген жанашырлық деп есептейміз? Осыны бықсытып отырғандардың өзі – өнер адамдары. Оларды керауыздардың нақ өзі, өнерді шөміштен қысып жүрген "жаны ашымастар", теріс пиғылды жандар деп санаймын!
– Әңгіме желісін өзіңіздің шығармашылығыңызға қайтадан бұрайық. Биыл Науырзым қорығында "Дала" ("Степь") атты көркемфильм түсірілді. Сізге де осы туындыдан рөл бұйырғаны бізге мәлім. Осы жоба туралы не айтасыз? Өміршең туынды болады деп ойлайсыз ба?
– 2021 жылдың маған бұйырған тағы бір сыйы – көркемфильмге түсу. Елдегі ең байырғы қорықта орыс тілінде "Дала" дейтін фильм түсірілді. Режиссері – Максим Акбаров деген жас жігіт. Киногерлер отбасынан шыққан бала болса керек. Тәжірибесі мол екен. Онысын сценарийінен де, жұмыс барысында да байқадық. Негізі, экшн жанрындағы бұл фильмнің тамаша болып шығатынына күмән жоқ. Қорықшылардың бейнетті қызметін, тәуекелдерге толы өмірін көрсететін туынды. Шынында да біз көптеген саланың қызметкерлерінің еңбегін бағалай бермейміз ғой. Көзге көріне қоймайтын, жастар жағы таңдай бермейтін мамандықтың бірі – осы қорықшылық. Ал, асылында, табиғатты, жан-жануарлар дүниесін қорғау Отанды қорғаудан кем түспейтін ерлік емес пе. Мінекей, осындай жандар қатерлі оқиғаларға ұдайы душарласып жататын көрінеді. Бұл туынды – осыдан 3 жыл бұрын жұмыс барысында браконьерлер қолынан қаза тапқан екі қорықшының рухына тағзым ретінде түсірілген кино. Оқиға желісі қорықшылар мен браконьерлер арасындағы қақтығыс аясында өрбиді. Мен Ерла есімді браконерьді, бас қарақшының оң қолының рөлін сомдадым. Әуелде маған бұйырғаны екі-үш эпизод қана болатын. Бірақ режиссер келе-бара өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, менің рөлім бірте-біте басты рөлге айнала бастады. Бар-жоғы үш сахнам бар еді, сценарий өзгере келіп, 5-6 сахнаға дейін түсірілді. Өте қызықты образ болды бұл да. Киноның да қыр-сырын танып, байқап-білдік. Бастысы, керемет ұнады. Актер болған соң тек театр сахнасында жүре бермей, бір ауық экраннан көрініп қою да керек қой! Бүкіл әртістік мансабымда киноға түсудің сәті осы жылы ғана түсті. Жалпы, актердің шарболаттай шыңдалатын, күш алатын, өсіп-жетілетін мектебі театр ғой. Сондықтан театр көрген әртістер кинода өздерін суда жүзген балықтай сезіне алады десем, артық айтқаным емес.
Қазір өңдеу жұмыстары жүргізілуде, фильм осы жылы экранға шығады делініп жатыр.
– Ресейден де жүлде алдыңыз. Оны өнерсүйер қауым әлеуметтік желілерде сүйіншіледі. Осы бір байқау туралы кеңірек баяндап беріңізші.
– Ия, өткен жылғы тағы бір елеулі жетістік – поэзия оқудан Ресей елінде топ жаруым. Негізі, мәнерлеп өлең оқу өнерінен де кенде емеспіз. Қостанайда Гүлшат Нұржақыпова деген ақын замандасымыз бар. Соның өлеңін оқыдым. Рас, орыс тілінде жазылған. Өлең "Признание" деп аталады. Оның маған тап болу оқиғасы былайша. Әуелде Мұрат Аманназаров деген ресейлік танымал композитор Гүлшатқа "жақсы бір өлең жазсаң, мен музыкасын шығарайын, Қазақстан-Ресей болып, бірлесіп жақсы жоба жасайық" деп ұсыныс тастапты. Өзара келісімге келген соң Гүлшат әлгі өлеңді жазып, ресейлік сазгерге жібереді. Мұрат оны оқып шығып, өте жақсы жазылғанына көз жеткізген соң: "Гүлшат, енді мұны оқитын адам тап. Мәнерлі дауысқа салынғаннан кейін маған жіберсең, оқылған поэзияға музыка жазамын", – депті. Ақынымыз өлеңін нақышына келтіріп оқып беретін адамды іздеп, ақыры біздің театрдың режиссері Баатырбек Шамбетов бауырымызға хабарласыпты. Бір-бірін жақсы танитын болса керек. Барлық мән-жайды түсіндіріп, көмек сұрапты. Одан кейін Баатырбек мені шақырып алып, Гүлшаттың жобасы туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп, өлеңді маған оқып көруді ұсынды. Бірінші рет оқиын деп тұрған дүнием емес, жаным жақсы көретін өнер. Келісе кетіп, қол соза беріп ем, "бір әттеңі, бұл орыс тілінде жазылған" деді режиссеріміз. "Ойбу, солай ма?" деп қалдым да: "Жарайды, ештеңе етпес, көрейік" деп, қолға ала сала, театрдағы дыбыс студиясына барып, сол жерде тақылдатып оқып шықтым. Дыбыс жазбасын Гүлшатқа бердім. Автор менің оқығанымды ұнатып, Ресейге жіберетінін айтты. Арада 2-3 күн өткеннен кейін ол жақтан хабар келіпті. Оны маған өлең авторы естіртті. "Азамат, оқығаныңыз Мұрат деген сазгерге ұнап, ол кісі музыка жазыпты. Одан соң Олег есімді видеографқа беріп, дауыс, музыка және бейненің үйлесімінен ортақ композиция құрайды. Дайын болған соң өзіңе көрсетемін" деді. Арада біраз күн өткеннен кейін Гүлшаттан хабар келді. Жасалған композицияны жіберіпті. Көріп шықтым, жақсы дүниеге айналыпты. Бір-бірімізге рахмет айтысып қалдық. Біраз уақыт өткен соң бұл жобаны Мәскеуде өнердің бүкіл саласынан өткен "Арт премьер" фестиваліне қатыстырыпты. Ресейдің көп қаласынан жиналған қазылар алқасы біздің жобаға ең жоғарғы баға беріп, 1-дәрежелі дипломмен марапаттапты. "Азамат, сізді құттықтаймын! Біздің бірлесіп жасаған жобамыз Ресейде Мәскеу қаласында жүзден жүйрік атанып, жеңімпаз деп танылып жатыр", – деп Гүлшаттың өзі жеткізді. Мен үшін бұл да бір үлкен тосынсый болды. Әуелде "менің соншалықты қандай еңбегім бар? Өлең мен музыка авторлары басқалар емес пе?" деп ойлағаным рас. Бірақ, кейін "егер сол өлеңді мен оқымасам, оның жеңіске жетуі мүмкін бе еді? Бұл менің де жеңісім ғой" деп өз-өзімді қайтадан жұбатып алдым. Мінекей, бұл да бір еншіме бұйырған жетістік. Соңы емес, бастамасы деп сенемін.
– Өзге облыстардың театрларымен жұмыс істеп көрген актер ретінде, Қостанай театрының әлеуетіне қандай баға берер едіңіз?
– Әңгіме басында айтқанымдай, елдегі 60 театрдың ішінен төрт-ақ театр таңдап алынып, ол қатарға біздің қарашаңырақтың кіруі көп жайды аңғартып тұрған жоқ па. Тобыл өңірі театрының өзіндік абырой-беделі, орны бар. Қазір қостанайлық өнер ордасының қызметі жанданып, алдыңғы толқын салған сара жолды кейінгі іні-қарындастары жемісті жалғастырып келе жатыр. Әлімхан Мырзахан атты қабілетті басшы ізгі жаңалықтарға жаршы болып отыр. Дарынды режиссер Баатырбек Шамбетов жұмысқа серпін бере түсті. Актерлеріміздің арыны мен дарыны өзге өңірдің әртістерінен әлеуеттірек болмаса, бір де кем емес. Театрымыздың болашағына үлкен үмітпен, зор сеніммен қараймын.
– Әңгімеңізге көптен-көп рахмет!
Сұқбаттасқан Жандос Жүсіпбек