Жерден жік шықты…
Қостанайлық кәсіпкерлер тоғыз жыл бойы жалға алған жер телімдері үшін «Фарватер» ЖШС-не ақша төлеп келген еді. Енді жеке кәсіпкерлерге мемлекет жеріне өз беттерімен павильондар қойғаны үшін айыппұл салып, жылы орындарынан қозғамақ.
Әбден шиеленіскен жағдайға кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің араласуына тура келді.
2015 жылы «Бәйекенов» ЖК Складской көшесі бойында мемлекет меншігіндегі жер телімі бар екендігін естиді. Арада екі жыл өткенде кәсіпкер әлгі жерді жалға алады. Сөйтсе, бұл маңда бірнеше сауда дүңгіршектері жұмыс істейтін боп шыққан.
Сол кезде дүңгіршектердің кейбіреуі мемлекет меншігіндегі жердеорналасқаны анықталды. Ал кәсіпкерлер жер телімдерін өзара бөліске салған.
-«Қостанай өңірлік сауда қауымдастығы» БҚ – «Фарватер» ЖШС құрылтайшысы ҚР ауылшаруашылық министрлігіне «Бәйекенов» жеке кәсіпкерлігіне жер телімдерінің заңсыз берілгендігі туралы шағым түсірген. Аталған министрліктің жер ресурстарын басқару жөніндегі комитеттің тексеру қорытындысынан кейін Қостанай қаласы әкімдігіне «Бәйекенов» ЖК-мен жалға беру туралы кеілім-шартты бұзу жөнінде нұсқау беріледі. Яғни, ҚР Жер кодексіне қайшы – жер телімі еш саудасыз кәсіпкердің меншігіне өтіп кеткен,-дейді өңірлік кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі бөлімнің бастығы Ринат Дәулетбаев.
Сондықтан, әкімдік «Бәйекенов» ЖК-мен арадағы келісім-шартты бұзу жөнінде сотқа арыз берген. Сот өтінішті мақұлдады. Әзірге іс апелляциялық қаралым сатысында тұр. Мұндай іс жетіп артылады. Мемлекет меншігіндегі жерге рұқсатсыз дүңгіршек қойып алған кәсіп иелері айыппұл төлеуге міндеттелді. Алайда, бұл әділдікке жатпайды дейді кәсіпкерлердің өздері.
-Біз «Фарватерге» адал ақы, маңдай терімізбен тапқаны ақшамызды төлеп келдік. Енді келіп сотта мемлекет меншігіндегі жерде тұрғанымызды айтады. Егер жер телімі «Фарватерге» тиесілі болмаса, Бәйекенов негізсіз иеленсе, неге онда бұл жерлерді бізге заңды жолмен бермейді? Біз жаман жұмыс істеп жатқан жоқпыз. Салықты уақытылы төлеп отырмыз,-дейді Бибігүл Жақыпова.
Ал кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Владимир Шакунның уәжі мынадай:
-Бұл жер телімідері не ешкімге берілмейді, иә болмаса дау тудырған аумақтың иесін аукцион анықтайды.
Жағдайды мына бір факт шегелей түседі, Складской көшесінің бойында қуаттылығы 10 КВ болатын электр желісі тартылған. Сондықтан, ережеге сәйкес мұндай қуатты желіні қорғау аймағы, жалпы электр жүйелерінің нысандарын қорғау аймақтарында оның көлемі 10 м. аспауы керек.
Шындығында, ережеде белгілі бір ұйымның келісімі бойынша желі орналасқан аумақтан жақын жердегі тұрғын үй, өндірістік және өндіріске жатпайтын ғимараттар мен мекемелердің арасы 2 метрдей болуы тиіс. Бірақ, өздеріңіз байқағандай, бұл жерде ешқандай алдын ала келісім болмаған.
Әлібек ЫБЫРАЙ