Ынта болса, жұмыс табылады
Халқымыздың әлеуеті жақсармай, жұмыссыздар саны азаймай, еліміздің алға қарай қарыштап дами алмайтыны, экономикамыздың көтерілмейтіні белгілі. Міне, осы мақсатта елімізде "Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020" бағдарламасы қабылданды. Халықты тұрақты және нәтижелі жұмыспен қамту мақсатында құрылған бұл бағдарламаның арқасында екі қолға бір күрек табу өз алдына, сұранысқа ие мамандықтарға қайта оқытуға, шағын несие алып, кәсібін ашамын деушілерге мол мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ, бағдарламада жеке кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, тірек ауылдар мен шағын қалаларды кешенді дамыту да қарастырылған.
Жанкелдин ауданында да аталған бағдарлама шеңберінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Аудандық Жұмыспен қамту орталығының директоры Төлеген Нүретденнің айтуынша, бағдарлама аясында жыл аяғына дейін ауданда жоспар бойынша 779 адам жұмысқа тартылуы тиіс. Бүгінге дейін соның ішінде 275 адам еңбекпен қамтылған көрінеді.
– Биыл бағдарламаның бі-рінші бағыты аясында, яғни инф-рақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтамасыз ету бойынша ешқандай жоба енгізілген жоқ. Ал, келер жылы бес жобаға 41 млн. 449 мың теңге бөлінгелі отыр. Бұл қаржыға Тәуіш ауылындағы Қаратүбек орта мектебі, клуб пен шағын орталық, сондай-ақ аудандық орталық ауруханаға жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Міне, осы жұмыстардың арқасында 130 адам жұмысқа орналасады, – дейді Т.Нүретден.
Сонымен қатар, ауданда бағдарламаның арқасында жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу жұмыстары да жақсы қолға алынған. Ағымдағы жылы жоспар бойынша он адам әлеуметтік жұмыс орындарына тартылуы тиіс болса, бұл көрсеткіш жиырма адамға жетіп отыр. Соның ішінде он адам тұрақты жұмыс тапқан. Бұл мақсаттарға 1 млн. 964 мың теңге қаражат бөлініп, бүгінге дейін соның 1 млн. 489 мың теңгесі игерілген. Сонымен қатар, жыл басынан бері жұмыссыздарды әлеуметтік жұмыс орындарына орналастыру үшін 13 кәсіпкермен келісім-шарт жасалған. "Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020" бағдарламасы шеңберінде биыл ауданда бес адам аспазшы, автокөлік жөндеуші, кондитер, шаштараз, электр және газбен дәнекерлеуші сияқты мамандықтарға жіберілген. Республикалық бюджеттен бөлінген 766 мың теңге толық игеріліп, қайта даярлау курстарына жіберілген бағдарлама қатысушылары оқуларын аяқтады. Олардың үшеуі тұрақты жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ, бағдарлама шеңберінде үстіміздегі жылы бір адам электрик мамандығы бойынша біліктілігін арттыруға жіберілген болатын, бүгінгі таңда ол оқуын аяқтап, Арқалық қалалық өрт сөндіру мекемесіне құтқарушы болып жұмысқа орналастырылыпты. Кәсіптік білім алуға жоспар бойынша 1 қыркүйектен бастап жеті адам жіберілмек. Бұл мақсатқа 1 млн. 344 мың теңге қаражат қаралған.
– "Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей" демекші, бүгінде жұмыс істеп, еңбек еткісі келген жанға елімізде жұмыс бар. "Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020" бағдарламасы аясында да жұмыссыздардың білімі мен біліктілігін арттыруға, жастар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға да ерекше көңіл бөлінуде. Бағдарламаның игілігін біздің ауданның тұрғындары да көріп жатыр. Осы орайда, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандарға қолдау білдіріп, жұмыспен қамтуға жәрдемдесіп отырған кәсіпкерлерге де айтар алғысымыз шексіз, – дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Т.Нүретден.
"Жастар тәжірибесі" жастарға жол ашуда
Оқу орнын бітірген түлектер үшін бірден екі қолға бір күрек табу оңайға соқпайтыны рас. Осы орайда "Жастар тәжірибесінің" маңызы зор. Мемлекеттік қолдауға ие болғандардың бірі – Айдана Төлеухан. Ол Қостанай қаласындағы ауыл шаруашылық колледжін тәмамдапты. Ветеринария мамандығы бойынша жоғары білім алған жас маман бүгінде аудандық аумақтық инспекцияда бас маманның кө-мекшісі қызметін атқаруда.
– Бұрын осы бағдарлама пайда болмай тұрғанда қаншама жастар жұмыс таба алмай, әр мекеменің есігін тоздырушы еді. Өйткені, көп ұйымдардың біз сияқты жастарды тәжірибесіз деп жұмысқа алмайтыны рас. Ал, жастар тәжірибесінің арқасында бүгінде қаншама жас маман жұмыспен қамтылуда. Әсіресе, біз тәрізді колледж бітірген жастар үшін өте тиімді, сондықтан бұл бағдарламаның жастарға берері мол, – дейді Айдана Тө-леухан.
Жұмыспен қамту орталығы "Жастар тәжірибесі" бағдарламасы бойынша Қостанай қаласындағы қызмет көрсету саласы колледжінің түлегі Салтанат Маматоваға да көмектесіпті. Агроном мамандығын алып шыққан ол да аудандық аумақтық инспекцияда қызмет етіп жатыр.
– "Жастар тәжірибесі" білімі бар, бірақ кәсібі жоқ жастарға көмектесуге арналған. Бүгінде бағдарламаның оң нәтижесі көп болмаса, аз емес. Талай жастар мемлекеттік қолдаудың арқасында екі қолға бір күрек тапты. Мен де осы бағдарламаның шарапатын сезініп отырғандардың бірімін. Жұмысым жақсы, жалақым да көңілімнен шығады, – дейді жас маман Салтанат Маматова.
Жалпы, аудан бойынша биыл "Жастар тәжірибесі" шеңберінде жоспарға сай 10 адам жұмыспен қамтылуы тиіс болса, қазіргі таңда 15 маман еңбекпен қамтылған көрінеді. Бұл мақсатқа ауданға 2 млн. теңге қаражат бөлініпті, бүгінде соның 999 мыңы игерілген
Мүгедектер де назардан тыс қалмайды
Елбасымыз биылғы Жолдауында: "Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қоймайды, сонымен бірге өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады" деген еді.
Жанкелдин ауданында да бұл әлеуметтік мәселені шешу жолында біраз жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда ауданда еңбек жасындағы 267 мүмкіндігі шектеулі жан бар болса, соның 83-і еңбекке қабілетті. Бүгінгі таңда солардың ішінде 44 адам әртүрлі салада еңбек етіп жатыр. Аудандық жұмыспен қамту орталығына жыл басынан бері 23 адам жұмысқа орналасу туралы өтініш білдіріп, соның екеуі тұрақты жұмыспен, ал 15-і қоғамдық жұмыстарға тартылған.
Екінші топтағы мүгедек Сейдахмет Нұрымбет те осы бағдарламаның арқасында жұмыс тапқанына қуанышты. Ол бүгінде "Нұр Отан" партиясының аудандық филиалында күзетшілік қызметті атқаруда.
– Қазір мүгедек түгілі, аяқ-қолы балғадай адамның жұмысқа орналасуы оңай емес. Елбасымыздың біз сияқты жандарды қолдауының арқасында биылдан бастап "Жұмыспен қамту" бағдарламасы арқылы мүгедектерді жұмыспен қамту мәселесі мықтап қолға алынуда. Әрине, тағдырдың жазуымен мүгедек атанған біз сияқты жандарға бұл үлкен көмек. Арбаға таңылып отырғаным жоқ, бірақ денсаулығым ауыр жұмысқа жарамайды. Сондықтан, босқа қарап отырғанша осындай жеңіл жұмыс болса да, еңбек етіп, нан тапқанға не жетсін, – дейді Сейдахмет Қайдарұлы.
Шалғайдағы ауданда шағын несие алушылар көбейген
Бағдарламаның екінші бағыты аясында ауданда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту жұмыстары да өз деңгейінде жүріп жатыр. Осы бағыт бойынша өз кәсібін ашамын деген 15 адамға шағын несие беру мақсатында 45 млн. теңге бөлінген. Үстіміздегі жылы 28 адам шағын несиеге өтініш білдірген, қазіргі таңда бірінші және екінші транш бойынша 17 адам несие алып, оған 39 млн. 800 мың теңге жұмсалған, ал қалған қаражатқа өтініш білдірген жандар құжаттарын әзірлеп болған соң қол жет-кізетін болады. Осындай шағын несие алғандардың бірі Жаңагүл Жакулина. Ол бағдарламаның арқасында 2 млн. теңге көлемінде несие алып, оған жеті адамдық шетел автокөлігін сатып ал-ған көрінеді. Бұл көлікпен кәсіпкер Торғайдан Қостанайға жолаушылар тасымалдайтын болады. Әрі жүргізуші алып, бір адамды жұмыспен қамтығалы отыр. Болашақта кәсіпкер тағы да қомақты несие алып, кәсібін әріқарай жандандырмақ ниетте.
Қарлығаш ОСПАНОВА