Қадырғали Жаманбалин: «Өзің үйренгенді өзгеге үйрете білу – зор бақыт»
1998 жыл. Өңірімізге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ат басын тіреген кез. Елбасының әр сапарында бір жаңашылдық көрсету бар емес пе. Бұл жолы академик Зұлқарнай Алдамжар басқаратын А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Ел Президенті алдында үлкен бір жетістігімізді көрсетті. Оқу ордасының физика-математика факультетінің сол кездегі орда бұзар деканы Қадырғали Жаманбалиннің ұйытқы болуымен Қазақстанда тұңғыш рет АҚШ-тың Оклахома штатымен интернет-конференция өтті.
Елбасының үлкен алғысын алған сол ғаламтор байланыстан кейін Зұлқарнай Алдамжарұлы жаңашыл жас Қадырғали Қоныспайұлымен өзінің болашақтағы жоспары жайында бөліседі. Әрине, нарықтық экономикаға көшкен елде білімнің де бәсекеге түсетіні шарт. Зұқаң алдағы уақытта жеке меншік оқу орнын ашуды жоспарлағанын әрі оның тізгінін Қадырғали Жаманбалинге сеніп тапсыратынын жеткізеді.
Жиырма жыл бұрын іргетасы қаланған Қостанай әлеуметтік академиясы бүгінде өзі негізін қалаған академик Зұлқарнай Алдамжар атындағы әлеуметтік-техникалық университет әрі содан бері осы оқу ордасын физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, облыстық мәслихат депутаты Қадырғали Жаманбалин басқарып келеді. Білім саласымен қатар, қоғамдағы бірқатар түйткілмен бөліскелі отырған басшы алпыс деген белеске көтеріліп отыр.
– Қадырғали Қоныспайұлы, расын айтсақ, жоғары оқу орнында жиырма жыл ректор болып отыру еліміз бойынша сирек жайт. Бұл деген – толық бір буын алмасатын уақыт. Осы аралықта талай дүниелер жасалды, соның барлығының ыстығына күйіп, суығына тоңып келесіз. Тың өзгерістер, соны жаңашылдықтар көп болды. Жалпы, жиырма жыл ішінде не түйдіңіз?
– Университетіміз жиырма жылда өзінің алдына қойған мақсатын орындады. Бұларалықта ең алдымен мыңдаған шәкірт оқытып, олардың алғысын алғанымызды мақтан етемін. Ұстазға бұдан артық бақыт жоқ! Сен жүз адамға жақсылық істе, соның біреуінен қайыр бар. Сол шәкірт үшін еңбек етіп келеміз. Мен әр оқытушыға айтамын, жаман студент деген болмайды. Бәрі тәрбиеге байланысты. Отбасы, балабақша, мектеп, ЖОО-да, одан кейінгі өмір мектебінде алған тәліміне байланысты. Біз жазықсыз жазғыруды білеміз, ал оларды тәрбиелеуге шамалымыз. Мұғалімдерге айтамыз «бұлар біреудің баласы, айғайламаңдар, ұрыспаңдар, біреуін артық, біреуін кем тәрбиелемеңдер, бәріне бірдей қараңдар» деп. Қазір облысымыздың, еліміздің жан-жағынан, тіпті, шетелдерден хабарласып, хал-жағдайымызды сұрап тұратын түлектеріміз көп. Соған өте қуанып қаламын. Ғылым кандидаты, докторы болғандар, басқа да лауазымды қызметтер атқарып жүргендері қаншама. Өзіміздің қасымызда да бірқатар түлектеріміз бірге еңбек етіп келе жатыр.
– Өзіміздің түлектеріміз дегеннен шығады, Зұлқарнай ағамыз бастап 2003 жылы оқуды тәмамдаған жас мамандардың бірқатарын университетке жұмысқа алып қалдыңыздар ғой. Солардың алды қазір әжептәуір ғылыми атағы барлар. Бұл да әлгі «төрт жыл оқыттық, бұдан әрі де қамқорлығымызда боласыңдар» деп жас ұстаздарға сенім артып, жол көрсеткендік емес пе?
– Жалпы, тәрбиенің басты құралы – өзіңе сеніп қана қоймай, қолдайтын адамның болуы екен. Мен өз басым осыны түсіндім де, көрдім де. Біздің әрбір ізденушіміз кандидатитық немесе докторлық диссертация қорғаған кезде үнемі қасында боламын, сол ғылыми кеңестің отырысына қатысамын. Өйткені, кезінде өзім Алматыда докторлық диссертация қорғаған кезде тәлімгерім Зұлқарнай Алдамжарұлы мен Гүлсара Шолпанбайқызы барып қатысты. Олардың қатысуы маған үлкен қолдау-жігер берді. Өзі тарихшы болса да, сөз алып, терең сөйледі. Ғылыми кеңесте отырғандардың барлығы физик-математиктер болса да, Зұлқарнай ағаның айтқаны өте терең мағыналы болды білем, ғалымдар бас шұлғысып отырып қалды. Сол себепті, өзім де өзімнен кейінгі ғалымдарымыздың қорғауына Мәскеу болсын, Алматы, басқа қалалар болсын, тікелей қатысамын, пікірімді айтамын. Бұл бір жағы ұстаз көргендік, екіншіден, қорғаушыларға үлкен қолдау. Сонда ғылыми кеңес мүшелері «сіз ректор басыңызбен қатардағы оқытушының қорғауына келіп қатысқаныңыз қалай» десіп таңғалатындары болады. Жоқ, мен әр қорғаушыдан ертең үлкен ғалым, ұстаз шығатынына сеніп келіп тұрмын. Өйткені, әрбір жоғары оқу орнында ғылым саласы дамуы керек. Ғалым болу өте қиын. Ал оларға демеу болуыңның өзі қайда жатыр! Қазір бізде қызмет ететін оқытушылардың 14-і ғылым докторы мен профессор, 42-сі ғылым кандидаты болса, 24 магистріміз бар. Бұл да ұстаз салған даңғыл жолдың басты жетістігі.
Зұлқарнай ағамыз өте көреген стратег тұлға еді. Менің қызметіме қалай көңіл бөлсе, қатардағы ұстаздардың, студенттердің аяқ алысына да бірдей қарайтын. Қолынан іс келетін адамды таныды. Ол кісі бізге ең алдымен ақылын, тәлімін үйретті, тәртіпті үйретті. Математикада не «бір» не «нөл». Айтқаныңды істеу керек екенін тәлімгерімнен үйрендім. Ағаммен бірге шетелдерде көп болдық. Сондағы көрген-түйгенін менімен бөлісіп отырады. Сосын «Қадырғали, мынаны былай істеу керек екен» дейді. Ол кісі еш уақыт біреуге жекіп, ұрсып көрген емес. Тек бір ауыз тапсырмасын береді, бітті. Менің құзырыма бүкіл университеттің қаржысын, шаруашылығын сеніп тапсырды. Оның есебін сұрап, мазалаған емес. Мұндай сенім артқаны үшін де ағамызға ризамын. Ол кісінің атағын түсірмеуге бар күшімізді салып келеміз. Өздеріңіз куә болып жүрген жылда өтетін «Алдамжар оқулары» ғылыми-практикалық конференция нағыз ғылым мен қоғам дамуын қатар ұстаған тұлғаға деген зор құрметіміз. Ал биыл университетіміздің құрылғанының 20 жылдығы атап өтілді.
– Қадырғали Қоныспайұлы, сіз ректорлықтан бөлек, облыстық мәслихат депутатысыз. Депутат болғанда да төртінші мәрте сайланып келесіз. Бұл да бір үлкен белес. Есімізде, сонау екі мыңыншы жылдың басында сіз сайлауға түсіп жатқанда, дәл осы КСК шағын ауданының келбеті адам шошырлық еді ғой. Мына зәулім ғимараттарды жөндеу басталды. Ол жарайды, университеттің өзі қолға алған жұмысы. Ал қалған аумақтарды абаттандыру, жол салу, басқа да әлеуметтік түйткілдерді ретке келтіруді билікке жеткізу депутат арласатын жұмыс емес пе. Осы жағынан қандай қиындықтарға тап болдыңыз?
– 15 жыл бұрынғы мына КСК ауданының көрінісі елдің есінде. Қаншама қаңыраған көп қабатты нысандар болды. Мына біздің университеттің бас ғимараты да жылу, жарықты айтпағанда, есік-терезесіз еді ғой. Болашақ оқу корпустары болатын мына сегіз қабат, жанымыздағы төрт қабат, қазіргі студенттер сарайы, жатақханаларды жөндеуді өз мойнымызға алсақ та, шағын ауданның жалпы көрігін келтіру қиынға соқты деуге болады.
Дәл алдымызда – саябаққа кіреберісте созылып жатқан базар болды. Маңайы қоқысқа толы. Жұмыссыз сенделіп, ішімдік ішкендер көп жүреді. 2004 жылы осы жаққа көшіп келгендегі ең алдымен қолға алынған шаруа – саябақ алдындағы базарды көшіру. Ол кезде қала әкімі Н.Садуақасов еді. Зұлқарнай аға қала басшысына осы жағдайды айтты. Бір жетінің ішінде сауда орындары жүз метрге дейін ығыстырылды. Бір әйел келіп, «біз жұмыссыз қаламыз, енді не істейміз» деді. «Онда бізге жұмысқа келіңіз» дедім. Ал енді 2014 жылы мұндағы саябақ көгалданданып, абаттандырылып, ретке келтіріліп әдемі кейіпке енді. Бірақ мұны жөнге келтіруді он жыл күттік.
Мына бұрынғы Герцен көшесі – қазіргі Қобыланды батыр даңғылы қалай еді? Бұл даңғыл да бірнеше жылда жөнделіп біткенін білесіздер. Алғашқы жылы тас жол көшенің бір бөлігін ғана қамтыды. Жыл бітті, ақша бітті. Содан бюджетті қабылдайтын сессияның алдында жиын өтеді. Мен сонда облыс әкімінің бірінші орынбасары Е.Аманның алдында келер жылға Герцен көшесіне неге қаражат бөлінбегені туралы мәселені алға тарттым. Е.Аман үнсіз қалды. Бір тәуліктен кейін осы мәселе қайта көтеріліп, көшенің келер жылға жөнделуі шешімін тапты.
Одан кейін Қайырбеков көшесіндегі 280 орындық балабақшаның салынуы да оңай болған жоқ. Бір күні сол аумақтың тұрғындары менімен кездескісі келетіні жайында хабар алдым. Қазіргі балабақша тұрған жерге барсам, жаңағы жердің бір топ бала көтерген әйелдері «маңай толы кезбелер, арақ ішеді, тыныштықты бұзады, бұл жерге мектепке дейінгі мекеме салуға ұсыныс көтеріңіз» деп өтініштерін білдірді. Ойлап қарасаңыз, тәуелсіздік алғалы қалада жаңадан балабақша салынбаған екен. Сондықтан бұл мәселені де кезекті жиында билікке жеткіздім. Әйтеуір айтқанымыз назардан тыс қалған жоқ. Қазір қараңыздар, қандай сәулетті, әдемі бөбекжай бой көтеріп отыр.
-Депутатқа ұсыныс-өтініш деген дүниелер үнемі айтыла береді ғой. Ал өз басыңыздан көмек сұрап келетіндер көп пе?
-Бұрын көп еді. Қазір елдің жағдайы да жақсарды, нарықтың ығына қарай түсінігі де өзгерді. Бірде қазақы алыс ауылдардың бірінен ақсақал келіп отыр екен. «Ертең ауылда тойға дайындалып отыр едік, мына жақта баламды ақша төлемедің деп оқуға жібермей жатыр деген соң келіп тұрмын. Көмегіңді бер» деді әлгі кісі. Сосын мен «Ақсақал, тойға қандай мал сойдыңыздар?» деп сұрадым. «Жылқы» деді». «Аға, неге сол жылқыны балаңның оқуына төлемедің? Тойға ақша табасыңдар, баланың оқуын төлеуге құлықсызсыңдар» дедім. Міне, көрдіңіз бе? Қуаныш деген жақсы ғой. Бірақ біз ұрпағымыздың болашағынан гөрі той жасап, мал-дүние шашудан әлі құтыла алмай келеміз.
Ақша дегеннен шығады, қазіргі студенттердің көбі оқумен қатар, қосымша табыс тапқанды жөн көреді. Мен оларға алдымен оқу керектігін, ал диплом алған соң жұмыстың ешқайда қашпайтынын үнемі айтумен келемін. Қазіргі шәкірттеріміздің көбі ауылдың балалары. Өте тамаша балалар келіп жатыр. Оларға жатақхана бар. Сабағыңа, емтиханыңа мейлінше дайындал. Студент студент сияқты оқу керек. Ол жоғары білім бе, орта арнаулы ма, маңызды емес. Қазір колледждің білімімен жақсы маман, я болмаса, тәуір бизнес дөңгелетіп кетіп жатқандар көп.
-Бизнес дегеннен шығады, қазір кәсіптің не бір алуан түрі бар. «Қалауын тапсаң қар жанады» дейді, бір іспен шұғылданып, одан әжептәуір жетістікке жететіндер немесе банкротқа ұшырап жататындар да баршылық. Сіз көп елдерді аралап жүрсіз. Жалпы, біздің мемлекетте бизнесті жүргізу механизмі, кәсіпті таңдау жағы қаншалықты дұрыс жолға қойылған?
– Бұған дейін талай айтылып келе жатқан әңгіме, тіпті, Елбасының өзі ұдайы қадағалап отырған сала – шағын бизнесті көтеру. Дамыған елдердегі экономиканың басты құраушысы да шағын бизнес саласы екені анық. Бізде әрбір отбасында өз бизнесі болуы керек. Мейлі ол жанұяның асырушылары қызмет ете берсін, бірақ материалдық жағынан көтеретін бір кәсіп түрі қалайда болған дұрыс. Ол киім, етік жөндеу шеберханасы, шаштараз, дөңгелек ауыстыратын орын ба, ұядай ғана дүкен бе, әйтеуір отбасына табыс әкелетін дәрежеде болу керек. Одан арланбау қажет. Біздің университетте мәселен, жиһаз, пластик шығаратын цехымыз бар. Ол қосымша табыс оқу процесіне еш қатысы жоқ, бөлек ғимаратта орналасқан. Міне, сондықтан шағын бизнесті бастау мен оны әрі қарай алып кетудің жолын білмей болмайды. Біздегі кейбір әп-әдемі басталған бизнес неге көпке бармай жабылып жатады? Себебі, алғашқы тапқанымызды қалтаға басамыз. Міне, ең үлкен қателік! Батыс елдері тапқан табыстарын үнемі кәсібінің әрі қарай дөңгелеп кетуіне салады. Егер кәсіптің іргетасы берік болмаса, ол құрдымға кетті деген сөз.
Менің өз ұлым Берік те қазір бизнес саласына ауысты. Мамандығы энергетик. Басында осындағы энергия компаниясына жұмысқа тұрды. Жалақысы жоғары болды. Бірақ екі айдан кейін маған келіп тұр «әке, мына жұмыс менің қолым емес» деп. Сосын өзі сирек кездесетін кәсіпті қолға алды. Бұл қарапайым тілмен айтсақ, көлікті жұқа пленкамен қаптау технологиясының дизайн студиясын ашып алды. Кез келген көлікті айнадай қылып жібереді әрі оны сызат түсуден қорғайды. Қызметі қымбат әрине. Тәуекелге барып, сол орынды ашуға қаншама қаражат салды, бірақ өзін ақтайтынына сенімді. Сондықтан табысы жоқ кәсіп деген болмайды, мәселе оны дұрыс басқарып, дұрыс жүргізе білгендігіңде.
-Қазіргі білім саласы болсын, бизнес болсын, екі тарапқа да тиімді – мемлекеттік-жекеменшік серіктестік деген бар. Осы жағы бізде кенжелеп тұр деген мәселе жиі көтеріледі.
-Расымен де мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бүгінгі таңда әжептәуір жоғары деңгейде болу керек еді, бірақ бұны әлі де болса кәсіпорындардың көбі қолға алуға құлық танытпай отыр. Егер кез келген серіктестік өзіне қажетті мамандық иесіне қаражат бөліп оқытатын болса, білім алушы ол кәсіпорынның сенімін қалайда ақтауға тырысады ғой? Дамыған елдерде МЖС 20 пайызға жеткен. Ал бізде бұл көрсеткіш қазір бір-ақ пайыз! Қазір мәселен, біздің университетте «Алюминстрой» металлургия компаниясы энергетик мамандарын оқытып беруге тапсырыс беруде. «Алтынсарин» ЖШС басшылығы да өздеріне қажет мамандарды ақша төлеп оқытып алды. Білім алушыға тегін оқыған керек. Біздің түлектер неге көбіне Ресейге оқуға кетіп жатыр? Себебі, онда білім беру негізінен бюджеттік оқуға бағытталған. Ал бізде ондай жағдай жасалмаған. Сол себепті, грантты әрбір кәсіпорын ұсыну керек. Қаражаттың жартысын мемлекет, қалғанын жұмыс беруші жақ төлесе, екі жаққа да тиімді болар еді.
-Биыл Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланғанына бір жыл толуына орай Елбасының қатысуымен өткен алқалы жиында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылып, жарық көрген алғашқы он сегіз оқулықтың тұсаукесері өтті. Осы оқулықтармен қамтылу мен оқыту жағы қалай жүргізіліп жатыр?
– Сол алғашқы 18 томдық көктемде біздің университетке де келіп түскен. 60 экземплярдан 1000 дана кітап алып отырмыз. Оларды барлық кафедраларға таратып бердік. Өзім де бір топтама 18 томдықты кабинетіме алып, танысып отырмын. Олар философия, әлеуметтану, психология, тіл білімі, экономика, менеджмент, дінтану, антропология, журналистика бағыттары бойынша аударылған оқу құралдары. Бұл біздің шәкірттеріміздің ана тілімізде сауатты, жан-жақты білім алуына зор септігін тигізуде. Ал ана тілімізде математика, физика, информатика, химия, биология пәнінің оқулықтары тапшы. Ендігі жерде біздің оқу орнымыз қазақ тілінде жарық көретін жаратылыстану, техникалық бағыттағы оқулықтарды асыға күтіп отырмыз. Айтпақшы, біздің өзіміздің университетіміздің техника саласының оқытушылары робот техникасының қазақ, ағылшын тіліндегі оқулығын жазуда. Бұл мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылып отырған жоба. Соның рецензиясын күтіп отырмыз.
Осы орайда пәнге қатысты тағы бір мәселе бар. Қазір логика пәні оқу бағдарламасынан алынып қалды. Кеңес үкіметі кезінде философияның бір бөлшегі саналған осы пәнге ерекше мән берілді. Әр нәрсенің қисынын білмей, мамандықты толық игеру мүмкін емес. Айталық, қарапайым розетканы жалғап-айырар кезде электр тогына түсіп қалмайтындай, бастапқы қуат шығатын көзін іздейсің. Оның схемасын білуің керек.
– Сөз соңында айтар ойыңыз болса.
-Мен шалғайдағы Қамысты елінің Жайылма ауылынанмын. Әкем соғысқа кеткенде, шешем өзі мен інісінің балаларына талғажау болсын деп қоймадағы бидайды бір уыстан орамалының арасына түйіп әкеліп жүрген ғой. Өзім соғыстан кейін дүниеге келсем де, осындай қиындықты көп көрген, еңбекқор үлкендердің мейірімін көріп өскен ұрпақпыз. Ал Жайылмадан бір адам топ жарып шығыпты, еңбегі еленіп жатыр екен десе, қуанып отырамын. Ұлым жайында жоғарыда айттым. Ал жұбайым Жаңылған Айтжанқызы да өзім секілді бір қызметте – өмір бойы қаладағы №7 мектепте бастауыш сынып мұғалімі. Сол себепті мен өмірде өзімді бақытты адаммын деп санаймын.
Ал студент жастарға, болашақ маман иелеріне айтарым, өздеріңіз дұрыс білім алған ұстаздың тәлімін келешек шәкірттерңіңзге үйретуден жалықпаңыздар деймін.
-Әңгімеңізге рахмет! Мерейтойыңыз құтты болсын!
Қыдырбек ҚИСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ