222 пәтер тікелей сатылады
Тұрғын үй жинақ банкі «Аэропорт» ықшамауданындағы жаңа пәтерлерді тікелей сатылымға шығара бастады. Мұндағы үйлер «Нұрлы жер» және «Өз үйім» бағдарламалары бойынша салынған. Банк басшылығы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бірге бірнеше жаңа үйді аралап, журналистерге жаңа сатылым жүйесінің тиімді тұстарын түсіндірді. Мұндағы тұрғын үй кешеніндегі 1-2-3 бөлмелі пәтерлердің әр шаршы метрі 148 677 теңгеден басталып, 154 280 теңгеге жетіп жығылады. Банк бос пәтерлерді алғысы келетін кез-келген тұрғынға жылдық мөлшерлемесі 5-7% болатын несие беруге дайын. Бұл несиеге қол жеткізгісі келген адам әуелі аталған банкте жеке шот ашып, үй құнының 20%-іне жететін алғашқы жарна қаражатын салуы шарт. Депозит тегін ашылады. – Біз өз салымшыларымызға нарқытан төмен бағамен тұрғын үй ұсынамыз. Бұл пәтерлерді облыстың кез-келген тұрғыны сатып ала алады. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша үміткердің атына тіркелген үй болмауы тиіс. Ал біз ұсынып отырған жаңа жобаға басында баспанасы бар тұрғындар да қатыса алады. Әр клиентке берілген несиенің жылдық мөлшерлемесін 7-5%-тен 3,8%-ке дейін төмендетуді көздеп отырмыз. Мысалы, мұндағы бір бөлмелі пәтер 5 млн. 900 мың теңге тұрады. Оны сатып алу үшін үміткердің шотында 1 млн 180 мың теңге болуы керек. Банк 19 жылға дейін несие береді. Оның алғашқы 8 жылы ішінде несие төлемі 49 756 теңге болса, одан кейін төлем азайып, 27 379 мың теңгеге дейін түседі, – дейді Тұрғын үй жинақ банкі облыстық филиалының директоры Дәурен Саудабаев.
Мұның сыртында, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Юбилейный» ықшамауданында бой көтерген көп қабатты кірпіш үйдің 40 пәтері тікелей сатылымға шығарылды. Мұндағы толық әрлеуден өткен пәтерлердің әр шаршы метрі 140 мың теңгеге саудаланады. Бұл пәтерлерге соңғы 5 жыл ішінде басында баспанасы жоқ, облыс орталығында тұрақты тіркеуде тұрған үміттілер ғана қол жеткізе алады. Тікелей сатылымға қатысу үшін олар «Baspana.kz» жылжымайтын мүлік порталына өтініш беруі тиіс.