«Әр әнім – жүрегімнің лүпілі»
Осындай атаумен Арқалықтағы облыстық "Дала өлкесі тарихы" музейінде даңқты жерлесіміз, композитор Болат Хамзиннің 80 жылдығына орай еске алу кеші өтті.
Тағылымды кештің құрметті қонақтары Арқалық қазақ жасөспірімдер театрының актрисалары, ҚР Мәдениет қайраткері Рая Байкөбен, Ұлжалғас Сейдахметова және қалалық Мәдениет сарайының ауылдық клубтар бөлімінің меңгерушісі, әнші Айбол Оңдаған естеліктерімен бөлісіп, дауылпаз өнер иесінің "Ұялмашы, қалқатай", "Орамал", "Торғай қызы" сынды әндерін нәшіне келтіре шырқап берді.
Экран арқылы марқұмның қызы Ләззат Хамзина мен жұбайы Күнзипа Бәйтікованың бейнебаяндары тыңдалды.
Болат Хамзин Жанкелдин ауданының тумасы. Кішкентайынан домбыра тартып, елге таныла бастайды. Торғайдағы Ы. Алтынсарин атындағы қазақ – орыс мектебінде оқыған. Алматыдағы Құрманғазы атындағы қазақ – ұлттық консерваториясынан кәсіби жоғары білім алғасын туған топырағына оралып, өзінің оқыған мектебінде музыка пәнінен сабақ береді. Атақты Ахмет Жұбанов, Фуат Мансұров, Хабидолла Тастанов, Нұрғиса Тілендиев тәрізді өнер корифейлерін тамсандырып оң бағасын алған. Аудандағы Н. Ахметбеков атындағы халық театрында еңбек етеді. Торғайдағы аты әйгілі «Ғасырлар пернесі» ансамбілінің негізін қалаушы.
Небары 52 жыл ғұмыр кешіп, артына сарқылмас мұра қалдырған тума талант иесіне деген сый – құрмет ешқашан үзілмек емес.
Мұрат Жүнісұлы