Қомақты қаржы қайда жұмсалмақ?
Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет жиын өткізді
Қостанай қаласында ҚР Парламент Мәжілісі Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің жиыны өтті. Облыстық филармониядағы басқосуға Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, ҚР Парламенті мәжілісінің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Сапархан Омаров, ауыл шаруашылығы вице-министрі Берік Бейсенғалиев және елдің басқа облыстарынан өкілдер қатысты.
Күн тәртібінде Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының орындалуы барысындағы кем-кетігі мен артықшылығы талқыланды. Сапархан Омаров айтқандай, «Агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасының мәжіліске ұсынылғанына бір жыл болды.
– Агроөнеркәсіптік кешенінің негізгі салалары технологиялық ерекшеліктерімен, өндірілген өнімнің түрі және мәнімен ғана емес, сонымен бірге нарықтық параметлерімен де айқындалады. Бүгінде ауыл шаруашылығында АӨК реттеу туралы бір ғана заң бар. Былтыр ауыл шаруашылығы министрлігі ҚР Парламенті Мәжілісіне аталған заңға өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жасады. Жұмысшы топтар құрылып, заң барынша сараланды. Барлығы 600 өзгеріс депутаттардың қарауына берілді, – деді Сапархан Омаров.
ҚР Парламент Мәжілісі Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеті жұмыс тобының жетекшісі Мұрат Теміржановтің сөзінше, заңнамадағы өзгерістерді іске асыру үшін республикалық бюджеттен 11,8 млрд теңге қажет.
АӨК реттеу туралы заңдағы соңғы өзгерістер, бірінші кезекте, заманауи технологияларды енгізуге және ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуды, сондай-ақ мал шаруашылығында тұқымдық қайта түрлендіруге бағыттауды қарастырады. Сонымен қатар, АӨК субъектілерін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, инвестициялық субсидиялау көлемін ұлғайту, айналымдық және инвестициялық мақсаттар үшін банк несиелерінің қолжетімділігін кеңейту және арзандату бағыттары бар.
Тұжырымдамалық өзгерістер біріншіден, фитосанитариялық және ветеринариялық қауіпсіздікке бағытталғанына тоқталды. Осы ретте жыл сайын (2014-2016 жылдар) өңдеулерді жүргізуге 2,2 млрд теңге бюджет қаражаты бөлінеді. Соның ішінде пестицидтерді сатып алуға 0,7 млрд, ал қалған 1,5 млрд. теңгеcі (65%) сатып алынған пестицидтерді сақтау, тасымалдау және қолдану бойынша қызметтерді сатып алуға кетеді. Бұл тәсіл бюджет қаражатын тиімсіз қолданады және барлық залалданған алаңды фитосанитариялық шаралармен толықтай қамтуды қамтамасыз етпейді. Осыған байланысты, Заң жобасымен бюджет қаражаты есебінен өсімдіктерді қорғау және карантині бойынша шараларды толықтай қаржыландырудан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің фитосанитариялық шараларды жүргізу үшін пестицидтерді сатып алуға кететін шығындарын арзандатуға өту қарастырылған. Сонымен қатар, карантиндік объектілердің жаңа түрлерінің таралуын және карантиндік фитосанитариялық талаптар бұзушылықтарын болдырмау мақсатында, Заң жобасымен шұғыл және уақытша карантиндік фитосанитариялық шараларды енгізу қарастырылған. Бұл шұғыл шаралар Қазақстан Республикасы аумағында жаңадан немесе қайта анықталған карантиндік объектілердің ошақтарын тез оқшаулау мен жоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Заң жобасымен Одақтың кедендік шекаралары арқылы тауарлардың орнын ауыстыру кезінде бақылау бекеттерінде ғана емес, рұқсат етілмеген тауарларды әкелу және әкетуді болдырмауға мүмкіндік беретін заңнамамен айқындалған өзге де жерлерде ветеринариялық және карантиндік бақылау бойынша нормалар қарастырылған.
Екіншіден, әкімшілік кедергілерді жою бір жолға қойылмақ. Қолайлы бизнес ортаны құру мақсатында заң жобасымен «Астық туралы» Заңға АҚК-ға жоғарыда көрсетілген қызмет түрлерімен айналысу құқығын беретін өзгертулер енгізіледі. Мысалы, кірме жолдарды өзге субъектілерге беру қызметін көрсету «Атамекен Астық» ЖШС АҚК-ға жылына 5 млн. теңгеге дейін табыс әкелуі мүмкін, бұл ретте көрсетілген қаражат кірме жолдарды ұстауға пайдаланылатын болады және тиісінше АҚК тарифтеріне әсерін тигізбейді.
Су заңнамасы саласында да өзгерістер болады. Қазіргі таңда республикада қолданыста 1665 гидротехникалық құрылыстар бар. Олардың көбінің пайдалану мерзімі 25 жылдан асады (97 %). Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, олар, жай-күйіне, беріктігіне, орнылықтылығына және пайдалану сенімділігіне қарамастан көпфакторлы зерттеп-қарауға жатады. Бірақ, осы іс-шараларды жүргізуге арналған Бірыңғай әдістеме жоқ. Заң жобасымен ұсынылып отырған өзгерістер мен іс-шаралар су шаруашылығы инфроқұрылымының қазіргі техникалық жай-күйін бағалауға, олардың қалдық ресурсын анықтауға мүмкіндік береді.
Балық және балық өнімін есепке алу және мониторингілеу жүйесін жетілдіру – заңнамадағы басты бағыттардың бірі. Қазіргі кезде балық және басқа да су жануарларын қадағалау бойынша құқықтық механизмдер жоқ. Олар балық және балық өнімдерінің заңсыз айналымының алдын алады. Сонымен қатар, балықты лимитінен аса аулау және браконьерлік фактілері орын алуда. Ол балық ресурстарының қорын азаюына алып келеді. Жыл сайын белгіленген лимиттен асыра аулау байқалады. Ол экспорттың көлемімен анықталған және оның салдарынан алынбаған салық және бюджетке жиналмауға алып келеді. Кездесу барысында депутаттар агроөнеркәсіпті реттеу туралы мәселелер көтерді. Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің жұмыс тобы шеңберінде депутаттар тарапынан ұсынылған ұсыныстар мен ескертулер назарға алынатын болады. Заң жобаларының таныстырылымына Парламент Мәжілісінің депутаттары, орталық атқарушы органдар мен квазимемлекеттік сектор, саяси партиялар және бизнес ортаның өкілдері қатысты.
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков