Жаңа ескерткіш орнатылды
Қарабалық батыр ескерткішінің ашылу рәсімімен басталды. Нысан аудан орталығының кіреберісінен орын тепкен. Асқақ та айбарлы баһадүр мүсіні өңірдің тамырлы тарихын әспеттеп, тағылым мен рух сыйлап тұрғандай. Бұл еңселі ескерткіштің бой түзеуіне ақсақалдар алқасы бастамашы болып, жергілікті билік қолдау көрсеткен. Қалталы, қайырымды азаматтардың да қосқан үлесі зор.Айта кету керек, бұл – қалпының нашарлығына байланысты өткен жолы құлатылған ескерткіштің орнына орнатылған қола мүсін. Бұрынғысынан әлдеқайда сапалы әрі сәнді, анағұрлым биіктігі де көзге ұрады. Арнайы тапсырыспен Алматы қаласында жасалды. Ашылу салтанатында елдің игі-жақсылары мен қазынакеуде қариялары батыр жайында деректі әңгімелер қозғады, атқамінерлер мұның аудан тарихындағы маңызды оқиға екенін сөз етті."Ауданның тарихи жолы үшін 90 жыл аз уақыт емес, әрине. Осы күнге дейін бұл мекен әлеуметтік, экономикалық, мәдени тұрғыда қарыштап дамып, оң өзгерістерді бастан өткерді. Әртүрлі ұлт өкілдерінің біртұтас болып ұйысуына ортақ тағдыр мен оқиғалар себепші болып келеді. Соның бірі, мінекей, 90 жылдық қарсаңында орнатылған батыр ескерткіші. Әрдайым осындай ізгі шараларда басымыз қосыла бергей", — деді өз құттықтауында аудан әкімі Нұржан Өтегенов.
"Қарабалық батыр атындағы қордың барын естідік. Олар біздің пікірді қолдап, қомақты қаржы бөлуге келісім берді. Мақсатымызды мақұлдай кеткен аудан басшылығына да алғыс айтамыз. Ескерткіш айналасының абаттануы осы жергілікті биліктің ықпалының арқасы. Кім не десе, о десін – Қарабалықтың батыр бабамыз екенін мақтан тұтамыз", — деп ақжарма лебізін білдірді аудан тұрғыны Ердәулет Ыбыраев.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.