Такси тізгінінде
Он төрт сағат көлік тізгінінде. Таксиші Светлана Харесованың күнделікті жұмыс режимі осындай. Таңғы жетіде рөлге отырып, тұлпарын түнгі сағат 11 кезінде бір-ақ қаңтарады. Аптаның жеті күнінде де осы режим.
Светлана Байекеқызы Сарыкөл ауданының тумасы. Негізгі мамандығы – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогика институтында оқыған. Білім алған қалада жұбайын жолықтырып, сонда көп жыл тұрақтап қалды. Торғай облысының комсомол ұйымында, педучилищеде, Абай Құнанбаев атындағы №6 орта мектепте де біраз еңбек етті. Мұғалімдік қызметте қабілетімен көзге түсіп, оқу ісінің меңгерушісі болып та жұмыс істеген. «Күйеуімнің жұмыс бабымен тоқсаныншы жылдары Қостанайға көшіп келдік. Ол органда қызмет істеген. Подполковник шенімен зейнетке шықты. Мен автокөлік колледжінде сабақ бердім. 1994 жылы елде дағдарыс болып жатқан. Сол кезде кәсіппен айналысуға бекініп, дүкен аштым. Бизнесім жаман жүрген жоқ. Бірақ дүкенді төрт жыл бұрын сатып жібердім, оған себеп – кіші қызым Будапештке оқуға түсті. Баланың бетінен қақпадық. Оқуының шығынын көтеру керек деп шештік. Сөйтіп, таксиге отырдым. Қызым кинорежиссер маманы болып, осы жазда елге оралады», – деп күлімсірейді кейіпкеріміз. Сағынған қызымен қауышар күн мерейтойына ұласқалы тұр. Таксиші апай биыл алпысқа толады. Зейнетке шығады. Соған дейін тынымсыз, демалыссыз жұмыс істегісі келеді. Алғаш тізгіндеген көлігі әлі есінде. ВАЗ 2109 еді. Қазіргі тұлпары – «Форд». «Көлігімді ауыстыруды ойлап жүрмін. Біраз міндім ғой, бірақ жолда қалдырған емес», – дейді ол.
Таксишінің жұмысы қызық әрі қауіпті. Әртүрлі адам кездеседі, кімнің қандай пиғылмен жүргенін білу қиын. Басынан өткерген жағдайды айтып, сырласқысы келетіндер де бар. Күн сайын жиырмадан астам жолаушыны айтқан жеріне апарады. Қала ішінде ғана емес, Заречный, Мичурин сияқты жақын елді мекендерге де қатынайды. Жұма, сенбі күндері тапсырыс көп түседі. Тұрақты клиенттері бар, солар да хабарласып жатады. «Ешкімді ренжітпей, көрсеткен мекенжайына жеткіземін. Жол қысқарсын деп, жолау шыны әңгімеге тартамын. Қызық жайттар жиі болып тұрады. Бірде бір жігіт салонда әмиянын түсіріп алыпты. Іші толған ақша. Диспетчерге хабарласып, тапсырыс берушіні телефон нөмірі арқылы тауып алдым. Ақшасының бір тиынына тиіспей қайтарып бердім. Ол маған «бұл қалай?» дегендей таңғалып, алғысын жаудырды. Ақшаны бәріміз жоғалтуымыз мүмкін, оны қайтаруға болады. Ал адами қасиетің жоғалса, оны кім қайтарады?», – дейді таксиші апай. Алда – Халықаралық әйелдер күні. «Сіздің үйде 8 наурыз қалай тойланады?», – деп сұрадық әңгіме ауанын мерекеге қарай бұрып. Жауап: «Үйде үш арумыз. Екі қызым бар. Жұбайым таңертең тұра салысымен бізге гүл сыйлайды. Сыйлығы дайын тұрады. Мерекелік дастарқан жайып, отбасымызбен атап өтеміз». Такси тізгіндеген ханшайымның пікірінше, шаңырақта бақыт пен берекенің тұрақтауына тікелей жауапты – әйел адам. Олар қиындықты да, баршылықты да көтере білуі керек деп санайды. «Ажырасып жатқан жастарды көргенде жүрегім ау ы рады. Сондай қадамға баруды ойлап жүргендер болса, отбасын сақтап қалуға ақылкеңесімді айтамын. Себебі мен жай ғана таксиші емес, педагогпын ғой», – дейді ол. Кейіпкеріміздің бар болмысын осы бір-ақ сөзі аңғартып тұрғандай.